Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:13, 13 Қараша 2024

Премьер-министрдің орынбасары есеп шығара алмайды екен

Серік Жұманғарин
Фото: Informburo.kz

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин дәрі-дәрмек тапшылығы туындауы мүмкін екенін айтып жүр.

Өзі үндемес пе еді, сенаторлар жолдаған сауалға жауап берген вице-премьер:

«Бүгінгі таңда Қазақстанда 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ЕАЭО құқығына сәйкес келтіруді талап ететін 6 926 дәрілік заттар тіркелген.  Алайда 2024 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша, соның ішінде ЕАЭО қағидаларына сәйкес келтіруге небары 736 дәрілік зат немесе 16,4%-ы ұсыныла алды», – деп жауап берді.

Жұманғаринның бұл мәліметін БАҚ өкілдері жарыса жазып жатыр. Бірақ, БАҚ та, есепті қабылдап алған Сенат та мән бермеген бір жағдай – вице ұсынған цифрлардың шикілігі. Жұманғаринның қалай есептегенін білмейміз, бұл жерде пайыздық есептеуде бір қателік бар. Қараңыз, 6 926-ның 736-сы ғана тіркелді дейді. Енді осыны қарапайым пропорциялық амалға (басқа тағы қаншама тәсіл бар, есептеп көріңіз) салып есептесек, 736 дәрілік зат 6 926-ның 16,4 пайызы емес, 10,6 пайызын құрайды. Мұнда білдей премьердің орынбасары осынша қателескені өз алдына масқара жағдай, екіншіден, дәрі-дәрмек саласындағы жағдай ол айтқаннан да күрделі деген сөз.

Сенаторларға қалыптасқан жағдайды түсіндірмек болған вице-премьер есебінен жаңылды. Негізінде, 6 926 дәрілік заттың 16,4 пайызы 1035 дәрілік зат болуы керек. Сонда Жұманғарин айтқан есепке жету үшін 736 дәрілік зат емес, мыңнан аса дәрілік зат ЕАЭО-тың талабына сай тіркелген болуы керек еді.

Бірақ есептен жаңылдым деп тұрған вице-премьер жоқ. Оның айтуынша, жағдай өзінің жіті бақылауында. Дәрілік заттарды ЕАЭО талаптарына сай тіркеуге қатысты денсаулық сақтау министрлігіне және басқа мемлекеттік органдарға тапсырма берілген. Денсаулық сақтау министрлігі қазір дәрілерді жеделдетіп тіркеуге қатысты жұмыстарға кірісіп кеткен. Бұған байланысты арнайы порталдар мен СаІІ орталықтар ашылып осы салада жүрген кәсіп иелеріне кеңестер берілуде. Жоспар бойынша биылғы жылдың соңына дейін 750 дәрілік зат. 2025 жылы 604 дәрілік зат одақтың талабына сай тіркеуден өтуі керек.

Сөйтіп, көп кешікпей ЕАЭО-ның талабына сай бірыңғай дәрі нарығы құрылатын болды. Қазақстан одақтың бұл талабын бұрыннан бері созбаққа салып келеді. Жұманғарин де Қазақстан өз позициясын қорғау үшін Ресей тарапы ұсынып отырған ережеге өзгеріс енгізуге талпынып жатқанын айтады. Бірақ, қарапайым есепті шығара алмай отырған үкімет Ресейді есебінен жаңылдырып, сөзінен қайтарады дегенге сену қиын. Санкциядан көз ашпай, өз өнімін өткізетін нарық таппай отырған Ресей үкіметтің есебіндегі цифрларды қайыра бір тексеріп қоймайтын Қазақстан сенаторлары емес қой...