Павлодар облысындағы өрттен зардап шеккен балалардың жағдайы белгілі болды
Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы Иртышск ауылындағы өрт кезінде зардап шеккен балалардың жағдайы туралы мәлімет берді.
Бұл туралы Kazinfor хабарлады.
Дәрігерлердің айтуынша, 15 қаңтар күні таңғы сағат өрттен зардап шеккен төрт бала Иртышск аудандық ауруханасына жеткізілген. 2018 және 2021 жылы туған екі ұл бала көмірқышқыл газынан улану мен күйік салдарынан жансақтау шараларына қарамастан есін жимастан көз жұмды.
Тағы екі бала аудандық ауруханадан Павлодар қаласына жеткізілді.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше:
"2015 жылы туған баланың жағдайы ауыр. Ол күйік шалып, жансақтау бөлімінде жатыр. Денесінің 46 пайызы күйген, тыныс алу жолдарының да күйігі бар. Науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, қарқынды терапия мен реанимациялық шаралар жүргізіліп жатыр.
2010 жылы туған баланың денесінің 1-2 пайызы күйген, саусақтарында жарақаттар бар. Жағдайы тұрақты, травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр"
Еске салайық, 15 қаңтар күні таңертең Павлодар облысы Иртышск ауылындағы жеке тұрғын үйде өрт шыққан. Өрт кезінде үйде төрт кәмелетке толмаған бауыр болған, аналары жұмыста жүрген. Қайғылы оқиға салдарынан екі бала қаза тапты.