Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:49, 11 Қаңтар 2023

Путин Совет Одағын қайта орнатқысы келеді

None
None

Украина қазір өзінің тәуелсіздігін сақтап қалу үшін ұлт-азаттық күресін жүргізіп жатыр.

Украина бірнеше ғасыр патшалық Ресейдің, содан кейін Қызыл империяның отары болған. Сондықтан да олар отаршылдықтың не екенін жақсы біледі. Сол себепті бодандыққа қайта түспес үшін өздерінің тәуелсіздігін сақтап қалу мақсатында жан алысып жан берісіп,  азаттық үшін соғыс жүргізіп  жатыр.  Қазір ХХІ ғасыр бодандықтың  заманы өткен, бірақ та орыс отаршылдары оны мойындағылары келмейді. Ресей президенті Путин 1991 жылғы Совет Одағының ыдырауын «тарихтың қателігі» деп санап, сондағы тәуелсіздік алған республиканы тәуелсіздігінен айырып қайта Совет Одағын орнатып тарихта қалғысы келеді. Сол республикалардың ішіндегі халқы көп Украинаны бағындырып оны дегеніне көндірсе басқа республикалар қарсылық көрсетпей өздерінің дегеніне көнеді деп ойлайды. Сол мақсатта арнайы соғыс операциясын ұйымдастырып, Украинада соғыс жүргізіп жатыр. Оларға қарсылық көрсеткен Украина патриоттарын «ұлтшылдар», «фашистер» деп атап, оларды қырып-жойып көздерін құртпақшы, сол үшін қару-жарақтың жаңа түрлерін ойлап тауып қалаларын қиратып, халқын сусыз, жарықсыз қалдырып, зорлық-зомбылықтың неше түрін жасап жатыр.

Украиндарға көмек қолын созған Батыс елдерін Украинаны орыс дүниесіне  қарсы қойып отырған солар, сондықтан да бәріне батыс кінәлі деп, біз қазір батыспен соғысып жатырмыз деп үгіт-насихат жүргізуде.  Батыстың Ресеймен үшінші дүниежүзілік соғысқа барғысы келмейтінін жақсы білетін Путин арандатушылыққа барып, оларды атом соғысымен қорқытқысы келеді. Егер де олар Украинаға көмектесуін қоймаса ол атом бомбасын қолдануы мүмкін деп ашық мәлімдейді.

Орыстар болса өздерінің бұл қылмысын ақтау үшін Украиндар мен орыс халқы тілдері, діндері, мәдениеттері бір-біріне жақын туысқан халықтар, сондықтан да олар бірге болулары керек деп үгіт-насихат жүргізуде.  Олардың бұл айтқандары сылтау екенін дәлелдеу үшін мынандай мысал келтіруге болады. Жер бетінде ондай туысқан халықтар өте көп. Мысалы қазақ халқына қырғыз, өзбек, татар халықтарының тілі, діні, салт-дәстүрі өте жақын болып келеді. Егер де біз туысқан халықпыз сондықтан да бірге болуымыз керек деп олардың еліне басып кіріп, жерін жаулап, халқын ассимиляцияласақ орыстардың сендердің бұл істеп отырғандарың дұрыс деп айта қоймайтындары анық. Сондықтан орыстардың Украинаға істеп отырған қылмысын бізде дұрыс деп айта алмаймыз.

Бірақ та Ресейдің бұл әрекетін дұрыс деп санайтын қазақтар да бар екен. 15 желтоқсанда Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырған БҰҰ резолюциясына қарсы дауыс берген елдердің ішінде Қазақстан да бар болып шықты. Қарсы болғандардың ішінде Ресей, Белорусь, Зимбабве, Иран, Қытай, Солтүстік Корея, Сирия және Қазақстан бар. Сонда қалай Ресей Украинаның тәуелсіздігін бұзып, халқын қырып, осындай фашистік қылмыс жасап, отаршылдардың өктемдік саясатын жүргізіп отырғаны дұрыс болғаны ма?

Мәскеудің телеарнасында Драбицкий деген біреу «Ресей, Украинадан кейін Қазақстанға кіруі керек» деген болатын. («Жас Алаш» 01.12.2022 ж.) Сонда да сендердікі дұрыс деп отыра береміз бе? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Украинада жүргізіп отырған саясатына байланысты Қазақстанның позициясының қандай екенін Путиннің көзінше айтқан болатын. Сонда президентіміздің саясатына қарсы саботаж жасап отырған Ақан Рахматуллин деген кім? Сыртқы істер министрлігі қазақтың ұлттық мүддесін қорғай алмайтын дипломатты неге ұстап отыр? Жаңа Қазақстанға ондай адамның керегі жоқ.

Совет Одағы ыдырағаннан кейін Шешенстанға, Молдаваға, Грузияға, Украинаға соғыс ұйымдастырып отырған Ресей болатын. Батыс Ресейдің 1 шаршы метр жеріне де тиіскен жоқ. Сондықтан да Путиннің айтқан арандатушылық саясатын дүниежүзілік үшінші атом соғысына жетпей тұрғанда адамзат баласы оған қарсы шара қолданып, соғыстың бетін қайтарулары керек.

Егерде Путиннің Украинадаға арнайы соғыс операциясы іске асса, келесі Ресейдің құрбаны Қазақстан болатыны анық. Сондықтан да Қазақстан осы кезден бастап бұл апатқа қалай қарсы түрып, қалай қорғануға болатынын ойлануы керек.

Меніңше, бұған қарсы тұрудың бірден-бір амалы бірінші кезекте Ресейдің бұл жоспарын әшкерелеп, халыққа түсіндіретін идеология қажет. Осы идеология арқылы Ресейдің отаршылдық саясатын әшкерелеп, қазақ халқының санасына сіңіре білуіміз керек.

Екінші амал – түрік әлемі бірігіп, орыс әлемінің отаршылдық саясатына қарсы түруі тиіс. Ол үшін Шығыс әлемі Батыс елдері сияқты орыстың ұлы державалық шовенистік саясатына қарсы тұра білулері керек. Сонда ғана дүниежүзінде бейбітшілік орнап, атом соғысын болдырмауға болады.

Тегтер: