Патриотизм жалған жалаулату емес...
ҚР мәдениет және спорт министрлігі ағымдағы жылдың бюджеттік бағдарламасында аталмыш шаруаға 39,8 млн теңге бөлінгенін көрсеткен
Eлімізде жыл сайын патриотизмді нығайту, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. ҚР мәдениет және спорт министрлігі ағымдағы жылдың бюджеттік бағдарламасында аталмыш шаруаға 39,8 млн теңге бөлінгенін көрсеткен. Бұл өткен жылдардағы шығын есебінен 21,6%-ға артық көрсеткіш.
Басқарма мәлімдеуінше, шығындар халықтың патриоттық санасын қалыптастыру және елдің стратегиялық құжаттарын түсіндіру жөніндегі іс-шараларды өткізуге бағытталатын болады. Жыл басынан бері облыс бойынша аудандық, республикалық және халықаралық деңгейдегі 16753 іс-шаралар өткізілген. Солардың ішінде Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығы, Әміре Жамбыл Жабаевтың 177 жылдығы, Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығы және Қазақстанның халық артисі, композитор Әсет Бейсеуовтің 85 жылдығына арналған тағылымды кештерді атап айтуға болады. Ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында 9 аудан мен 1 қалада ашылған «Жыршы-термешілер» мектебі және ақындар орталығы мен тарихы терең Алматы облысының көне жәдігерлерін жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған экскурсия, танымдық сағаттар мен дәрістер де осы есепке кіреді.
Жалпы кез келген елдің тұғырының берік, бақытының баянды болуы халқының бірлігімен, олардың отанына деген махаббатымен өлшенеді. Патриотизм, ең алдымен әр азаматтың жүрегінде «менің елім» дейтін айбынды ұранды ойнатып, сол арқылы мемлекет алдындағы өз міндетін жете түсінуге, атқаруға шақырады. Жалпыға ортақ құндылық, тарих пен мәдениет қоғамды ұйыстырып ұстайтын маңызды элемент болса, отансүйгіштік те мемлекет тұтастығының кепілі. Олжас Сүлейменовтің «Діндердің ішіндегі ең қолжетімдісі – патриотизм» деуі де содан болса керек.
Қазіргі самсаған тосын түсініктер мен дүмше дүниетанымдардың, жат мәдениеттердің кекіредей кең етек жайған жаһандану кезеңінде әсіресе Қазақстан сияқты әртүрлі ұлттар мен конфессия өкілдерінен тұратын жас мемлекетке өз тұтастығы үшін әр азаматтың жеке құқығын сақтай отыра ортақ құндылықты насихаттай білу маңызды. Осы ретте мемлекеттік рәміздер сол рухани құндылықтардың жанданған кейпі, материалдық бейнесі іспетті әр азаматтың қастерлі дүниесіне айналуы керек. Бірақ бұл мемлекеттің міндеті ме? Әлдекімнің жүрегіндегі еліне деген сүйіспеншілікті өзге біреу орнатып бере ала ма?
Балабек Кеніштайұлы
Психолог
–Алдымен мынаған тоқталайық, біздің мемлекет деп отырғанымыздың өзі- халық. Мемлекеттің құрастырушысы да, тұрғызушысы да, қорғаушысы да сол. Ал патриотизм әр адамның азамат ретінде еліне, жеріне, отанына, аға-бауырына деген құрметі, сүйіспеншілігі. Сол үшін әрине халықтың тұтастығын сақтап тұру мақсатында республикалық, облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде әртүрлі іс-шаралар атқарып, әсіресе өскелең ұрпаққа ел мен жерді қастерлеуді, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауды, азаматтарды сыйлауды үйрету мемлекеттің мойнындағы маңызды міндет. Жалпы отанды қорғау ғана емес, қоршаған ортаңды таза ұстау, қоқыс тастамау деген сияқты қарапайым дүниелердің өзінен патриотизм көрініс тауып отырады. Осы себепті әсіресе балаларға мектептен бастап осыны үйретуіміз керек.
Еркін Ноғайбаев
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының аға оқытушысы
–Патриоттық сезімді тәрбиелеу маңызды мәселе, сол мақсатта мемелекеттік болмаса жергілікті деңгейде жүргізіліп жатқан көп іс-шаралар оң нәтиже беріп жатыр деп, әрине, айта аламыз. Бірақ елімізде кең тараған сыбайлас-жемқорлық сияқты, тағы басқа орын алған әлеуметтік мәселелер көп адамдардың, әсіресе жастардың жүйкесін тоздыратыны да анық. Сол себептен көп жағдайда патриоттық тәрбие, отанымызға елімізге мақтаныш пен сүйспеншілік тудыратын фактор ретінде мемлекттік қызметтегі болсын, кез келген басқа салада еңбек етететін адам болсын, тіпті әр-қайсымыз күнделікті тіршілік өмірімізде адал, басқаларға зиян келтірмейтін, көпшілікке пайдамызды тигізетін өмір салтын ұстанатын болсақ әлдеқайда тиімдірек нәтиже болар еді деп айтар едім.
–Ал бұл тобыр санасын манипуляциялау құралы емес пе?
Әрине, патриотизмді идеолгиялық құрал деп қарастырсақ дәл солай қабылдауға болады. Мысалы, экстремисттік, немесе радикалдық ұлтшылдыққа бағытталған үгіт-насихат патриотизмді ең бірінші орынға қойып, адамзат тарихында орын алған түрлі жанжалға әкеліп соққанын білеміз.
Бірақ патриотизмнің әр түрлі формалары кездеседі және бұл көп мағыналы ұғым екенін айтумыз керек. Тіпті қазіргі кездегі немесе тарихта орын алған саяси жағдайдың контекстінде, сондай-ақ оны қолданатын авторлардың идеологиялық ұстанымдарын ескере отырып, патриотизмді ең жоғары құндылық ретінде де, керісінше ұлтаралық жанжалдар мен әлеуметтік шиеленістің көзі ретінде де түсінуге болады.
–Макиавелли елді сүю– ортақ игілік үшін бас пайдасын, тіпті өз өмірін құрбан етуге дайын болу дейді. Яғни отанға деген сүйіспеншілік адамдарға өздерінің жеке мүдделерін ортақ игіліктің бір бөлігі ретінде қарастыруға, сол арқылы жемқорлық пен озбырлыққа қарсы тұруға мүмкіндік береді. Оның ұғымында елге деген сүйіспеншілікте оның әскери әлеуеті мен мәдени үстемдігінен туған мақтаныштың үлесі болғанмен, оның негізгі өзегі елдің саяси институттары мен өмір салтында жатыр.
Ал Жан-Жак Руссоның пікірі Макиавеллидің классикалық республикалық тұжырымынан өзгеше. Ол отансүйгіштікті насихаттауда ұлттық мәдениеттің құндырақ екенін жеткізеді. Себебі азаматтардың отанына деген саяси адалдығын осы ұлттық мәдениет қалыптастырады. Сіз қалай ойлайсыз, патриотизмнің өзегі неде?
Еркін Ноғайбаев:–Меніңше, патриотизмді жалған құндылықтардың қатарынан шығарып, тек конструктивті бағытта азаматтық қоғам құндылықтарымен сәйкес қолдану керек. Нақтырақ айтсақ, еліміздің өркениетті халық боп дамыуына үлес қосуды әр азамат өзін жауапты екенін түсінуі, сезінуі шарт. Басқа жағдайда патриотизм идеологиялық қаруға айналып, азаматтардың миын уландыру сияқты, санасына кері әсер етіп шынайы мақсаттарға жету бағытынан адастырады.
–Дж.Б. Циммерман адамның өз отанын тек туып өскен жері, өз үйі болғаны үшін ғана жақсы көруі- есектің өз қорасына деген сүйіспеншілігінен артық емес дейді. Сонда отанды не үшін жақсы көру керек? Сен өзіңді патриотпын деп санайсың ба?
Ролан Біржан
Студент
–Иә мен өз елімнің патриотымын деп айта аламын. Және сол тұрғыда айтылған пікірді құптаған да болар едім. Себебі отаныңды жай ғана сенікі болғаны үшін жақсы көру көбірек лажсыздыққа ұқсайды. Қазір біздердер өмір сүретін ортамызды еркін таңдауға құқылымыз. Демек бізді ұстап тұрған басқа бір дүние бар. Ол– рухани құндылықтар. Демек патриотизмнің өзегі де осы құндылықтарда болса керек.
Патриотизм мен национализм
Стефен Натансон патриотизм ұғымына азаматтың өз еліне деген сүйіспеншілігі, жеке идентификациясы, ел келешегіне алаңмен қарау және сол елдің игілігі үшін құрбан болуға дайын болуы деп анықтама берген. Бірақ ол айтқан осы киелі ұғымды Сэмюэл Джонсон "Патриот" эссесінде "қаскүнемнің соңғы панасы"деп атайды. Ал Бернард Шоу: «Патриотизмді жоймайынша әлемде бейбітшілік орнамайды»-деген.
Осыған байланысты кейбіреулер патриотизмді топтық эгоизмнің бір түрі, жалпыға бірдей әділеттілік пен жалпыадамзаттық ынтымақтастық талаптарына қайшы келетін моральдық ерік береді деп санайды. Яғни өз еліне деген сүйіспеншілік басқа елдерге деген дұшпандыққа ұласады. Толстой мен Катебтің патриотизмге моральдық қарсылықтары да осы ұстанымға сай болса керек. Бұл тұста саңғал сана мен сақ көңілге патриотизм мен жеке басқа табынушылық, национализм сияқты тамырлас ұғымдардың арасындағы нәзік шекара аңғарылады. Бұлардың парқын білмеуден осы бір ұлы күш арам пиғылдар жолындағы жойқын қаруға айналуы мүмкін. Бұған тарихи дәйек те жетерлік.
Қосқанат Бауыржанұлы