Путин Украинадағы 4 облысты жыл соңына дейін басып алуды жоспарлап отыр

Ресей президенті Владимир Путин "биылғы жылдың соңына дейін Ресей әскері Украинадағы төрт облысты – Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье – толық бақылауға алады" деп сенімді мәлімдеме жасады.
Бұл сенімін ол АҚШ президенті Дональд Трамппен алдағы келіссөздерде де басшылыққа алмақ. Осы туралы 19 мамыр күні Bloomberg агенттігі ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Агенттіктің дереккөзіне сүйенсек, Путин Украинаның бұл аймақтарын толығымен басып алуға РФ Қарулы күштері қабілетті деп есептейді. Айта кету керек, Ресей бұл облыстарды соғыс басталғаннан кейін көп ұзамай аннексияланған деп жариялаған еді.
Сонымен қатар, Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Бен Барридің пікірінше, Ресейдің аталған аймақтарды толықтай басып алуы ықтимал емес. Ол Bloomberg-ке берген сұхбатында: "Егер Украина Қарулы күштерінің қорғанысы күйресе, бұл міндетті орындау оңайға соғар еді, алайда қазіргі жағдайда мұндай сценарий шынайы көрінбейді", - деді.
Bloomberg мәліметінше, Дональд Трамп Украинадағы соғысты мүмкіндігінше тезірек тоқтатуға мүдделі. Алайда Ресей президенті әзірге соғыс қимылдарын тоқтатуға дайын екенін білдірмеген. Агенттік дереккөзінің сөзінше, Путин АҚШ тарапынан салынуы мүмкін жаңа санкциялар туралы ескертулерге де аса мән беріп отырған жоқ.
Трамп бұған дейін Путин 30 күндік атысты тоқтату ұсынысын қабылдамаса, Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге дайын екенін мәлімдеген. Соған қарамастан, Ресей әзірге атысты тоқтатпады, ал жаңа санкциялар пакеті АҚШ-та әлі қабылданған жоқ.
Путин мен Трамптың телефон арқылы сөйлесуі 19 мамырға жоспарланған. Ақ үй өкілдері мен Трамптың өзі екі көшбасшының жеке кездесуі де өтуі мүмкін екенін айтқан, бірақ әзірге нақты күн белгіленбеген. Трамп бұған дейін Украина бойынша нақты бейбіт келіссөздерге тек Путинмен бетпе-бет кездескеннен кейін ғана жол ашылады деп мәлімдеген еді.
Еске салайық, 19 мамырға қараған түні Ресей Қарулы күштері Украинаға 112 «Shahed» үлгісіндегі соққы дрондары мен әртүрлі үлгідегі дрон-имитаторлармен жаппай шабуыл жасады. Бұл туралы Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері Telegram арнасында хабарлады. Шабуыл Брянск, Курск, Шаталово, Орел және Миллерово бағыттарынан жасалған.
Әуе шабуылына қарсы қорғанысқа Украина авиациясы, зениттік-зымыран әскерлері, радиоэлектрондық күрес бөлімшелері (РЭБ), ұшқышсыз жүйелер және мобильді атыс топтары жұмылдырылды. Мәскеу уақытымен таңғы 09:30-дағы мәліметке сәйкес, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері елдің шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде 76 «Shahed» дронын залалсыздандырған. Оның ішінде 41-і тікелей атып түсірілсе, 35-і радиоэлектрондық күрес құралдарының көмегімен бағытынан жаңылдырылып, залал келтірместен жойылған.
Шабуыл салдарынан Харьков, Сумы, Донецк, Черкассы және Кировоград облыстары зардап шекті.