Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:24

Президенттің ұстаздарға айрықша ілтипаты бізді толғандырды – педагог-логопед

э

Жақында Астанада білім саласы өкілдерінің қатысуымен дәстүрлі республикалық тамыз конференциясы өтті.

 Биылғы жиын «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбына арналды. Шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, білім беру жүйесінің негізгі басымдықтарын атап өтті. Конференция аясында еліміздің әр өңіріндегі ұстаздар өз ой-пікірін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Солардың бірі – Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты «Д.И.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейінің» педагог-логопеді Гүлмира Әбенова.

Оның айтуынша, Президенттің ұстаздарға деген айрықша ілтипаты мен білім саласына көрсеткен қолдауы конференцияға қатысқан әрбір мұғалімнің көңілінен шықты.

«Мемлекет басшысының ұстаздардың мәртебесін көтеріп, қоғамдағы орнын ерекше атап өтуі бізге ерекше қуаныш сыйлады. Биылғы конференцияда оқушы қауіпсіздігі, білім беру жүйесін цифрландыру, жаңа технологияларды меңгерген тұлға тәрбиелеу, озық білімді саналы ұрпақ қалыптастыру бағытында нақты тапсырмалар жүктелді. Бұл ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік артады», – дейді ол.

Гүлмира Әбенованың бастамасымен Шымкент ұстаздары Мемлекет басшысына «eOtinish» арқылы алғыс хат жолдаған. Оның айтуынша, бұл – бір ғана педагогтің емес, бүкіл қала мұғалімдерінің ортақ тілегі.

«Тамыз кеңесін әріптестерімізбен бірге «Өрлеу» Кәсіби даму институтында көріп, талқыладық. Президенттің ұстаз мәртебесі мен құқығын қорғау жайлы айтқан сөздері бізді толғандырды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, сол сәтте алғыс хат жазуды ұйғардық. Бұл – ұстаздардың еңбегіне ерекше көңіл бөліп отырғаны үшін білдірген алғысымыз еді», – дейді педагог.

Сондай-ақ, ол ұстаздарға мемлекет тарапынан жасалған қолдауларды ерекше атап өтті.

«2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғалы бері мұғалімдердің жағдайы біршама жақсарды. Жалақы өсті, педагогтарды білім беру ісіне қатысы жоқ жұмыстарға тарту мүмкіндігі азайды. Ең бастысы – қоғамда мұғалімге деген көзқарас өзгеріп келеді. Бұл – біз үшін ең үлкен жетістік», – дейді Гүлмира Әбенова.

Ұстаздар қауымының пікірінше, білім беру жүйесінің басты жетістігі – мұғалім мәртебесінің артуы. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса беретінен сенімді.

«Ұстаздардың мәртебесін арттыру – өте маңызды. Себебі ұстаз – жас ұрпақтың бойына біліммен бірге адамгершілік пен тәрбиені дарытатын тұлға», – дейді Гүлмира Әбенова.

Осылайша, Шымкент қаласының ұстаздары Мемлекет басшысының білім саласына айрықша көңіл бөлуін қолдап, олардың мәртебесін арттыру жолындағы қадамдарды маңызды бастама ретінде бағалап отыр.