Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 15 Тамыз 2024

Патерналистік көңіл күйді жоюдың жолы – жұмыссыздықты азайту

патерналистік көңіл-күй
Фото: из открытых источников

Елдегі патерналистік көңіл күйді жойып, масылдықтан арылудың алғышарты – жұмыссыздықты азайту. Себебі масылдық – мемлекеттілік пен әлеуметтік институттарды күйретуші құбылыс.

 Жасыратыны жоқ, қазіргі нарық заманында денсаулығы жақсы, еңбекке қабілетті адамдардың саналы түрде өзінің күшін, мүмкіндігін пайдаланбай, өзге адамның немесе тұтастай қоғамның есебінен өмір сүруге ұмтылуы жиі кездесетін жағдай. Мысалы, әлеуметтік масылдықтың бір көрінісі – қайыршылық. Кейбір деректерде күллі жер шарында жүз миллионға жуық қайыршы бары айтылады. Десек те, әлеуметтік масылдық тек қайыршылықпен көрінбесе керек. Қоғамымызда аяқ-қолы сау бола тұра мемлекеттен көмек алу үшін өзіне жұмысқа жарамсыз деген анықтама алып, ай сайын мемлекеттен ақша алатындар да бар. Осындай құбылыстың да себебі, қоғамымызда қалыптасқан жемқорлықпен тығыз байланысты. Барлығы өз жұмысын адал атқарса, шынымен мұқтаж жандар мемлекет көмегіне ілініп, ақ пен қараның жігі көрінетін еді. Сый беріп мұқтаж жандар тізіміне іліккендер нағыз әлеуметтік масылдықтың мысалы бола алады. Бұл жайында психолог Лиза Досанова ой өрбітті.

«Соңғы кездері қоғамдағы патерналистік көңіл күй, тәуелділік, әлеуметтік масылдық туралы және олардың алдын алу шараларын жоғары мінберлерде айтып, билік басындағылар бұл туралы жиі сөз қозғалып жүргені бекер емес. Патернализм – жаһандық проблема. Мемлекетке «балаларына» қамқорлық жасауы тиіс «әке» ретіндегі көзқарас тек қазақстандық қоғам үшін ғана емес, бұл тіпті нарықтық экономикасы дамыған елде де, әсіресе дағдарыстан кейінгі кезеңде де кезігеді. Әрине, қоғамда қолдауды қажет ететін мұқтаж адамдар тобы да бар. Олар шындығында, өмірдің қиын жағдайларына тап болып мүмкіндігі шектелгендер, қарттар, кедейлік шегінен төмен отбасылар. Оларға қолдау көрсету мемлекеттің басты міндеті. Бүгінде түрлі бағдарламалар әзірленіп жатыр. Тек материалдық қолдау ғана емес, одан бөлек, қоғамға интеграциялану, оқу, өз бетімен ақша табу, қоғамдық өмірге толық қатысу мүмкіндігін арттыру. Бірақ бұдан бөлек, аяқ-қолы сау бола тұра, үкіметке «қол жайып» отырғандар да аз емес. Бұның себебі – аярлықты аңсайтын «жәбірлік» сананың әсері болса керек», – дейді психолог.

Қоғамда оқу орындарын бітіріп алып, қайда барарын білмейтін жастардың артуы да әлеуметтік масылдыққа алып келеді. Олардың дамуына лайық құқықты жүзеге асыру үшін баршаға бірдей алғашқы қадам жасауға жағдай туғызу – мемлекеттің фундаменталды міндеті. Еліміз кедейлікті, әділетсіздікті түбірімен жоюға, ресурстарды әділ бөлуге, мүмкіндіктер мен құқықтарды жүзеге асыруға, әділ сот төрелігіне теңдей қол жеткізуге, тек қана шын мәнінде мұқтаж жандарға қолайлы жағдай жасауға міндетті. Осы орайда соңғы жылдары жастар арасындағы жұмыссыздықпен күрес шаралары қолға алынып, қажетті мекемелер білек сыбана кірісіп жатыр. Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен өңірлердегі тұрғындарды жұмысқа орналастырып, кәсіп ашуына жәрдем беру мақсатында әртүрлі мекемелер мен қоғамдық ұйымдар қызмет етеді. Мысалы, Түркістан облысы жұмыссыз жастардың санын азайту бағытында жұмысты күшейтіп жатыр. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаевтың мәлімдеуінше, облыстағы 14-35 жас аралығындағы жастар саны 663 мыңнан асып, халық санының 30 пайызын құрайды екен.

«Түркістан облысында 14-35 жас аралығындағы жастар саны 663 мыңнан асып, халық санының 30 пайызын құрайды. Облыстағы жұмыссыз және мен NEET санатындағы жастардың үлесін азайту мақсатында 12 мемлекеттік бағдарлама аясында 40 863 жасты тарту жоспарланған болатын. Жастарды аталған мемлекеттік бағдарламалармен қамту және ақпараттандыру мақсатында аудан, қалалық жастар ресурстық орталықтары насихаттау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, 6 айда 10 008 жас тартылды. Қазіргі таңда, орталықтарда мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында 169 918 жасқа кеңес берілді. «Серпін» бағдарламасы бойынша жұмыстарды күшейту мақсатында жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері солтүстіктегі жоғары оқу орындарына арнайы іссапармен барып, бірқатар ынтымақтастық меморандумдарға қол қойды. Биыл «Серпін –2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасын насихаттау мақсатында 6 университеттің өкілдері келіп, аудандарда мектеп бітіруші түлектермен кездесу өткізді. Одан бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға арналған ұлттық жобасы аясында жастарға арналған жеңілдетілген шағын 2,5% көлеміндегі несиені 621 жасқа беру жоспарланып отыр. Биыл кәсіптік білім алуға ниетті бітіруші түлектерге мемлекет тарапынан орта арнаулы оқу орындарына 15 500 грант бөлінген болатын. Грантты игеру мақсатында білім басқармасымен меморандумға отырып, облыстық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған мобильді топ 17 аудан, қаланы аралап, мемлекеттік грантты насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ осы жылы мемлекеттік жастар саясатын жүргізу мақсатында түрлі бағыттар бойынша жалпы 12 іс-шара жоспарланған», – деді.

Сонымен қатар қазіргі таңда Түркістан облысының аудан-ауылдарында «Жастарға бағыт» жобасы аясында бос жұмыс орындары бойынша жәрмеңкелер мен іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Жәрмеңке аясында облыстағы бос жұмыс орындарына жас мамандарды шақырып, жұмыссыз жастарды кәсіппен қамтамасыз ету көзделуде.

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Түркістан облысы