Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 24 Қараша 2023

Психологиялық есеймеу және масылдық

Масылдық
Фото: из открытых источников

Қазіргі нарықтық заман «алма піс, аузыма түс» деп күтіп отырмай, ізденуді, әрекет етуді талап етеді. 

Алайда әлеуметтік салалар мен бизнестің даму қарқыны артқанына қарамастан, жұмыссыздар саны азаймай отыр. Әрі қоғамда «маған бер, маған көмектес» деген бір психология оянғандай. Кейбіреулер мұны коммунистік сананың сарқыншағы деп те айтып жатады. Осы мәселе төңірегінде «Жас Алаш» мамандардың басын қосып, әңгіме өрбітті. Дөңгелек үстелге психолог Жанат Болатбекұлы, Жетісу облыстық «Ерлік» мүгедектерді қолдау қызметкерлері қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Роза Ақжаркенқызы, әлеуметтанушы Нұршат Қойшыбай, Жетісу облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығы директоры орынбасары Кәмшат Жұмабекқызы қатысты.

«Жас Алаш»: – Қоғамда маған көмек керек, жәрдем қажет деп, бірде жұмыссыздығына, енді бірде басқа мәселеге қоғамды, мемлекетті кінәлайтындар аз емес. Мұндай күту психологиясы қайдан пайда болады?

Жанат Болатбекұлы: – Адамдар мен олардың ішкі күйі әртүрлі екенін білеміз. Соның ішінде «психологиялық тулымаған», сембиозда қалып қойған, бала позициясындағы адамдар болады. Оны «сепарацияланбаған» деп те айтып жүрміз. Бұл дегеніміз – ересек адам ретінде, тұлға ретінде қалыптаспаған күйдің шартты атауы. Яғни өз өміріне авторлық позициясы қалыптаспаған, маған біреу беру керек, нәресте кезімде анам қалай сүт берсе, қоғам да дәл солай мені асырап, жәрдемдеседі деген деңгей түрі, психологиялық күйден масылдық туады деп айтуға болады. Бұл өзі кәдімгі «жыласам береді» деген ой ғой. Жылау бір кезде адам үшін қажеттілік. Алайда дами келе жылаудың өзі трансформацияға ұшырап, әрекетке, тырысуға алмасуы керек.

Негізі адамның баласы ең әлсіз жаратылыс. Оған ата-ананың қамқорлығы ауадай қажет. Кейінірек «жас психологиясы» бойынша бала өскен сайын ол қамқорлыққа тәуелсіз бола бастайды. Өзі жүріп, өзі сөйлеп, өзі байланыс орнатып, өзі ақша тауып дегендей. Өстіп-өстіп ақыры өзі жеке тұлға ретінде қалыптасады. Орта есеппен 21 жастан бастап мен алуым керек деген ұғым тоқтағаны дұрыс. Себебі осы 21 жастан бастап 40 жасқа дейін қоғаммен алмасу жүреді. Яғни мен қоғамға не беремін, не аламын, оның ара-қатынасы мен тепе-теңдігі қандай деңгейде деген алмасу. Бұл орайда индивид не беремін деген сұраққа көбірек акцент қою керек. Әсіресе 25 жастан асып, ақыл тоқтатқандарға. Ал ақсақал, қария болғанда ақыл беру, тәжірибе беру, кеңес беру сынды процестер жүреді. Демек, қалыптасқан тұлға қоғамға тек берумен болады. Ересек, сау адам осылайша не беремін, қалай беремін деген өмір салтын ұстанады. Ал ішкі күйі есеймеген адамдар алуды ойлап, айналадан талап етіп, «масылдық психологиясымен» күн кешіп жатады.

Роза Ақжаркенқызы: – Масылдық дегенді әрқалай түсінуге болады. Ол әртүрлі қиын кезеңдерден, ортадан, басқа да факторлардың әсерінен туындауы мүмкін. Бірақ бәрімізге берілетіні бір-ақ өмір. Сондықтан не де болса жол табуға тырысу керек. Алайда адамның бәрі бірдей емес. Әркім әртүрлі жолдан өтеді. Ол жолда біреулер іштей мықты болады, кейбіреулер сынғыш, әлсіздеу болып келеді. Сондықтан ешкімді кінәлай алмаймыз. Мәселен, мен өзім талай жыл төсек тартып жаттым. Сол кезде елдер жұмысқа жиналса немесе бара жатса, сүйсіне қарайтынмын. Қол арбада отырған адам үшін жұмыс күні, еңбек күні деген арман. Солайша таңылған шақтарымда, үйде төсек тартып жатқанда жақындарым тамағымды беріп, кірімді жуып, қарап, қамқор болды. Бірақ бір күні іштей көп ойланған мен ақырындап тырыса бастадым. Алғашында үйдің тірліктеріне араласып, кішкене болса да тірліктерді мойныма алдым. Көмек жасасам, қолғабыс қылсам, пайдамды тигізсем деген сол алғашқы ниеттен келіп үлкен қоғамдық қор ашуға дейін бардым. Осылайша, «Ерлік» мүгедектерді қолдау қызметкерлері қоғамдық бірлестігінің негізін қаладым. Қазір 15 жылдай болды, қоғамға теңізге тамшыдай болса да пайдамды тигізсем деп жүріп, талай нәрсе атқардым. Ешкімге қарап отырмай-ақ, масыл болмай-ақ дамуға, өзіңнің үздік нұсқаңды жасауға ұмтылу керек.

«Жас Алаш»: – Мұндай психология мен өмір салтының көбеюі жұмыссыздық деңгейіне қалай әсер етіп отыр? Бізде еңбек нарығындағы ахуал қандай?

Нұршат Қойшыбай: – Жұмыспен қамту, халықты әлеуметтік қолдау әр мемлекетте маңызды тақырыптардың бірі. 2023 жылдың I тоқсанында еліміздегі жұмыспен қамту деңгейі 15 жастан асқан халық санына шаққанда 65 пайыз, жұмыс күшінің санына шаққанда – 95,2 пайызды құрады. Ал қазір бұл көрсеткіш 65,5-ке дейін өсті. Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрап отыр. Демек, санға шаққанда жұмыссыздар саны – 453,4 мың адам. Бұл орайда жұмыспен қамту орталықтарының тиімділігін атап өту керек. Осы жылдың қаңтар айының соңында Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, халықты жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеп жүрген адам ретінде 57,2 мың адам жүгінген. Ал қазір бұл көрсеткіш айтарлықтай өскен – 91,1 мың. Осының негізінде жұмыспен қамту бойынша барлығы 36,4 мың іс-шара өткізіліп, 13 мың адам кәсіптік оқытуға немесе қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға жіберілген. Және тағы 12,7 мың адам қоғамдық жұмыстарға орналасқан.

Ал халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 2023 жылдың басында Қазақстан экономикасының түрлі салаларында 9 млн адам жұмыспен істейтіні анықталды. Оның ішінде 6,9 млн адам жалдамалы жұмыспен айналысса, қалған 2,1 млн халық өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Бұл бұрынғымен салыстырғанда едәуір жақсы көрсеткіш. Мәселен, 2022 жылмен салыстырғанда жалпы жұмыспен қамту 250,8 мың адамға өскен. Оның ішінде 197,7 мыңы жалдамалы жұмыскерлер. Демек, негізгі арту көрсеткіші осы тараптан келіп отыр. Ал өзін-өзі қамтып отырғандардың саны 53,1 мың адамға өскен. Олардың ең көп үлесі сауда, білім беру және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында байқалды. Жұмыспен қамту, еңбек мәселелері сөз болғанда жұмыс сағаты туралы айтылмай қоймайды. Осы мәселеге тоқталар болсақ, бір жұмыспен қамтылған халыққа аптасына нақты жұмыс істеген сағаттары 38 сағатты, бір жалдамалы қызметкерге – 40 сағатты, өзін-өзі жұмыспен қамтыған қызметкерге – 34 сағатты құрады.

«Жас Алаш»: – Еңбекке қабілетті бола тұра, жұмыссыз жүргендердің көп екенін сандар көрсетіп отыр. Бұл масылдық болмаса да, жақсы тенденция емес...

Жанат Болатбекұлы: – Ондай адамдарды қатты кінәлау да қате. Адамда дүниеге келгеннен бастап неше түрлі сұраныстар болады. Олардың қанағаттандырылуы мен ішкі күйге әсері көп нәрсеге әсер етеді. Мәселен, 3-4 жаста бала шығармашылық түрғыда дами бастайды, фантазиясы түзіледі. Ол дұрыс қалыптасуы үшін балаға еркіндік, қамқорлық керек. Осы сынды әр жаста идентификацияның әр түрі қалыптасады. Оның әрбірінің өз қажеттілігі бар. Соның бәрі өз жөнімен өтсе, балада ешқандай «травма» болмайды, ықтималдылық өте төмен. Бұдан түйетініміз, 60 жаста айналаға толық бере алу үшін, 7 жасқа дейін айналадан бар қажеттілікті алу керек.

Ал егер ол кезеңдер дұрыс өтпесе, дефицит болып қалған кезеңдер адамда қайта-қайта қайталанады. Яғни 1,5 жастағы немесе 4 жастағы жетпеген нәрсе ересек адам өмірінің кез келген сәтінде орны ойсырап білініп, адам сол жетпеген қажеттіліктерді іздеуі мүмкін. Мұндай қалыпты емес жағдайға әртүрлі фактор әсер етеді. Десек те, уақыт өте келе олардың толықтырылуы да ғажап емес. Ал толықтыра алмаса, ол адамда тұлғалық қалыптасу, жеке даму болмайды. Енді айтыңызшы, қалыптаспаған адам өз ішінде толық емес болса, қоғамға бірнәрсе бере ала ма? Ондай адамдарда тек «бер-бер» деген позиция болады. Мұндай масылдыққа, психологиялық «есеймей қалуға» жол бермеу үшін әр адам өзін зерттеп, қажеттіліктерін анықтап, ішінде болып жатқан құбылыстарды тани алуы керек. Онымен қоймай барды қабылдап, қажеттілігін өзі өтеуге тырысса, ондай масылдық, бала позициядан шығуға әбден болады. Демек, бұл – әр адамның өз жауапкершілігі. Бала кезде ала алмаса да, 20 жастан асқан адам ол нәрсені өзі жасауға қауқарлы, шамасы келеді, әрі соған міндетті де. Сондықтан ересек адам ешкімге кінә арта алмайды. Бала кезде болмаса да, қазіргі қалыпты қабылдап, сол жерден жаңа қадам жасауға әбден болады.

Роза Ақжаркенқызы: – Жаңа мен өз мысалымды айттым. Қол арбаға таңылып қалған, өзін жоғалтып алуға шақ қалған балалар да көп. Ерекше қажеттілігі бар жандарға әлеуметтену оңай тимейтіні белгілі. Менің мақсатым, қоғамдық бірлестіктің міндеті осындай балаларды аяғына тұрғызу, қолдау көрсету болды. Қандай қиыншылық болса да мойымауға үйрету, олар жамылып алған «мүгедекпін» деген тонды шешкізу, жеке тұлға ретінде қалыптасып, өз жолын табуға ықпал ету үшін барымды салып келемін. Себебі әр адам жеке өзін қамтамасыз ете алуы керек, мейлі үйде болсын, түзде болсын. Өз нанын тауып, өз күнін көре алса, соның өзі бақыт. Масыл болып біреудің қолына қарап отыру деген психология мүлде болмауы керек. Мүмкіндік барда оқып, әрекет еткен дұрыс. Мен тек осы жолда жәрдемдесемін. Өйткені біреулер мықты, тырысады. Ал кейбіреулер жарты жолда өзін жоғалтып алады, қиындықты көтере алмай қалып жатады. Ал негізі, ерекше қажеттілігі бар жандардың көбі өте өнерлі.

Бірде сондай дарындарды тауып, жұмыстарын топтастырып, галерея ашсам деп өңір-өңірді аралауға шықтым. Сол кезде, осы өзіміздің Жетісу облысының Үштөбе қаласынан дарынды бір қызды таптым. Өзі үйден оқиды екен. Алғашқы әңгімеден соң ол өзінің өмір сапасын жақсартқысы келетінін, ештеңеге қарамастан жұмыс істеп, дамығысы келетінін айтты. Біз, әрине, қолдадық. Келсең жұмыс табу үшін барымызды саламыз, бір қаламсап пен компьютер саған да табылады дедім. Сол қыз қол арбада отырса да облыс орталығына көшіп келіп, өзі жалғыз пәтер жалдап, бәріне төзіп, жұмыс істеді. Осы Эльмира деген қызымыз ЖОО-на түсіп, кезекке тұрып, пәтер алып, отбасын да құрды. Міне, мықтылық, масыл болмау, өзің үшін күресу деген осындай болады. Қол-аяғы балғадай, дені сау адамдардың масыл болуы деген осыдан соң тіптен миға қонымсыз. Не болса да, адам адам болу үшін тырысу керек. Бітті.

Тағы да жол апатынан соң қол-аяғы жансызданып қалған Нұрбек деген жігітіміз бар. Ол осы «Ерлік» бірлестігіне Сарқан қаласынан келді. Мен де сіздермен жұмыс істесем қалай қарайсыз деп хабарласқанда мен бірден кел балам, дамимыз, үйренеміз деп шақырдым. Барынша қолдау көрсетуге тырыстық. Елдің арасындасың, бәрі жақсы болады деп барымызды салдық. Өзінің де ұмтылысы ерекше еді. Жұмыс істеп, отбасын құрған ол көпке үлгі. 7 жылдан асты такси қызметінің координаторы. Осы бірлестіктегі бір қыз екеуінің арасында сезім туындап, той болды. Үйін алып, бір шаңырақтың асыраушысы болып отыр. Міне, бұл бір-екі ғана мысал. Мұндай мықты қыз-жігіттеріміз көп. Өкінішке қарай, дені сап-сау болса да садақа сұрап, қайыр тілеп жүргендер де баршылық. Оған қоғамның да көзі үйренген. Соларға қарап ойланып қаласың... Мемлекет маған үй берсін, тамақ берсін, жұмыс берсін деген адамдар әлі де кездеседі. Бірақ ұмытпау керек, ешкім ешкімге ешнәрсе де міндетті емес. Әр адам өз арманы үшін өзі күресу керек.

«Жас Алаш»: – Ал халықтың жұмыс табуы мен өз ісін дөңгелетуіне қаншалықты жағдай жасалып жатыр? Мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралар жұмыссыздар деңгейін азайтуға көмектесе ме?

Нұршат Қойшыбай: – Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» қабылданған болатын. Жоба аясында, біріншіден, еңбек ресурстарын дамыту үшін жұмыс берушілердің сұранысы бойынша оқу ұйымдарында сұранысқа ие дағдыларды оқыту, сондай-ақ тәлімгермен жұмыс орнында кәсіптік оқыту жолға қойылмақ. Оған қоса, еңбек ресурстарын дамытуда бүкіл халық үшін оқытудың цифрлық нысандарына баса назар аударылады. Екіншіден, халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде мемлекеттік гранттар беру арқылы өз бизнесін ашу үшін жағдай жасау ісі басты назарда. 2022 жылдан бастап «Бастау Бизнес» жобасы негізінде кәсіпкерлікке оқыту автоматтандырылып, портал арқылы іске асырылуда. Оған қоса, 2023 жылдан бастап жастар үшін жылдық 2,5 пайызбен 5 млн теңгеге дейін шағын несие беру көзделген. Жас кәсіпкерлерге микрокредиттер үздік бизнес-жобаларды. Үшіншіден, еңбек нарығында белгілі бір кедергілерге тап болған жаңа жұмыс орындарында азаматтарды бейімдеу үшін жұмыс орындарын субсидиялау ісі де қарастырылып отыр. Осының бәрін негізге ала отырып, мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар жасалып жатыр деп топшылауға болады. Ынтасы бар адамдар осы бағдарламаларды қолданып, өз еңбек жолын жасай алады. Тағы да, оқудан кейін жұмыс тәжірибесінің жоқтығын шешу үшін жастар практикасы ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ «ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдардың тәжірибесі мен дағдыларын жас мамандарға беру арқылы жастардың мансаптық дамуы қарастырылған. Бұл да жақсы бастама екені сөзсіз.

Кәмшат Жұмабекқызы: – Назым ханым орынды айтып отыр. Бұл мемлекеттік саясат біздің өңірде де іске асырылып жатыр. Жетісу облысында 2023 жылдың қыркүйегінде халық саны 698,5 мыңды құрады. Оның ішінде жұмыссыз халықтың саны 16,5 мың адам, яғни жұмыссыздық деңгейі төмен – 4,9 пайыз. 2023 жылы Жетісу облысы бойынша 31 560 жұмыс орнын, оның ішінде 21 558 тұрақты жұмыс орнын құруды жоспарлаған болатын. Осы қарашаға дейін 31 599 жұмыс орны құрылды, жоспар артығымен орындалды. Оның басым бөлігі тұрақты жұмыс орны екені тіптен қуантады.

Бұл жолда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба жұмыссыздық деңгейін төмендетуге біршама ықпал етіп отыр. Ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамту шараларын жүзеге асыруға жалпы көлемде 8,8 млрд теңге бөлінді. Соның 283,6 млн теңгесі 1 айдан 6 айға дейінгі оқу мерзімімен 800 орта жастағы адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға арналған. Оған қоса, облыс бойынша «Бастау бизнес» жобасы шеңберінде 1340 адамды оқытуға 811,4 млн теңге мөлшерінде 588 грант және 1 млрд 245 млн теңге көлемінде жастарға 249 микрокредит беру көзделген. Уақытша жұмыспен қамту жағы да назарда. 8,5 мың адамға уақытша жұмыс тауып беру деген мақсатымыз бар. Сонымен қатар 2310 адамды enbek.kz порталы арқылы онлайн оқытпақпыз. Жыл басынан бері облыс бойынша 28 927 адам қызмет алып, 21 305 адам жұмысқа орналастырылды. Ал «Бастау Бизнес» жобасына 4 020 адам жолданып, 219 адамға грант, жастар қатарынан 268 адамға микрокредит алуға оң шешім берілді.

Дөңгелек үстелді жүргізген – Балауса Ділдәбек

Тегтер: