Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жас Алаш» газетінің 100 жылдық мерейтойына құттықтауы
Президент Қ.К.Тоқаевтың
«Жас Алаш» газетінің
100 жылдық мерейтойына құттықтауы
Құрметті «Жас Алаш» газетінің ұжымы!
Қадірлі оқырман қауым!
Баршаңызды «Жас Алаш» газетінің 100 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!
«Жас Алаштың» жүз жылдық жолы – төл тарихымыздың жылнамасы, ұлт руханиятының шежіресі. Оның алғашқы нөмірі осыдан тура бір ғасыр бұрын 22 наурызда, Ұлыстың ұлы күнінде жарық көруінің символдық мәні зор.
Тұңғыш бас редактор Ғани Мұратбаев бастаған көптеген көрнекті тұлғаларымыздың ел мүддесі жолындағы қайраткерлік қызметі осы басылыммен тығыз байланысты. Кезінде Алаш арыстарының еркін ойларының мінберіне айналған газеттің беттерінде халқымыздың біртуар перзенттерінің айқын қолтаңбасы бар.
«Жас Алаш» – қазақ журналистерінің ұлағатты ұстаханасы. Есімі елге танымал қарымды қаламгерлердің көпшілігі оның қабырғасында шыңдалып, шеберлік мектебінен өткен. Әкем Кемел Тоқаев та «Лениншіл жас» газетінде жауапты хатшы болып бірнеше жыл еңбек етті.
Халқымыз қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтер кезде «Жас Алаш» еліміздің жетістіктерін және құндылықтарын дәріптеуге мол үлес қосатынына сенімдімін.
Газет ұжымына шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін!
Мерейтой құтты болсын!
Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ