Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:12, 27 Маусым 2024

Постковидтік синдром. Көкжөтелдің кеселі балаларға тиіп жатыр

жөтел
Фото: Depositphotos

Елімізде көкжөтелден екі бала көз жұмды. Бірінші жағдай Ұлытау, екіншісі Қарағанды облысында тіркелген. Қазіргі таңда аталған инфекция бойынша эпидемиологиялық ахуал жақсарып жатыр дей алмаймыз.

 Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, былтыр қызылша, сібір ойық жарасы сынды бірнеше инфекциялық аурумен қатар көкжөтелдің де өсімі байқалған. Жағдай жаңа жылдан соң да жақсара қоймады. Әсіресе наурызда өсім тіркелді – 14 жасқа дейінгі 392 баладан осы инфекция анықталған. Соның 90 пайызы 5 жасқа жетпеген балалар. Ведомство мәліметінше, ауру жұқтырғандардың дені егілмеген балалар. Демек, мәселе тағы да вакциналауға келіп тіреледі.

«Көкжөтелмен ауыратындардың 91 пайызы егілмеген балалар. Жоспарлы вакциналауды өткізіп алу және вакциналаудан бас тартудың көбеюінен ұжымдық иммунитет төмендеп кетті. Сәйкесінше, көкжөтелмен сырқаттанғандар өсіп отыр. Бұл факторлар өзара тығыз байланысты», – дейді ДСМ.

Бұл қандай инфекция деген сауалға келер болсақ, көкжөтел кәдімгі суық тию секілді симптомдар береді. Алдымен дене қызуы көтеріліп, мұрыннан су ағып, жөтел күшейеді. Бірте-бірте жөтел жиілеп, қайталана береді, ұстама тәрізді сипат алады. Осылайша, асқына берсе көкжөтел пневмония, мидың зақымдануы сынды ауруларға шалдықтырады. Ал негізінен бұл суық тию емес, жұққан инфекция. Ол ауа тамшылары арқылы, жөтелгенде, түшкіргенде, науқаспен сөйлескенде таралады. Тікелей ем-дом жасайтын дәрісі болмағандықтан көкжөтелдің жалғыз емі вакцина көрінеді. Арнайы күнтізбеге сәйкес, нәрестелерге көкжөтелдің екпесі 2,3,4 айлық кезде салынады. Демек, үш рет егіледі. Одан соң 1,5 және 6 жаста ревакцинация жасалады. Алайда бүгінде вакцинадан саналы түрде бас тартатын ата-аналардың қатары артқан. Олармен арнайы шаралар мен түсіндіру жұмыстары жүргізілетініне қарамастан, әртүрлі сенімдерге байланысты медицинаның осы функциясына күмәнмен қараушылар азаяр емес. Әрі пандемия кезінде жоспарлы екпелердің біразы қалып қойды. Міне, осыдан иммундалмаған қабат пайда болып, әртүрлі жұқпалы инфекциялық аурулардың әлсін-әлсін ошағы байқалуда. Бірнеше айлар бұрын ғана қызылша сарсаңға салса, енді көкжөтел...

Әрине, бірден эпидемияға қарсы шаралар қабылданып, жүзеге асырылып жатыр. Тіпті мамырда сәуірмен салыстырғанда оң динамика байқалып, көкжөтелмен сырқаттану 55 пайызға, қызылшамен сырқаттану 60 пайызға төмендепті. Елде ревакцинация қарқын алып, дәрігерлер халықты өзін-өзі емдемеуге шақырды. Бірақ соған қарамастан қайғылы жағдай қайталанып отыр. Елдің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова екі баланың да екпе алмағанын алға тартты. Жеке тоқталсақ, Қарағанды облысында көз жұмған сәби 11 айлық болған, екпе алмаған. Ал Ұлытаудағы екі айлық нәресте екпе жасына жетпеген. Бірі – наурызда, бірі – 24 маусымда болған қайғылы жағдайлардан соң көпшілік те көкжөтелден қорқа бастағандай. Бұл туралы дәрігермен тілдестік.

«Көкжөтелге тән белгілер инфекция жұқтырғаннан кейін екі апта өткен соң ғана көріне бастайды. Осы кезден бастап ауру бірнеше сатыдан өтеді. Бастапқыда салмақты көрінбегенімен, артынан тұрақты, интервалды жөтел әбден мазаны алады. Әсіресе таңғы, түнгі уақыттарда маза қашып, ысқырықты сырыл естіле бастайды. Адам ауа жетпегеннен қысылып, қызарып кетеді. Қақырықтың қою да берік болуынан бронх мәселелері туындай бастайды. Мұндай асқынулар әркімде әртүрлі көрініс береді. Бұл орайда бактериялы пневмония, өкпе коллапсы, плеврит, бронхит, құлақ қалқанының жарылуы, отит және синусит, грыжаның қалыптасуы, қабырғаның сынуы сынды ауыр дерттер пайда болуы ықтимал», – дейді балалар дәрігері Әйгерім Мұратқызы.

Дәрігердің сөзінше, қазір әлемде постковидтік синдром жалпы иммундық жүйенің әлсіреуіне әкелетіні туралы көп теориялар бар. Тікелей көкжөтелге әсер етпегенімен, иммунитеттің нашарлауы да эпидахуалға әсерін тигізеді деп болжауға болады дейді ол. Осы эпидахуал туралы сөз болса бітті вакцинаны жаратпайтындардың үнемі айтылатын бір наразылығы бар: «Вакцина алғандар да инфекция жұқтырады!». Осы аргументтің қаншалықты салмағы бар екенін анықтау мақсатында Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-өндірістік орталығы директорының орынбасары Лена Қасабековаға сұрақтарымызды қойдық.

«Әрине, вакцина алса да ауру жұқтыратын адамдар кездеседі. Бір қарағанда екпені салдырсаң да, салдырмасаң да инфекциядан қорғана алмайсың деген ой туындайды. Бірақ иммундалған адамдарда ауру жеңіл өтеді, асқынулар орын алмайды және ауыр салдарларға душар етпейді. Өлім-жітімге жету жағы тіпті күмәнді. Өйткені вакцина алғандар көп жағдайда инфекцияның әсері білінер-білінбестен-ақ жазылып кетеді. Ал екпе салдырмаған адамдарда ауру асқынып, пневмония, плеврит, бронхит, отит, синусит, тағы да басқа асқынулар туындап жатады, яғни ықтималдылық жоғары. Статистикаға қарасаңыз да ауырғандардың басым бөлігі вакцина алмағандар. Бір жағынан басқа тиімді тәсілдер жоқтың қасы. Көкжөтелді тек симптоматикалық тұрғыда емдейтін препараттар болуы мүмкін. Сондықтан балаға уақытылы вакцина салдырып отырған дұрыс», – дейді маман.

Иә, мұның бәрі осыған дейін айтылып жүрген мәселелер. Тағы бір тасадан шыға алмай жүрген жайт бар. Вакцина жасына жетпеген балалар ше? Оларды қалай қорғаймыз? Әр екпенің құрамы мен өз ерекшеліктеріне қарай салынатын мерзімі бар. Ол мерзімге жетпей жатып инфекция жұқтырса, баланың жағдайы ауыр болатыны анық. Бұл мәселе қалай шешіледі? Бұл туралы биолог, иммунизация мәселелері бойынша сарапшы Әсел Мұсабекова айтты:

«Көкжөтел кез келген жастағы адам үшін қауіпті. Ал жаңа туған сәбилер үшін тіптен қорқынышты ауру. Өйткені 100 күндік жөтел адамның бар күш-қуатын сарқып алады, бала кез келген уақытта тұншығып, ауа жетпей, талықсуы мүмкін. Соның әсерінен жүрегі тоқтап, қабырғалары сынып, неврологиялық асқынулар орын алуы ықтимал. Ересектерде де бұл ауру соншалықты жеңіл өтеді дей алмаймыз.

Бір ескерерлік нәрсе, бір ауырып жазылған адам да, вакцина мен ревакцина алғандар да өмір бойына жететін иммунитет қалыптастыра алмайды. Аталған екі жағдайда да қорғаныс қабілеті тек 4-5 жылға жетеді. Сол себептен де вакцина алған адам мүлде ауырмайды екен, бір жұқтырған адам екінші жұқтырмайды дегенге сеніп, арқаны кеңге салу қате. Осы себептен бала екпе алып, иммунитет қалыптастырғанымен үйде тұратын басқа адамдар, ата-аналар вакцина алмаса, ауру жұқтыру ықтималдылығы сақталады. Сондықтан баланың денсаулығына алаңдайтын ата-ана алдымен өз денсаулығын бақылауда ұстауы қажет.

Негізінен бұл инфекция әр 4-5 жыл сайын интервалды түрде өршіп отырады. Осы жылы да бүкіл әлемде көкжөтел көбейіп тұр. Бірақ оның қай елде қандай деңгейде таралатыны вакциналау процесіне тікелей байланысты. Ал вакциналау жасына жетпеген балалар ше? Мәселен, елімізде жақында ғана екі айға толмаған, яғни вакцина жасына жетпеген нәресте көкжөтелден көз жұмды. Иә, 4,5 айға дейін вакцина толық салынбайды, компонентке бөлінеді. Салынған соң да антиденелер екі апта бойына түзіледі. Осы бес айлық кезеңге дейін сәбиді қалай аурудан қорғаймыз? Тура осы сынды басқа да аурулар белгілі бір кезеңде ғана егіледі. Аталған мәселені шешу үшін ана жүктіліктің 20-38 аптасында немесе 27-32 апталарында арнайы вакциналарды алуы керек. Осы кезде қалыптасқан антиденелер балаға да беріліп, оны 5-6 айлығына дейін қорғай алады. Бірақ Қазақстанда жүкті әйелдерге екпе салу тәжірибесі дамымаған. Дәрігерлер мұндай қадамнан қатты тартыншақтап, қорқады. Сондықтан ересектер мен жүкті әйелдерге де қолжетімді вакциналау жүйесін қалыптастыруға тырысқан дұрыс».

Өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында вакциналауға қатысты түрлі ғылыми пікірлерін ортаға салатын маман осындай ұсынысымен бөлісті. Қазақстанда вакциналау мен ұжымдық денсаулық туралы жиі айтылады. Алайда әлемде кең таралған мұндай тәжірибе біздің елімізде ескерілмей отырғаны қызық. Жүкті аналарды вакциналау арқылы балада иммунитет қалыптастыру ісі неліктен тоқырап тұрғанын анықтау мақсатында ДСМ-ға ресми сауалымызды да жолдадық. Жауап келіп жатса, газетіміздің алдағы сандарынан оқи жатарсыздар.

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: