Педофил қолынан қаза тапқан 5 жасар қыздың әкесі тың мәліметтер айтты (видео)
Әкесінің сөзінше, сотталушы қызды балмұздақ алып берем деп шақырған
Сарығашта педофил қолынан қаза тапқан 5 жасар қыздың әкесі Нұржан Ережепов бұған дейін қылмыскерді қамауға алмай босатып жіберген судьялар да тиісті жазасын алуын талап етіп отыр. Бұл туралы otyrar.kz жазды.
Әкесінің сөзінше, сотталушы қызды балмұздақ алып берем деп шақырған. Кейін үйіне кіргізіп, тәтті сусын берген. Ал өзі ішімдік ішіп отырған кезде, қыздың жылаған даусын естіп, ашумен пышақ сұққан көрінеді.
Нұржан Ережепов егер сезікті бұған дейін жасаған қылмысы үшін лайықты жазасын алғанда қызым тірі болар еді деп налиды. Сондықтан қылмысы дәлелденген тұрғынды үйқамаққа жібергендер де лайықты жазасын алсын деп талап қойып отыр.
«Қызым қалай азапталды, ол да солай азапталу керек. Егер ол өткен жылы жасаған қылмысы үшін сотталса қызым тірі жүретін еді. Басы балталанған адам да Өзбекстанға өтіп қайтыс болған. Судьялар ақша алып, қылмыстыны сыртқа шығарып жіберген. Істі қарағандар да бірге жауапқа тартылу керек деп ойлаймын. Олар дұрыс қарағанда қызым тірі болар еді», — дейді әкесі.
Анасы Индира Ерімбетовааның айтуынша, күдікті азамат қаза тапқан қызды бірге іздеген. Тіпті денесін таппау үшін кішкентай қыздың суға ағып кетуі мүмкін деп су жағасына да алып барыпты.
«Барлық ауыл іздедік қой. Сол кезде ол да шығып, жүріңдер ана заборға түсіп кеткен шығар деп алып кеткен барлығын», — дейді ол.
Жәбірленушінің заңгерлері жарыссөзде қойылған талап арыздың бәрі орындалғанын айтады. Сонымен қатар, сот қаза тапқан қыздың туыстарына моральдық шығын өтеп беретін болды.
«Сот тез өтті. Тергеушілер де істі тез тергеп, айғақ заттарды тауып берді. Тез шешім шықты. Ал бізде 100 млн. теңге моральдық шығын өтеу туралы талап беруге мүмкіндігіміз болды», — дейді заңгер Розмат Абдусалиев.
Айыпты деп танылған азамат әйелімен ажырасып кеткен. Ол үйінде жалғыз өзі тұрған. Қазір баспанасы қаңырап бос тұр.
Марқұм қыздың әкесі Нұржан Ережеповтің айтуынша ол жер қазір ішімдік ішетін жерге айналған. Сондықтан ол үйді бұзып, жерін мемлекет меншігіне алуды ұсынып отыр.
«Қазір сотталушының үйі бос тұр. Онда арақ ішетін адамның бәрі жиналып отырып, ішімдік ішетін болыпты. Онда балалар жүруі мүмкін. Сондықтан үйді бұзып, орнына қоғамға керекті нысан салса немесе жерін мемлекет балансына алса деймін. Негізі бұзамыз деп уәде берген», — дейді Нұржан Ережепов, марқұмның әкесі.
Сотталушы жазасын Қостанай облысындағы «Қара бүркітте» өтеуі мүмкін. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.