Психика әлсіздігі әскердегі өлімге себеп пе?

Елімізде соңғы жылдары әскер қатарында жүріп көз жұмған бозбалалардың саны артты.
Статистикалық есепке сәйкес, 2020 жылдан бері 270 әскери қызметкер қаза тапқан. Жалпы, өлім-жітімнің 36 пайызы аурудан, 24 пайызы жол-көлік оқиғасынан, 20 пайызы өз-өзіне қол жұмсау салдарынан болып отыр.
Қазақстан Ресбуликасы бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев бұл туралы: «Құқықтық статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2018-2022 жылдары елімізде 17 631 суицид және 21 332 суицид әрекеті тіркелді. Яғни 10 мың азаматқа 9 суицид және 11 әрекеттен келеді. Оның ішінде 86 суицид және 20 суицид әрекеті әскерде болған. Яғни 10 000 әскери қызметкерге шаққанда алты суицид және бір суицид әрекеті. Демек, әскерде өз-өзіне қол жұмсау деректері жиі болады деген қоғамдық пікір ресми деректермен расталмайды», – деп отыр.
Тас түскен жеріне ауыр болатыны сияқты, сау баласын әскерге жіберіп, мүрдесін күтіп алған ата-ананың қайғысын ешбір ресми дерек жеңілдетпек емес. Әскер қатарындағы өлім жітімнің себептері ретінде әлімжеттік, командирлердің салғырттығы айтылып жүр. Сонымен қатар әскер қатарына алу кезіндегі психологиялық тексерісті де айыптайтындар бар. Осы мәселе төңірегінде психолог Эльвира Қасым:
– Әскери бөлімшелерде және әскерге шақырту орталықтарында психолог мамандардың жұмыс істейтінін білемін. Сонымен қатар әр балаға психотест жасалатынынан да хабардармын. Бірақ олардың қай деңгейде екені және қандай методика сүйенетінін білмеймін. Бірақ адамның психикасының структурасын анықтау үшін бір ғана психотест жеткіліксіз екені анық. Сонымен бірге әскери бөлімшеде бір ғана психолог маман жұмыс істейді. Бұл да өте аз. Өйткені сонша сарбазды зерттеп, зерделеуге оның уақыты да, мүмкіндігі де жетпейді. Осы жағынан әскердегі психолог мамандардың санын арттыруды ұсынар едім. Сонымен қатар психолог мамандардың әскери қызметке мүлде қатысы болмағаны дұрыс. Өйткені офицер-психолог пен сарбаз арасында сенім болмайды. Оның үстіне ол әрбір сарбаз туралы ақпаратты басшылыққа мәлімдеп отыратынын ескерсек, психолог мамандығындағы басты принципі – құпиялылық сақталмайды. Меніңше, осы үшін де сарбаздар психологтың көмегіне жүгінбейді.
– Психологиялық тексеріс кезінде баланың суицидке бару-бармау ықтималдылығын анықтауға бола ма?
– Жалпы, мына бала суицид жасауы мүмкін немесе мүмкін емес деп нақты кесіп айта алмаймыз. Тіпті ол психологтың қалыпты жағдайда тексерісі кезінде де анықталмауы мүмкін. Өйткені адам психикасының деңгейлері болады. Невротикалық, шекаралық және психотикалық болып үш деңгейге бөлінген. Невротикалық деңгейде адам қалыпты жүреді. Өзімен іштей кикілжіңі болмаса, сырттай дұрыс қарым-қатынас түзе алады. Шекаралық деңгейде кикілжің сыртқа шыға бастайды. Психотикалық деңгейде адамның қитұрқы әрекеттері пайда бола бастайды. Кейде адамдар белгілі бір жағдайларға байланысты осы төменгі деңгейлерге қарай түсіп, психикасы әлсірей береді. Осы тұста психологтың көмегі қажет дей аламыз.
Қазіргі таңда суицидтің басты себептері ретінде толық емес отбасы, отбасындағы проблемалар және әлеуметтік жағдайдың төмендігі айтылып жүр. Негізінде суицидке бұл нәрселер ғана бастамайды. Тереңдеп келсеңіз бала психикасының бұзылуы және суицидке бару туралы ойлар нәрестенің іште жатқан кезінен басталуы ықтимал. Әлемдік ғалымдардың зерттеуі бойынша, маньяктар, сериялы адам өлтірушілердің көбінің анасы жүкті кезінде аборт жасатуға дейін барып, белгілі бір себептермен жолдан қайтқандар екен. Яғни жүктілікке іштей дайын болмау, алдырып тастай салсам ба деген жегідей жеген ойлар – бәрі-бәрі іште жатқан нәресте психикасына әсер етіп, қорқыныш туғызады. Сондай балалардың көбі өмірге не өлем, не өлтірем деп келетінін айтуымызға болады.
Эльвира ханымның сөзінің жаны бар. Баланың психикасын зерттеуге ұзақ уақыт қажет. Дамыған елдерде бала бір жыл ішінде бірнеше психологиялық тест тапсырып отырады екен. Белгілі бір қажетті жағдайларда оның мектеп кезінен басталған тест нәтижелері салыстырылып, шешім шығаруға көмек көрсетеді. Ал елімізде медицина бір бөлек те, мектеп психологтары бір бөлек жұмыс істейді. Тіпті баланың психикалық тесттерінің жауаптары немесе салған суреттері архивтерде сақталмауы да ықтимал. Егер осы ақпараттардың бәрі сақталып, ол әскерге қабылдау кезінде тексерілсе ғана баланың толық психологиялық портретін жасауға мүмкіндік туар еді. Жалпы, әскердегі өлім-жітім кейстерін азайту турасында дәл қазір қандай іс-шаралар жасау керек деген сұрағымызға маман:
– Әскерге кеткен балаға үйдегі проблемаларды айтуға, сол мәселелермен оның санасын шимайлауға болмайды. Ата-аналар осыны ескеруі тиіс. Өйткені еркіндікте жүріп-тұрған баланың аз уақытта әскери өмірге үйреніп кете қоюы қиын нәрсе. Оның үстіне отбасылық проблема жамалса, тіпті ауыр болмақ. Сонымен қатар баланы жастайынан ата-анадан бөлек өмір барына үйрету деген мәселе бар. Кейбір ата-аналар балаларын жанында өсіріп, оған жеке өмірінің немесе ата-ананың да жеке өмірінің бар екенін сездірмейді. Бұл да үйден тұңғыш алыс кеткен балаға қиын соқпақ.
Бұрындары мұндай проблемалармен соқтығысып көрмеген қоғам едік. Тәуелсіздік жылдарындағы қиындықтар, жаңа өмірге бейімделе алмау – бәрі-бәрі осы ұрпаққа әсер еткен болар. Расын ату керек, аборттың етек жайғаны сонша, баласын алдырып тастау туралы ойланбаған ана кемде-кем шығар. Ал бұл кішкентай ой іштегі балаға қалай әсер ететінін жоғарыда Эльвира ханым айтып өтті. Сондықтан балаға ішке біткен күннен бастап абай болыңыз.
Әрине, психикалық жай-күй өлім-жітімнің тікелей себепкері емес. Әлімжеттік, командирлер тарапынан көрсетілетін қысым, ұрып-соғу… Міне, басты проблемалар. Біз тек бір мәселеге өзге қырынан қарап көргіміз келген.