Перизат Қайрат блогер Олжас Садықтан 83,5 млн теңге алған: оны қалай жасырған?

Газа секторындағы тұрғындарға гуманитарлық көмек ретінде жиналған ірі көлемдегі қаражатты Перизат Қайратқа тапсырған тағы бір тұлғаның аты аталды.
Белгілі болғандай, қаржы жинау 2023 жылдың қазан айында басталған. Осы кезде блогер Олжас Садық пен Нәзім Мисанов әлеуметтік желіде бірлескен видео жариялаған. Видео көпшіліктің назарын аударып, миллиондаған қаралым жинаған. Нәтижесінде Садықтың жеке банк шотына 83,5 миллион теңге түскен.
Перизат Қайрат оларға хабарласып, Палестина елшілігімен келісімшарт негізінде жұмыс істейтінін жеткізгеннен кейін, жиналған қаражат ЮНИСЕФ арқылы емес, ерікті ретінде соған тапсырылған.
Олжас Садық қаражатты аударғаннан кейін Перизат Қайратпен бірге Абу-Дабиге барғанын айтады. Алайда елге оралған соң, ерікті әйел байланысқа шықпай, мүлде көзден таса болған.
Жиналған қаражаттың шын мәнінде діттеген жеріне жеткенін растайтын қандай да бір ресми құжат ұсынылмаған.
Тергеу мәліметінше, Перизат Қайрат ақшаны Rebel Flowers гүл дүкені арқылы жоқ қылған.
Мемлекеттік айыптаушының нұсқасы бойынша, 9 айдың ішінде бұл бизнес арқылы 68 миллион теңге өткен. Айыптаушылардың пайымынша, мұндай көлем гүл сату арқылы пайда табу үшін тым жоғары көрсеткіш. Айыпталушының адвокаты бұл уәжді жоққа шығару үшін Rebel Flowers дүкенінің бұрынғы иесі Ләйлә Троицкаяны куә ретінде шақырды.
«Магазиннің орташа айлық табысы 1,5–2 миллион теңге шамасында болды. Жылдық айналымы — 20 миллион теңге», - деді Троицкая.
Дегенмен, оның айтуынша, табыстың бұдан да жоғары болуы әбден мүмкін:
«Бәрі келісімшарттарға байланысты. Мен Перизаттың түрлі компаниялармен қалай жұмыс істегенін көрдім. Бұл — менің жеке болжамым».
Адвокаттар табыстың заңды жолмен табылғанын алға тартады. Бірақ тергеу тарапы ақшаны заңсыз жолмен жымқыру және жасыру нұсқасын ұстанып отыр.
Бүгін «Асар-Уме» қорының жетекшісі Перизат Қайраттың БАӘ-нің билеуші әулетімен байланысы бар екенін айтты. Сондай-ақ, кешегі сот отырысында Геннадий Головкиннің аты аталды. Тергеу мәліметінше, Қайрат тек 7 миллион теңгені ғана Палестинаға аударған.