Politico: Орбан Ресеймен құпия ынтымақтастық келісіміне қол қойған
Венгрия мен Ресей экономикалық, энергетикалық және мәдени байланыстарды кеңейту туралы құпия келісім жасасқан.
Бұл құжат сайлау алдындағы күресте оппозицияның жаңа құралына айналған, деп хабарлайды Politico.
Басылымның жазуынша, Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийярто мен Ресейдің денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко 2025 жылғы желтоқсанда Мәскеуде өткен келіссөздер қорытындысы бойынша 12 тармақтан тұратын ынтымақтастық жоспарына қол қойған. Құжат бұған дейін жарияланбаған.
Келісім ядролық отын, білім, спорт және басқа да салаларды қамтиды. 2025 жылғы 9 желтоқсандағы кездесу 2005 жылы құрылған Ресей–Венгрия үкіметаралық экономикалық комиссиясының 16-отырысы болды.
Мұнай, газ және ядролық энергетика
Құжатқа қатысты сұраққа Сийярто:
«Венгрияның екіжақты ынтымақтастығы либералды БАҚ қысымымен емес, ұлттық мүддемен анықталады», – деп жауап берген.
Ресей СІМ бұл мәселеге қатысты түсініктеме бермеген.
Келісім аясында – ЕО санкциялары салдарынан төмендеген екіжақты сауданы қалпына келтіру, Ресей компанияларына Венгрияда энергетика және сутек жобаларын іске асыру мүмкіндігін беру, мұнай, газ және ядролық отын саласындағы ынтымақтастықты кеңейту қарастырылған.
Сонымен қатар Венгрия орыс тілін оқытуды күшейту мүмкіндігін қарастыруға, академиялық алмасу бағдарламаларын кеңейтуге келісім берген.
Тараптар спорт және цирк өнері саласында да ынтымақтастықты дамытып, 2026-2027 жылдарға арналған жоспар қабылдаған. Құжатта бұл жақындасу Еуроодақ алдындағы міндеттемелерге қайшы келмеуі тиіс екені де атап өтілген.
Орбан және сайлау алдындағы жағдай
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, 2025 жылғы қазанда Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Ресей президенті Владимир Путинге «барлық мүмкін тәсілмен көмектесуге» дайын екенін айтқан.
Орбан Мәскеумен байланысын сайлау алдындағы басты аргумент ретінде пайдаланып отыр. Ол оппозиция өкілі Петер Мадьярды Венгрияны Украинаға қарсы соғысқа тартқысы келеді және ресейлік отыннан айыруды көздейді деп айыптаған. Ал Мадьяр бұл келісімді «ашық сатқындық» деп атады.
Politico жазуынша, Орбан 16 жылдық билігі ішіндегі ең күрделі кезеңді бастан өткеруде. 12 сәуірде өтетін парламент сайлауында оның «Фидес» партиясы оппозициялық «Тиса» партиясынан жеңілуі мүмкін.