Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:44, 13 Қазан 2022

Пірматовта пәрмен, Дүйсеновада дәрмен жоқ…

None
None

Күні кеше Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов «Ұлттық Банктің негізгі мақсаты – қазақстандықтардың тапқан табысы мен жинаған қаржысын құнсызданудан қорғау.

Ұлттық Банкке берілген бірегей мандат, сол – қымбатшылықтың жолын кесу» деп мәлімдеді.

Пірматовтың айтуынша, енді елдегі бағаның өсу қарқыны бәсеңдейді.  Себебі қазірде сыртқы факторлардың көпшілігінің әсері жайлап орнына келіп жатыр.  «Азық-түлік тауарлары, шикізат бағасы, соның өсу қарқыны сәл де болса қалыптасып, орнына түсіп келеді. Ал біз, Ұлттық Банк экономикадағы сұранысты қадағалау арқылы инфляцияны, бағаны қалпына келтіру үшін қандай да бір керек болған шешімдерді қабылдауға әрқашан дайынбыз», –  деді банк төрағасы.     

  Алайда Пірматов осылай дегенмен, сала мамандары бас банкирдің бұл ойын құптамайды. Сала мамандарынан бөлек, қарапайым халық та елдегі қымбатшылықтың тым шарықтап кеткенін, экономиканың дамымай өгіз аяңдап, әлеуметтік саланың кібіртіктеп жатқанын жақсы біліп отыр. Сонда бас банкирдің «енді бағаның өсу қарқыны бәсеңдейді» деп жар салуы қаншалықты негізді?! Әлде бұл әдеттегідей халықты  алдарқату ма немесе  бағаны сәл төмендетіп «ойнау» – сайлау алдында елдің көңіл күйін тыныштандырудың бір амалы ма?!

  Экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, Ұлттық банктің осы уақытқа дейінгі ақше-несие саясаты өзіндік нәтиже берген жоқ.  Халыққа қолжетімді тұрақты кредит жүйесі әлі қалыптасқан жоқ. Ұлттық банк  былтырдан бері қайта-қайта базалық ставканы өсіріп жатыр. «Алдағы уақытта да базалық ставканы 14 пайыздан асырып өсіруге тура келеді. Мұның арты халыққа қолжетімді несие жүйесінің тағы арманға айналатынын көрсетеді», – дейді маман.

Осы арада туындайтын сауал: бұған дейін де біздің елде қолжетімді несие жүйесі болып па еді?! Банктердің дені қарапайым халыққа 28-30 пайыз үстемемен несие беріп, бүгінде елді әбден қарызға батырып, қазір жұртшылықтың екіден бірі тек несие өтеумен ғана өлместің күнін кешіп күнелтіп жатыр емес пе?!

Бұдан бөлек, экономист-сарапшылардың пайымдауынша, басқа өнімдерді айтпағанда биыл жыл басынан бері тек қана нан бағасы 20 пайызға қымбаттаған. Баспана бағасы 25 пайызға шарықтаған.

– Бұл екеуі де халыққа ең қажетті дүние. Үкімет әр кезде «нан бағасын өсірмейміз» деп келді. Бірақ оған нарықтың заң бой берген жоқ. Ұнның бағасы қымбаттап келсе, өнім өндірушілер нан және нан өнімдерін арзанға сатпайды ғой. Сондықтан бір ғана нан бағасын ретке келтіре алмай отыр. Баспана бағасы туралы тіптен жақ аша алмаймыз. Қазір баспананың сатып алу құны да, жалға алу құны да аспандап тұр. Халыққа қажетті дүниелер осылай қымбаттап жатқанда, «алдағы уақытта баға тұрақтанады» деу қисынсыз, –  дейді экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова.

Сөйтіп, мамандар алға тартып отырғанда й, үкімет пен Ұлттық банктің баға саясатына, жалпы экономиканы тұрақтандыруға қатысты жобалары толыққанды нәтиже беріп жатқан жоқ. Мысалға алсақ, бұл ретте тиісті мекемелер бір ғана зейнетақы қорындағы қаражатты да дұрыс жұмыс істете алмай  отыр.

– Зейнетақы қорындағы 704 млрд теңге шетелдік банктерге депозитке салынған. Осы уақытқа дейін Ұлттық банк пен үкімет зейнетақы қорындағы қаражатты ҚТЖ-ны дамытуға, қазір жабылып қалған, бұрын «агросекторды өркендетеді» деп құрылған «ҚазАгроны» дамытуға да бөлді. Бірақ ол әрекеттен бұл салалар жанданған жоқ. Негізінде, қордағы қаражатты шетелдік банктерге депозитке салу, несиеге беру экономиканы дамытатын әрекет емес. Бұл қаражатты зауыт-фабрикалардың ісін жандандыруға, өндірісті өркендетуге бөлсе, экономика әлдеқайда дамыр еді, –  дейді Тоғжан Шаяхметова.

  Жалпы, халықтың әлеуметтік жағдайы қиындағанын, қымбатшылықтың қарапайым халыққа ауыр тиіп жатқанын, халықтың жалақысы, зейнетақысы қатты құнсызданып кеткенін сарапшылар айтудай-ақ айтып жатыр. Бірақ жағдайды түзеуге жалғыз Ұлттық банктің шамасы келмейді. Шындап келгенде нақ қазір Пірматовта мұндай пәрмен жоқ.

 Ал  мұндайда  үкімет мүшелері, министрлер, топ менеджерлер әбжіл қимылдауы тиіс еді. Әсіресе бірінші кезекте әлеуметтік саланың тізгінін ұстаған министр Тамара Дүйсенованың үкіметке тың идеялар ұсыну керектігі  белгілі. Халықтың құнсызданған зейнетақысы мен жәрдемақысын 30 пайызға дейін индекстеуді, ең төменгі жалақыны өсіруді бір айтса министр Дүйсенова  айтуы керек еді. Сондай-ақ көпбалалы аналардың жағдайын, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың ахуалын да Дүйсенова дүркін-дүркін қозғап, бір жаңалықтар енгізе ме деп те үміттенгенбіз. Бірақ әзірше министр ханымнан ондай белсенділіктің лебі еспей тұр. Бір сөзбен айтқанда, бағаны ырықтауға Пірматовтың пәрмені жетпей жатса, халықтың әлеуметтік жағдайын арттыруға қатысты жаңашылдықтар ұсынуға Дүйсенованың дәрмені жетпей жатыр. Өкініштісі, бұдан халық тарығып, ел қиыншылық көруде. Ал шенеуніктер елдің жайынан гөрі, сайлаудан кейінгі креслосының тағдырын ойлап әлек. Әзірше, біз білетін ақиқат – осы. Амал жоқ, әттеген-ай дейміз...

Тегтер: