Politico: Кремль Иранға қатысты барлау мәліметтері бойынша АҚШ-қа мәміле ұсынған
Кремль Вашингтонға ұсыныс жасап, Ресей Таяу Шығыстағы америкалық әскери күштер туралы Иранға барлау мәліметтерін беруді тоқтатуға дайын екенін, есесіне АҚШ Ресей туралы барлау ақпаратын Украинаға беруді доғаруы тиіс екенін мәлімдеген.
Бұл туралы Politico басылымы америкалық-ресейлік келіссөздер барысынан хабардар екі дереккөзге сілтеме жасап жазды.
Басылым мәліметінше, Ақ үй бұл ұсынысты қабылдамаған.
Politico дерегінше, бұл ұсынысты өткен аптада Ресей президенті Владимир Путиннің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев АҚШ тарапына жеткізген. Ол АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнермен байланысқа шыққан.
Басылым атап өткендей, Вашингтон ұсынысты қабылдамағанымен, оның өзі еуропалық дипломаттар арасында алаңдаушылық туғызған. Олар Кремль осы арқылы Еуропа мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіруге тырысып отыр деп қауіптенеді.
Жұма күні кешірек Кирилл Дмитриев Politico жарияланымына жауап беріп, бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.
«Фейк», — деп жазды ол Х әлеуметтік желісінде.
Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы дереккөздерге сілтеме жасап, Ресей Иранмен барлау мәліметтері алмасуды және әскери ынтымақтастықты кеңейтіп жатқанын жазған. Мәліметке сәйкес, Ресей Тегеранға АҚШ күштеріне соққы жасауға көмектесу үшін спутниктік суреттер мен жетілдірілген дрон технологияларын беруде.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл ақпаратқа қатысты «ақпараттық арандатулар көп» екенін мәлімдеген.
Ал The Washington Post басылымы наурыз айында Ресейдің қолдауы Иранға Таяу Шығыста америкалық радиолокациялық жүйелерге жасалған соңғы шабуылдарды жүзеге асыруға көмектескен болуы мүмкін екенін жазған.
Украина президенті Владимир Зеленский 17 наурыз күні Лондонда Ұлыбритания парламентінде сөйлеген сөзінде Киевте Таяу Шығыста қолданылып жатқан ирандық «Шахед» дрондарында ресейлік компоненттер бар екеніне «нақты дәлелдер» бар екенін мәлімдеді.
АҚШ барлау қызметтері Ресейдің Иранға ақпарат беруі туралы хабарларға ашық түсініктеме беруден бас тартты. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің Иранды қолдап отырғаны жөнінде өзінде нақты дерек жоқ екенін айтқан.