Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:45

Премьер проблема айт деп қыстайды, министр проблема таппай қысылады

газ
Фото: 365info

Әлемде көптеген мемлекет экологиялық таза отын ретінде табиғи газды пайдаланып жүр. Өзінде қор тапшы елдер шетелден сатып алып, халықты газбен қамтамасыз етуге тырысады. 

Ал әлемде табиғи газ қоры ең көп 15 мемлекеттің қатарына кіретін Қазақстан 20 млн тұрғынға толық газ жеткізе алмай отыр.

Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола және Абай облысының халқы көгілдір отын дегеннің не екенін білмейді десек, кей жұрт сенбеуі мүмкін. Бірақ бұл шындық. Бұл облыстарда газбен қамтамасыз ету көрсеткіші – 0 пайыз! Сондай-ақ Шығыс Қазақстан мен Ұлытау облысының 2-3 пайыз аумағына ғана газ жеткен. Тіпті Астананың өзінде бұл көрсеткіш 15 пайыз ғана. Яғни елорда жұрты әлі күнге көмір жағып, көк түтінге көміліп отыр.

23 сәуір күні премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен үкімет отырысында осы мәселе сөз болды. Бірақ шенділер газбен қамту баяу жүріп жатқанын, солтүстік пен шығыс облыстар мүлде көгілдір отынсыз отырғанын айтып, проблеманың түп-тамырына бойлаған жоқ. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен QazaqGaz компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешов позитивке толы сан-цифрларын сапырып, бәрі мінсіз дегенді меңзеді. Тіпті Бектеновтің өзі «жұмыстарыңызда ешқандай проблема жоқ па сонда? Жұмыстың тек жақсы жағын айттыңыздар, проблеманы да жарыққа шығарып, талқылау қажет қой», – деп таңғалды.

Үкімет басшысы проблема айт деп қыстағанда өз жұмысынан кемшілік таппай қысылған Жаркешов Қашаған газ өңдеу зауытын айтып құтылды. Оның айтуынша, бұған дейін құрылыс жұмысы тым баяу жүрген, жаңа мердігер келген соң бар мәселе шешіліп, Қытайдан 100 пайыз қажетті мөлшер жетіп үлгеріпті. Енді құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауға мүмкіндік мол көрінеді.

Сондай-ақ үкімет отырысында сөз алған шенділер газ жеткізуді цифрландырамыз, салаға жасанды интеллект енгіземіз деген жоспарларын айтты. Әрине, ретін келтіріп, істей алса, мұндай жоспарларына қарсы емеспіз. Бірақ басты мәселені – халықты газбен қамту жұмысын жетелдетуді естен шығармаса дейміз. Әйтпесе, қазіргі қарқынмен ел халқын 100 пайыз газбен қамту үшін 70 жыл керек болады.

Үкіметтің сенімсіз жоспары

«Биыл газбен қамтуды жалғастыру мақсатында республикалық бюджеттен және «Самұрық-Қазына» қаражатынан 84 жобаны іске асыру үшін 112,5 млрд теңге бөлінді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 71 елді мекенді газбен қамту үшін 60 жобаны аяқтауды жоспарлап отырмыз. Соның арқасында 218 мың адам табиғи газға қол жеткізіп, газбен қамтамасыз етілген халық саны 12,8 млн адам болады», – дейді энергетика министрі.

Энергетика саласы жоспар жасау, жоба құрудан кенде емес. Қаржы да молынан бөлінеді. Мысалы, 2024 жылдың бірінші жартысында 107 жобаны жүзеге асыруға 89,3 млрд теңге жұмсалған. Былтыр жалпы 200-ге тарта жоба жүзеге асқан. Министрлік биыл да 84 жобаны орындаймыз деп отыр. Бірақ мұның бәрі алдамшы статистикаға ұқсайды, шенділер осынша жоба жүзеге асты деп мақтанғанымен, көгілдір отынға қолы жетіп, марқайған тұрғындардың саны аз. Былтыр 300 мыңға жеткен жоқ, ал биыл 218 мың адам деп жоспарланған.

Басқаша айтқанда, жыл сайын газға қосылатын адамдар саны 200 мың шамасында ғана. Ресми дерекке сүйенсек, 2022 жылы халықтың – 59 пайызы, 2023 жылы – 61,1 пайызы, 2024 жылы – 62,4 пайызы газбен қамтамасыз етілген. Яғни жыл сайын халықтың 1 пайызы ғана табиғи газға қол жеткізіп отыр. Үкіметтің болашаққа құрған жоспары тіптен сүреңсіз. Алдағы 5 жылда біз сынап отырған 1 пайыздың өзіне зар болатын сияқтымыз. Өйткені 23 сәуірдегі үкімет отырысында Бектенов бұл көрсеткіш 2030 жылға дейін 65 пайызға жететінін айтты. Өсім жылына 0,5 пайыз ғана болады деген сөз. Біздің халықты газбен толық қамту үшін 70 жыл керек деген есебіміз осы жерден шығып отыр.

Қазақстанда газ қоры жеткілікті, инфрақұрылымға бөлінген қаржы да аз емес. Ендеше, үкімет неге мұнша сенімсіз жоспар құрып отыр деген сұрақ туындайды. Мұның басты себебі, біздің елде газ өндірісі өте төмен. Аймақтарда газ тапшы болып жатқаны жайлы жиі естиміз. Бұған елде мұнай өңдеу зауыттарының аздығы, жұмысының баяулығы әсер етеді. Бұл жерде нарықтағы монополия да үлкен рөл ойнайды. Ірі өндірушілер мұнай өнімдерін ішкі нарыққа арзанға сатқаннан гөрі шетелге қымбатқа өткізгенді жөн көреді. Мұнай-газ саласына өндіруші мен өндіріс көлемі аз екенін үкімет отырысында Бектенов те айтты. «Қазақстанның көгілдір отын бойынша әлеуеті зор. Табиғи газ қорының расталған көлемі шамамен 4 триллион текше метр. Алайда оны игеру үшін жүйелі тәсілдер мен жаңа инвестициялар, заманауи инфрақұрылым және ұзақмерзімді стратегия қажет».

«Ауылды газбен қамтамасыз етудің маңызы зор. Оның көмірден көп артықшылығы бар. Экологияға пайдалы. Ең алдымен, от жағып, күл шығармайсың. Ауаға шығатын түтін де аз болады. Қазір алыс ауылдарға газ тартудың еш қиындығы жоқ деп ойлаймын. Мысалы, Алматыдан Талдықорғанға газ жеткізілді. Өңірлерге газ жеткізу-жеткізбеу жергілікті әкімдіктің жұмысына байланысты. Ал бұрын ол біршама қиын жұмыс болатын. Алматы қаласын Заманбек Нұрқаділов басқарып тұрғанда «қала ауасын тазарту» деген бағдарлама болып, қаладағы үйлердің бәрін газға көшіргеніміз есімде. Бірақ Алматы маңындағы ауылдардың бәріне жете алмадық, тек Ұзынағаш, Қарғалы, Талғар жаққа газ апардық. Ал Қонаевқа (Қапшағай) газ жетпеді, бұл ол кезде мүмкін болмады», – дейді газ саласының ардагері Сұлтанғали Имажанов.

Исабаев ақша сұрайды, Рыспеков игере алмайды

Қазақстанда 12 миллионнан аса адам табиғи газ тұтынып отырғанын айттық. Бірақ оның көбі мұнай-газ өңдеу зауыттары бар батыс және оңтүстік өңірдің тұрғындары. БҚО, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе сияқты мұнайлы өлкелерде газбен қамту көрсеткіші 99 пайыздан асқан. Қостанай, Қызылорда, Түркістан және Алматы облыстарында да жағдай жаман емес, халықтың тең жартысынан астамы экологиялық таза отын жағып отыр. Ал ШҚО, СҚО, Павлодар, Ақмола, Абай, Қарағанды және Ұлытау облыстарына көрсеткіш өте төмен. 4 облыста газ мүлде жоқ екенін айттық. Өзгесінде көрсеткіш 5 пайызға жетпейді.

Үкімет отырысында екі облыстың әкімі есеп берді. Жетісу әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, өңірдегі газ тартылатын 192 елді мекеннің 84-іне газ жетіп, 404 мың адам көгілдір отынға қол жеткізген, бұл халықтың – 58,2 пайызы. Әкім 2025 жылы 63 елді мекенді газға қосуды жоспарлап отырғанын айтып, Бектеновтен 19,7 млрд теңге сұрады. Қазір құрылысы жүріп жатқан «Талдықорған-Үшарал» газ құбыры аяқталса, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына газ жетуі мүмкін. Бірақ бұл 2026/27 жылдарға арналған жоспар.

Ұлытау облысында жағдай тіптен мүшкіл. Облыс әкімі Дастан Рыспеков бөлінген қаржыны игере алмай отырғаны үшін премьер-министрден сөз естіді. 2024 жылы Ұлытау облысына газ тартуға ел қазынасынан 3,9 млрд теңге бөлініпті, бірақ жергілікті билік оның 77 млн теңгесін ғана игерген көрінеді. Бектенов «басқа облысқа қаржы жетіспейді, ал сіздерде қаржы бар, жұмыс жоқ. Бұлай істеуге болмайды» деп қабақ түйді. Ал Рыспеков 2,8 млрд теңгенің игерілмей қалуына газ тарту желісінің құрылыс құжаттамасы дер кезінде әзірленбегені себеп болғанын айтып, ақталған болды. Қазір облыс халқының 3,5 пайызына ғана газ жетіпті, Рыспеков бұл көрсеткішті 2030 жылы 41 пайызға жеткізуге уәде берді. Биыл Ұлытауға газ құрылысы үшін 3,1 млрд теңге бөлініп отыр, жаңа облыстың жаңа әкімі бұл қаржының қаншасын игере алар екен?..

Үкімет отырысы аяқталған соң Қызылорда облысы өз статистикасын жариялады. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, қазір облыс халқының 80,8 пайызы табиғи газ тұтынып отыр, бұл көрсеткіш биыл жыл аяғына дейін 82 пайызға жетпек. Ал Жамбыл облысында бұл салада тоқырау байқалады. 2022 жылы марқұм Бердібек Сапарбаев әкім болып тұрғанда өңірдегі елді мекендердің 89,5 пайызына газ жеткен. Қазіргі көрсеткіш – 91,1 пайыз (кей дерек бойынша 90,2 пайыз). Соған қарағанда тараздық шенділер кейінгі 3 жыл бойы газ тарту жұмысын естен шығарып алған сияқты.

Солтүстік пен Шығысқа газ қашан жетеді?

Ал мүлде газсыз отырған солтүстіктегі облыстарға көгілдір отын қашан жететіні белгісіз. Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз жиынында Ерлан Ақкенженов тілші сұрағына нақты жауап бере алған жоқ, тек жақын арада тартылатынын айтты. Ел билігі солтүстік пен шығысқа газды қалай жеткізерін білмей жүр. Жоспарда екі жоба бар. Біріншісі, «Сарыарқа» магистралдық газ құбырын тарту. Жоба құны – 188,5 млрд теңге. Бірақ ол үшін алдымен «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырын аяқтау қажет. Демек бұл ұзақ уақыт пен мол қаржыны талап ететін жол.

Екіншісі, Ресейден газ тарту. Бұл жобаның да машақаты көп. Мәскеумен келіссөз оңайға соқпайды, оның үстіне Ресей газы бізден әлдеқайда қымбат. Үкімет мұны да ескеретін шығар. Кешегі үкімет отырысында энергетика министрі Ресей газының Өзбекстанға транзиті мен түркімен және өзбек газын Қытайға тасымалдау мәселесі туралы айтты. Яғни Қазақстан аумағынан бірнеше елдің газ құбыры өтеді. Оларға транзиттік бағыт ұсынғанымыз солтүстік облыстарға Ресей газын жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін. Бірақ Ресей газына тәуелді болып қалу қаупі тағы бар.

Үкімет халықты газбен қамтамасыз етуге асықпайтын сияқты. 2030 жылға дейін көгілдір отын тұтынатын тұрғындар үлесін 65 пайызға жеткіземіз деп отыр. Бұған дейін ауыз сумен қамту деңгейін 2025 жылы 100 пайызға жеткіземін деп белсенген премьер (бұл туралы газетіміздің өткен санында жаздық) газға келгенде неге сонша сенімсіз болып отырғаны түсініксіз. Әрине, үкіметтің ауыз суға қатысты статистикасына көп адам сенбейді. Біз де суды тасып ішіп отырған көптеген ауылды мысалға келтіре отырып, 100 пайыздың ауылы алыс екенін дәлелдеп көрсеттік. Сол сияқты газбен қамтылған 62,4 пайызға да сенім аз.

Қуаныш Қаппас