Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:22, 23 Наурыз 2023

Пітірге қарап, қымбатшылықты «таны»

None
None

Еліміздегі экономистер мен осы салаға жауапты шенділердің инфляцияны қалай есептейтінін қайдам… Әйтеуір олардың ауылында қымбатшылық жоқтай көрінеді.

Әлде жоғары жалақымен қымбатшылықты сезінбей ме, мінберде беретін есебі де тастай. Ал жалақысы жылдап өзгермейтін қара халық күн өткен сайын қымбатшылықтан қысылып, күнкөрісі қиындап барады.

Соның айғағы – жыл басында депутат Жәмила Нұрманбетова: «Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, Қазақстан азаматтарының 15%-ы кедей. Сонымен қатар ресми статистика халықтың 5,1%-ы күнкөріс деңгейінен төмен табыспен өмір сүретінін көрсетіп отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасының цифрлық картасын ұсына отырып, өз жағдайын «сыни» деп санайтын отбасылардың үлесі шамамен 15% құрайтынын көрсетеді. Бұл шамамен 1,2 млн отбасы» деген болатын. Қазір күн санап өскен бағамен мұндай отбасылардың саны көбейе берері де анық. Айтпақшы, үміткерлердің барлығының дерлік сайлау алдындағы бағдарламасында «қымбатшылықтың алдын алу» көзделіпті. Халықтың жанды жерін біліп алғандарға дәл қазір сол «қымбатшылықтың алдын аламын» деген уәдеден артығы жоқтай көрініп отырғаны да рас.

Кеше ғана еліміздегі пітір садақасының мөлшері жарияланды. Тоқаев таққа отырған мерзімнен бері де пітір мөлшері екі есеге ұлғайыпты. Мәселен, 2019 жылы пітір-садақа мөлшері 300 теңге болып белгіленсе, 2020 жылы  370, 2021 жылы 420 теңге мөлшерінде болған. Ал былтыр 500, биыл 535 теңге болып бекітіліпті. 4 жыл бұрын 300 теңге болған баға қазіргі таңда 535 теңге болып тұр екен. Қарапайым арифметикаға салсақ, инфляция деңгейі 80 пайыз шамасына барып қалады. Төрт жылда баға екі еселеніпті. Ал халықтың табасы еселенді ме?! Жоқ. Ендеше, күн көре алмай отырған кедейлердің де саны өсе бермек.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Биыл пітір мөлшері 535 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды» дейді. Демек ұн бағасының өзі еселеніп өсуде. «Қуырдықтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, қымбатшылықтың көкесі сайлау бітіп, уәделер жерлене бастағанда болмаса деңіз...

Тегтер: