Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:40, 15 Қыркүйек 2023

Прокурор Қайрат Боранбаевқа 6 жыл сұрады

None
None

Астана сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы істі қарау барысында Қайрат Боранбаев өз кінәсін мойындады

Астана сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы Қайрат Боранбаевқа қатысты істі қарап жатыр.

Прокурор соттан Қайрат Боранбаевты кінәлі деп танып, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан айыру арқылы 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Прокурор Олжас Хайруллаев сотталушылар Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Тайыр Жанұзақ Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 613-бабының талабына сәйкес кінәні мойындау туралы процестік мәміле түріндегі процессуалдық келісімді жасасу шарттарының бар екенін растағанын атап өтті.

«Сотталушылар азаптауға немесе басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазаларға ұшырамаған, олар өз еркімен кінәсін мойындау үшін процессуалдық келісімге отырған», — деді Хайруллаев сотта.

Прокурор Боранбаевты процессуалдық келісім шеңберінде кінәсін мойындағанын ескере отырып, соттан оны Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігі, 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, 218-бабының 3-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп тануын сұрады.

«Боранбаевқа мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте, оның департаменттерінде, құқық қорғау органдарында лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, 6 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын.», — деді прокурор.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Боранбаев жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық жүйеде өтеуі керек. Ол сот шешімі заңды күшіне енгенше қамауда болады.

Іс бойынша қалған екі айыпталушы Роман Наханов пен Тайыр Жанухақты прокурор 6 және 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Қыркүйектің 14-і күні Қаржы мониторингі агенттігі Қайрат Боранбаев мемлекетке өз еркімен берген 90 миллиард теңгенің мүлкін тапсырғанын хабарлады.

«Тергеу аясында жалпы құны 90 млрд теңгеден асатын мүлікті, оның ішінде мұнай кәсіпшілігін, газ таратушы кәсіпорынды, сервистік кәсіпорынды, қонақ үй және сауда-ойын-сауық кешендерін, фитнес-сауықтыру орталықтары желісін мемлекет меншігіне өз еркімен қайтару шаралары қабылданды», — делінген Антикор хабарламасында.

Сондай-ақ, Қайрат Боранбаевтың Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударғаны белгілі болды.

Еске салайық, өткен жылдың наурыз айында Қаржы мониторингі агенттігі Қайрат Боранбаевқа қатысты квазимемлекеттік сектордағы аса ірі көлемдегі қаражатты ұрлау фактісі бойынша тергеуді бастаған болатын. 17 наурызда елордалық сот Қайрат Боранбаевтың қамауға алынғанын хабарлады.

Боранбаевтың соты 2022 жылдың 30 желтоқсанында басталды. Боранбаевтан басқа оның сенімді адамы Роман Нахановқа, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бұрынғы басқарушы директоры Ибулла Сердіге (маусым айында іздеу жарияланған) және «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жанұзақ Тайырға да айып тағылды.

Астана сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы істі қарау барысында Қайрат Боранбаев өз кінәсін мойындады.

Тегтер: