Прокуратура АЭС референдумына қатысты заңнамалық талаптардың бұзылғанын мәлімдеді
ҚР Бас прокуратурасы АЭС мәселесіне қатысты республикалық референдумға дайындықтың алғашқы күндерінен бастап заңнамалық актілердің талаптары бұзылған фактілерін анықтады.
Бүгінге республикалық референдумға қатысты заңсыз қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізудің 8 фактісі анықталды. 6 жағдайда оларды жеке тұлғалар, ал 2-уінде заңды тұлғалар Орталық референдум комиссиясын алдын ала хабардар етуінсіз жүргізген.
Аталған фактілер бойынша прокуратура органдары 4 азамат пен 2 заңды тұлғаны Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартты, оларға айыппұл салынды. Қалғандары бойынша оларды көзделген жауаптылыққа тарту жөнінде жұмыстар жүргізілуде, делінген хабарламада.
Референдумға қойылған мәселе бойынша азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер үгіткезінде жиналыстарда, митингілерде, азаматтардың жиындарында, бұқаралық ақпарат құралдарында өз пікірлерін білдіруге құқылы. («Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-бабы).
Үгіт кезеңі 3 қыркүйекте басталды және 2024 жылғы 4 қазанға дейін жалғасады (сағат 24:00-ге дейін). Референдумның қарсаңындағы және референдум күндері, яғни 2024 жылғы 5 және 6 қазанында үгіт жүргізуге тыйым салынады. Конституциялық заңға сәйкес («Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-бабының 2, 3, 4-тармақтары) барлық баспа үгiт материалдарында оларды шығарған ұйымдар, оларды басып шығарған орын мен таралым, оларды шығаруға жауапты адамдар туралы мәлiметтер болуы тиiс.
Сонымен қатар, бұқпантай үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады. Үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға рұқсат етілмейді.