Павлодарда өгей әкесінен жүкті болған оқушының оқиғасына қатысты не белгілі?

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Павлодар облысында негізсіз жауапқа тартылған мұғалімдерге түсінік берді, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Бұл жағдайды бірінші болып қыздың мұғалімдері байқап, оқиға туралы анасына хабардар еткен. Оқушының өгей әкесі ұсталып, қамауға алынды. Аталған оқиғаға қатысты мектеп мұғалімдеріне қатаң сөгіс берілген. Яғни оқушының жүктілігі туралы жасырмаған педагогтер мен мектеп директоры негізсіз жазаланғаны белгілі болған еді. Жақында білім беру ұйымының қызметкерлеріне қатысты заңсыз салынған тәртіптік жазаның күші жойылғаны белгілі болды. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің өкілі мәлімдеді.
«Педагогтарды жазалау туралы шешім тым асығыс жасалды деп санаймыз. Алдымен мәселенің мән-жайын мұқият тексеріп алу керек еді. Сондықтан олар болған жағдайды тексеріп, содан кейін ғана шешім қабылдауы тиіс. Егер бұл жағдайда білім беру қызметкерінің кінәсі бар болса, онда заңнамаға сәйкес қаралуы қажет», - деді Е.Оспан Сенаттың жалпы отырысынан кейін.
Бұл шешімді Павлодар облысының білім басқармасы шығарған. Бұл туралы вице-министр мәлімдеме жасап, қылмысты анықтауға көмектескен ұстаздарды марапаттау туралы шешім қабылдануы мүмкін екенін айтты. "Алдымен құзырлы мемлекеттік органдардың тексеруі жүзеге асса, кейінірек оның қорытындысы бойынша шешім жасалады", деп қосты ол.