Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:29, 03 Қыркүйек 2023

Перде Елеусізқызы: Әкемнің бір сандық мұрасы қолды боп кеткен

None
None

Перде апай, сіз 1934 жылдан Қазақстанға аты шыққан әйгілі халық ақыны Елеусіз Байырбековтің соңында қалған жалғыз қызысыз.

Ол кісі 1937 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі, 1939 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Өмірден қайтқанына келер жылы 80 жыл. Ал туғанына былтыр 130 жыл болыпты. Аз уақыт емес. Асыл қанжарды да тот басады, жаңғыртылмаған нәрсе жұрт жадынан ұмытылады. Ол үшін де артында жанашыр жоқтаушысы, ілгерілетер іздеушісі болу керек қой?  

          – Осы уақытқа дейін еске алу шарасы өтпеген деп ешкімге өкпелеуге болмайды. Замандастары тұрмақ бүгінде баласымен жасты адамдардың да көзі кеткен. Сонда да құдайға шүкір, туған жеріндегі ел-жұрт әкемді шама-шарқынша ұмытпапты. Қайта асыл мұрасын түгендеуге артында қалған жалғыз қызы менің мойным жар бермепті.

          –  Әкеңіздің мұрасын қай уақыттан жинақтай бастадыңыз?

        –  Шынымды айтсам, өмірбойы жұмысбасты болдым, бала, отбасы деп жүріппін әрі қолымда ешқандай дерек болмағандықтан, әкемнің өлеңдерін қайтып іздеуді де білмеппін. Ең болмаса артында қалған суреті де жоқ болды. Әкемнен айырылғанда төрт жастағы баламын. Түрі мынандай дейтіндей көз алдыма елестете де алмайтынмын.

          Бір күні мен меңгеруші болып жұмыс істейтін №204 орталық балабақшаға академик ғалым Рахманқұл Бердібаев немересін жетектеп келді. Содан танысып қалдық, «Елеусіз Байырбеков деген ақын болып еді, сен соның қызы емессің бе?» деді. «Иә». «Әкеңнен не мұра қалды, қолыңда не бар?». «Ештеңе жоқ, ең болмаса суреті де қалмаған».  «Әкеңді білуші едім, мұның жарамайды, мұрасын іздемей не бітіріп жүрсің?» деді. Не айтарымды білмедім. Содан бастап ой түсті. Уақыт болса зымырап өте берді.

          2012 жылы қызым Гүлнәзді бір үлкен жиында бір кісілер көріп: «Сен осы Перденің қызы емессің бе?» деп сұрайды. «Иә» десе, «сен атаң мен әжеңнің қандай адамдар болғанын білесің бе, Шәуілдірдің мұражайында мәрмәр таста аты-жөні қашап жазылған ескерткіш тұр» депті.

          Осы қуанышты хабарды естіген соң байыз таба алмай, бір күні жалғыз өзім пойызбен Шәуілдірге тартып кеттім. Темір стансасынан түсіп, сол күні қайтарға билет алдым. Елден сұрастырсам, Шәуілдірде екі музей бар екен. Соның бірі – «Руханият – Әбунасыр әл-Фараби мұражайына» бардым. «Сіз кімсіз?» дейді музей директоры. «Халық ақыны Елеусіз Байырбековтің қызымын» десем, «Ол кісіден ұрпақ бар ма еді?» дейді таңғалып. Сол жерде жергілікті суретші салған үлкен полотно тұр екен, көп адамның ішінде менің әкемді де бейнелепті. Жетпіс жылдан соң әкемнің суретін бірінші рет көріп, жылап жібердім. Музей директоры Абдулла Жұмашұлы деген жігіт. «Отырар алқабының ақындары» деген кітапқа әкемнің өлеңдері мен суретін енгізіпті. «Апа, босамаңыз, шүкіршілік етіңіз, әлі өлеңдері де табылып, қуанасыз» деді ол. Сөйтіп, Алматыдағы мұрағаттан іздеудің жолын да айтып, түсіндіріп берді.

          Содан бастап жатпай-тұрмай іздестіру жұмыстарын бастадым. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлімінде, Орталық Мемлекеттік архивте, Орталық Ғылыми кітапханада, Ұлттық кітапханада, қысқасы 2014-2015 жылдары екі жыл бойы табан аудармай отырдым. Сөйтіп, әкемнің өлеңдерін, құжаттарын, үзеңгілес болған кісілердің естеліктерін, халық ақындарының жоқтау, көңіл айту өлеңдерін, терме-толғауларын, өз қолымен жазған дастандарын таптым. Жамбылмен бірге түскен фотосын Жамбыл ауылындағы ақын музейінен таптым. Тағы бір жалғыз түскен фотосын архивтен тауып алғандағы қуанышымды айтсайшы! Нағыз өзінің түрі! Әкем Молда Мұсадан (Байзақұлы) сауат ашып, айтулы ақын Нұралы Нысанбайұлынан бата алған. Аудармашы жігіттер әкемнің мұрасын араб әліпбиінен қазіргі жазуға аударып берді. Жинап-терген деректерімнің бәрінің бас-аяғын келтіріп, компьютерге тергізіп, құрастыру жұмыстарымен айналысудың өзі қаншалықты қиын екенін сонда білдім.

          Асыл әкемнің ағаштан тұтас шапқан домбырасы үйімде сақтаулы еді.  Ертеректе қара шаңырақтан алып кеткенмін. Жамбыл атам ұстап көріп, «шешен домбыра» екен депті. Майлықожа-Құлыншақтың елінен келген екенсің деп батасын беріпті. Осы домбыраны және әкем шай ішкен сары самаурынды, отбасы тұтынған сырмақты, басқа да тұрмыстық заттарды Шәуілдір музейіне тапсырдым.  

 – Әкеңіздің туған жері әрқалай. Деректер әртүрлі. Мұның себебі неде?

– М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан өз қолымен жазылған өмірбаянын таптым. Онда: «Түркістан ауданы Иқан деген қыстақта тудым» деп жазыпты. Ал КСРО Жазушылар одағына мүшелікке өткен жеке парағында: «Түркістан ауданы «Қызыл Түркістан» колхозы» деп жазылған. 1977 жылы шыққан «Ақын-жыраулар» атты жинақта туған жері «Қызылқұм ауданының Арыс» совхозы деп көрсетілген. Ал әкем қайтыс болғанда «Советтік Шәуілдір» газетінің 1944 жылғы 5(789) санында жарияланған қазанамада туған жері «Созақ ауданы Раң ата өзені бойында» депті. Қазанама соңына халық ақындары Белгібаев Айтпай, Тебеев Балтабай, әдебиетші Байтанаев Әбіш секілді белгілі адамдар қол қойған.

  – Ақын есімін Отырар өңірі жақсы біледі.  Созақта туса, онда өзінің туған өңірінің халқы білмейді. Ақынның алыс туыстары негізінен сол жерде ұйысып отырса да. Мұның себебі әкеңіздің туған жерінен ерте қол үзіп кеткендігінен бе?

          –  Әкемнің Созақта туып, Теріскейден жиырма жасында Күнгейге ауғанын «Мекенім Раң еді таудан ары» деп аталатын өзінің өмірдеректік өлеңінде былай өрнектейді.

«Мекенім Раң еді таудан ары,

Созақтың өскен жерім аудандары.

Бір таудың жатушы едік қуысында,

Барғандай арқар, құлан аулағалы.

… Нағашым келдім жоқтап жетімдерді,

Жасым да жиырмаға жетіп еді.

Иқанның жанай көшіп малын баққан,

Сол екен бұл ауылдың кәсімдері.

Иқанның мен де келіп бақтым малын,

Мәпелеп өз малымдай сарттың малын.

Қабаттап орақ орып, кетпен шауып,

Осындай жоқшылықтың тарттым дәмін».

          Бұл өлең жолдары ақынның Созақтың тумасы екенін, жоқшылық зардабынан Иқандағы нағашысын сағалап, Теріскейден Күнгейге ауғанын айқындайды. Раң ата ауылы Созақта әлі бар. Менің ойымша, туған жері туралы деректердің әртүрлі болуына 1930 жылы болған әйгілі Созақ көтерілісі себеп болған. Өйткені ол көтеріліске тек Тама руы ғана емес, әкемнің руластары да қатысқан, атылған. Сол кезде әкемнің соңына НКВД шырақ алып түскен. Сондықтан созақтық екенін жасырған болу керек. 

          Ал 1916 жылы Созақтан Күнгей асып кетуіне жоқшылық өз алдына, 1916 жылғы қазақтан окоп қазу жұмысына солдат алмақ патша жарлығы себеп болған. Ол кезде әкем Созақтағы Қаратау болысының адамы болғандықтан, Күнгей асса да артынан старшын, елубасылар қуып келгенін:

«Қаратау жазулымын болысында,

Күнгейдің жүргенменен қонысында,

Николай сол жыл жұртқа салық салды,

Белгісіз жұмысы ма, соғысы ма?

… Шауыпты таудан асып маған қарай,

Баруға менен «епті» адам болмай,

Сыртымнан жібермекке ұйғарыпты,

Лаждап, басқа жерден амалдамай» – деп жазады өзінің «Өзгерген өмір» дастанында («Термедегі пернелер» жинағы (1965).

          Ал өз қолымен жазған өмірбаянында әкеден ерте жетім қалып: «… Ауылдастардың қозы, лағын қайырып, он алты жасқа жеткенімде тоғыз жасар, он бір жасар екі інім болды, сол балаларға бас болып, иқандық өзбектің қойын бақтым. Революцияға іліндік, содан кейін қойды тастап, кетпен шауып, арық қазып, күн көріп, 30-жылға дейін жүрдік. Одан бергі жерде колхозға ұйыстық», – деп жазады. Соған қарағанда, Иқансудан 1930 жылы Шәуілдірге көшіп келген.

– Әкеңіздің жасы елуге таяғанда дүниеге келіпсіз. Басқа баласы болмаған ба? 

          – Әкемнің менен басқа бір ұлы болған. Ол ағам 1921 жылғы, мен 1941 жылғымын. Жалғыз ағам Жамалбекпен арамыз жиырма жыл. Анам тұңғыш ұлынан кейін жиырма жыл бала көтермеген. Зарықтырып барып дүниеге келіппін, онда да перделі болып туыппын. Перделі болып туған нәрестенің сыртындағы пердесін тез жыртпаса (пышақпен емес, ырым бойынша қолмен жыртады) бала өліп кетеді екен. Содан атымды Перде деп қойған.

            Анам «әкең сені қолына алып көтеріп жүріп:

         

          Перде, Перде, Перде қыз,

          Бүйтіп жылай бермеңіз.

          Бүйтіп жылай берсеңіз,

          Отырғызам жерге қыз», – деп жұбататын еді дейтін.

          Мен туған жылы соғыс басталған.  Ағам соғысқа аттанады. Әкемді  1942 жылы қыста жұмысшы батальонына алып кетеді. Мені құшақтап, жалғыз қалған анам ферма бригадирі болады. Фермабастық болған соң атпен малшыларды аралайды. Ондайда мені құндақтап, ат дорбаға салып, ердің басына іліп жүреді екен.

          Әкемнің «Елеусіздің 1942 жылы жұмыс армиясына бара жатып жазған өлеңі»  еп ат қойылған көркемдігі келісті он екі шумақ өлеңі сақталған.  

«Біз шықтық поселкеден түйдектеліп,

Тоқсанның бас кезінде күзді өткеріп.

Жылады бала-шаға жасын сығып,

Олардың жылағаны – біз кеткендік.

Онында декабрьдің мініп едік,

Шуылдап, кетті көше күңіреніп.

Халықтың сай-сүйегі сырқырады,

Құлаққа жылағандар үні келіп», – деп басталады да, бір вагонға сексен адам мінгенін, эшолон Түркістанға тоқтағанда:

«Сұлтанға зияпат қып түнемедік,

Сыртынан сыйындық та жүре бердік.

Еркіміз өзімізде болмаған соң,

Алланың салғанына шүкір дедік», – деп суреттейді.

           – Осы жерде бір сұрақ. Бұл кезде әкеңіз «Халық ақыны» деген ресми атағы бар әрі жасы елудің үстіндегі адам ғой. Оған қоса жалғыз ұлы майданда. Ақынды жұмысшы батальонынан броньмен қалай алып қалмаған?  

           –  Соған таңғаламын. Анам айтатын, өзімен жастылардың бәрі қалды, кеткендердің жасы үлкені жалғыз өзі болды деп. Мәселен, құрдасы ақын Айтбай Белгібаев (академик Өмірзақ Айтбаевтың әкесі), т.б. қалды ғой деп.  Соған қарағанда, тура айтатын, өткір тілді әкемді жергілікті шенді-шекпенділердің ішінде жақтырмайтындар болды ма екен деп. Әйтпесе, НКВД соғыс кезінде еңбек армиясына негізінен жер аударылған ұлт өкілдерін апарған ғой. Анамның айтуы бойынша, әкемді Алматыда өтетін әлдебір айтысқа қатыстыру үшін астанадан Шәуілдірге шақырту келеді. Ол кезде әкем әскердің қара жұмысында. Содан Алматыдан хабар барып, әкемді Қызыл деген қаладан қайтарады. Сол жақтан қатты ауырып келеді. Қызыл деген қала Ресейдің Сібірінде, қазір Тыва респуликасының астанасы. Суығы жақпады ма, әлде денсаулыққа зиянды жұмысқа салған ба, ауырып кеп, көп ұзамай қайтыс болады ғой. Ол кезде менің төрт жасқа толар-толмас кезім. Адамның есте сақтау қабілеті таңғаларлық. Білектеріне шүберек байлаған адамдар көп жиналып, улап-шулап жылағаны, әкемді арбаға жатқызып алып кеткені есімде. Жамалбек ол кезде соғыста, әкем жалғыз ұлын көре алмай көз жұмады. Ең өкініштісі, әкем қайтқанда сары майдай сақтап жүрген бір сандық қолжазбасынан анам айырылып қалған.

           Қалай? Біреу алып кеткен бе?

          – Иә. Аудан, облыс басшыларымен бірге көңіл айтып келген ақын шәкірті: «Елекеңнің өлеңдерін беріңіз, ұлың мен қызыңа нан болады, кітап қып шығарып беремін» деген. Содан анам бір сандық қолжазбасын Шымкент қаласынан келген ақынның қолына ұстатып жібергенін өкінішпен айтатын.

           – Ол алып кеткен ақын кім?

          – Оны бір Алла куәгер деп атын айтып қайтемін дейтінмін. Бүгінде көзі жоқ, 1993 жылы қайтыс болыпты. Сұраған соң айтайын. Оңтүстік өңірге аты белгілі Омарбай Малқаров деген ақын. Әкемнен сабақ алып жүретін шәкірті болған өзі.

         Ата-анамның жалғыз ұлы Жамалбек ағам 1945 жылы соғыстан мүгедек болып оралады. Анамнан әкемнің өлеңдерін сұрайды. Алып кеткен адам әкеңе тірі кезінде келіп тұратын еді деп, аты-жөнін, қайда тұратынын айтады. Ағам сол кісіге үш рет пойызбен Шымкентке барады. Ол кезде жоқшылық заман, жол қаражаты жоқ, кейде тауар таситын пойызға жабысып барады. Үшінші рет барғанда әлгі кісі: «алғаным жоқ» деп ағамды қуып шыққандай болыпты. Содан тауы шағылған ағам іздестіруді тоқтатқан.

Есімде, 1947 жылы кәдімгі Сәбит Мұқановтан «Қызыл Түркістан» колхозына арнайы хат келді. Алты жасар бала болсам да есімде, дәу конверт, сыртында мөрі бар. Сәбит Мұқанов онда Жазушылар одағын басқарып тұрған әйгілі жазушы. Әкемнің қолжазбасын кітап етіп бастыру үшін сұратыпты.  Өкініштісі, сол кезде ешкім әкемнің мұрасын тауып бере алмаған. 

 Шешемнің айтуынша, 1936 жылы Сәбит Мұқанов әкемді Алматыға да шақыртқызған екен. Бара алмапты, жоқшылықтан. Өкінішке қарай, ол хаттар сақталмаған. Ол заманда НКВД жендеттері арабша жазылған кітаптарды, қолжазбаларды сыпырып алып кететіндіктен, әкем сондай құнды мұраларын қалай да сақтап қалуды ойлап, шешемізге жасырын қораға тыққызып отырады екен.

          Өлеңдерін таба алмаған соң, ағам көзін көрген кісілерден әкем айтатын дастандардың біразын жазып алған. Ол кезде кішкентаймын, үйдегілер колхоз жұмысынан кеш оралып, тамақ ішіп болған соң, ағам дәптерін алып, жетінші немесе оныншы шамның жарығымен өлең оқушы еді. Анам мен жеңгем тыңдап отырып жылайды. Ағамның дауысы әлі күнге құлақта, ырғағын келтіріп оқитын. Сөйтсем, ол әкем жырлаған «Мұңлық-Зарлық» дастаны екен ғой. Ағамның жеті кластық білімі болса да, есеп-қисап жағына өте сауатты, шот қаққанда қолы-қолына жұқпайтын.  

          – Иә, қиын да қилы заман болған ғой. Әкеңіздің туған жері Созақ ауданының биыл 95 жылдығы. Осыған дейін ауданның әр жылдардағы мерейтойына байланысты шыққан кітаптарда болсын, еш жерге осы уақытқа дейін әкеңіздің Созақтың тумасы екендігін ешкім бір жол етіп болса да жазбапты. Кейінгілердің болса да білмейтінін айттым. Өзіңіз Созақта болып па едіңіз?

– Шолаққорғанға бір-ақ рет барғаным бар. Онда да сонда тұратын жиеніміздің тойына. Ал Раң ата ауылын көрмедім. 1950 жылы Шәуілдірден жаңа салынып жатқан Кентау қаласына шешем, ағам бәріміз көшіп келдік. Ол кезде мен тоғыз жастамын. Сөйтіп, Шәуілдірмен де байланысымыз ерте үзілген. Он жылдық мектепті Кентауда бітірдім. Ағам Жамалбек 1981 жылы, анам Күлайша 1986 жылы қайтыс болды. Шәуілдірде қалған әкемнің жалғыз қарындасы Мәрия 1997 жылы өмірден өтті. Жалғыз ағамнан тараған  ұрпақтар қазір Кентау қаласында. Осылай ұрпағы – Шәуілдірден де, Созақтан та алыстап, екеуінің қақ ортасында қалған ғой...

          Ал өзім 1959 жылы Алматыға келіп, Абай атындағы ҚазПИ-дің хим-биология факультетіне түсіп, 1964 жылы бітірдім. Содан бері Алматыдамын. Жұбайым ғылым кандидаты болды, елу жылдан аса бірге өмір сүрдік. Қазір дүниеден өткен. Одан бұрын жалғыз ұлым Серік жол апатынан қайтыс болды. Екі қызым, немерелерім бар. Өзім 40 жыл балабақшада тәрбиешіліктен бастап әдіскер, меңгеруші болып жұмыс істедім. Еңбегім еш кеткен жоқ. Дінмұхамед Қонаевтың ыстық ықыласына бөлендім. Балабақша балаларының ұлттық тәрбиесіне арналған әдістемелік еңбектерім де, мақтау-марапаттарым, медальдарым да жетерлік. 1995 жылы Н.Назарбавтың қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағын алдым.

        Осынша жасқа келгенде, әке алдындағы перзенттік парызымды сәл де болса өтеуге мұрша берген Жаратқанның шексіз мейіріміне шүкіршілік етем, тәубе айтамын.

         

Әңгімелескен – Төреғали ТӘШЕНОВ

Тегтер: