Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 12 Шілде 2022

Қабан жырау

None
None

Өткен аптада ҚР  Ұлттық кітапханасында «Қабылиса. Қабан жырау. Тарақ таңбалы арлан» атты танымдық кітаптың тұсаукесері  және «Тарақ таңбалы тарлан» атты Халықаралық жыр мүшәйрасының марапаттау рәсімі өтті.

Мүшайраның Бас  бәйгесін талантты  ақын,  Мемлекеттік  сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы  жеңіп алған  еді. Ақын ағамызды    марапаттымымен құттықтай  отырып,  бас  жүлдені  алған   поэманы  беріп  отырмыз.

ҚАБАН ЖЫРАУ

(Поэма)

І

Кеткенде елден сабыр, сөзден қадір,

Басынан патшалардың озған дәуір.

Қорқыттың көріндей боп үңірейген,

Алдыңда дайын тұрар қазған қабір.

Болып тұр көздің алды қараңғылау,

Қайдасың, жарық түсір, Қабан жырау?!

Ізіңнен басып кеткен адасып қап,

Іздейді тау мен тасың, далаң мынау.

Өзіңді бекер емес жоқтағаным,

Түссем деп сүрлеуіңе оқталамын.

Қараңды көрсем-ау деп көзім талып,

Күн салып көкжиекке көп қарадым.

Өлең де, құлан да бір, құйын да бір,

Құйынға құрық салмай тоқтамадың.

Құланды қуып жетіп ақ табаның,

Шыңғыртып шу асауды ноқталадың.

Енші бер езуіңнен, сөздің пірі,

Бар шығар маған да бір сақтағаның.

Толғасам тарихыңды тереңдегі,

Алысқа жетелейді өлең мені,

Сырғытып, сырғанатып, Сырға апарып,

Шегелеп, шежіреңді шегендеді.

Бастасам Сырманақ пен Шуманақтан,

Сүйегі Сырда жатқан, Шуда жатқан,

Аттарын еске салып аруақтардың,

Өзендер толқын атар тулап аққан.

Бабалар үн қатпайды біз көрмеген,

Елесін өмір өтер іздеуменен.

Маржаны тұңғиықтың таптырмайды,

Сыпыра судың түбін сүзгенменен.

Ел көшер, заман көшер селдей ағып,

Болжамы баяғының қандай анық!

Жамылған қалың көрпе қатты ұйқыдан,

Көтердік басымызды енді оянып.

Атандың жігіт кезден Қабан жырау,

Сыртыңнан оқты көзбен қадалды жау.

Болсаң да Жалайырдың жолбасшысы,

Қазақтың бақыты үшін жаралдың-ау!

Жарысар кім бар сендей желқабызбен,

Көңілді көтереміз енді аңызбен.

Көшіңді орта жолда қалдырмаспыз,

Бұрмаса бетін теріс Алла бізден!

Арқалап бір ғасырды сен де кеттің,

Дүниені шыр көбелек дөңгелеттің.

Жетелеп Жетісуға Жалайырды,

Тар қыспақ, тар қоныстан кеңге жеттің.

Тұра ма асау толқын арна бұзбай,

Көш бастап, күңірендің нар қобыздай.

Алауыз, алтыбақан біздің қазақ,

Қалсын ба айғай шықса қанға қызбай?!

Іргеде тұрған шақта жау дүбірлеп,

Хабарын жеткізеді жел күбірлеп.

Білмеген қабіріңнің қайда екенін,

Қазағың қадіріңді енді білмек.

Жырладың ел бірлігін, ел намысын,

Бекіттің үзілгеннің жалғап ұшын.

Балқаштың шыға келші қамысынан,

Ақырып шұбарала жолбарысым!

Көргенде шын абыздың түр-тұлғасын,

Көтерсін қайраттанып жұртың басын.

Сілкініп тыныш тұрған Алатау да,

Іленің толқындары бір туласын.

ІІ

Қабекең ел қамқоры, ел ағасы,

Халқына ханнан қымбат қара басы.

Саңқылдап сөз бастапты топ алдында,

Қырандай сыпырылған томағасы.

Тапталған қас дұшпанның табанында,

Батады өткенді айтсаң дала мұңға,

Татпаған Сырдың суын қазақ бар ма,

«Ақтабан-шұбырынды» заманында.

Ішінде Жалайырдың Мырза атасы,

Мәңгілік мызғымайтын іргетасы.

Мыңдардың көсегесін көгертіпті,

Қабанның беріп кеткен бір батасы.

Атаның дәстүрі мен жолын қуған,

Асаннан арыстандай алты ұл туған.

Ел қорғап, алтауы да атқа қонып,

Тағынып бес қаруын белін буған.

Алты ұлдың ортасында Қабан бөлек,

Қабанды тану үшін заман керек!

Желге ұшып сай-салаға сіңіп кеткен,

Халықтың жадындағы тәмам дерек.

Қанаты қырандардың күнде талған,

Кезеңде кіндік қаны Сырда тамған.

Қаңбақтай тағдыр желі төңкермесе,

Тобымен туған жерден кім кете алған?

Тіксініп түрі бөтен сұм заманнан,

Ақындар ет жүрегін уға малған.

Шапқанда құба қалмақ тұтқиылдан,

Қалың ел үрке қашып Сырға барған.

Емізген жылағанды Сыр – анасы,

Ағайын, оны менен сұрамашы!

Анықтап ол жайында айтып кеткен,

Алаштың Шәкәрімдей ғұламасы.

Тамызып көз майын да, тіл майын да,

Жазбаса, тарих сақтар кімді ойында?

«Жиырма үшінші жыл мың жеті жүз,

Қазақтың жүргені анық Сыр бойында».

Жүргендер жаяу-жалпы қыр аспайды,

Ұрпақсыз өмір көші ұласпайды.

Баласы Бабатайдың ұлы жырау –

Дулат та Шәкәрімді растайды.

Келеміз ойға сақтап ес білгелі,

Жалған деп айта алмайды ешкім де оны.

Дулаттың жырларында сайрап жатыр,

Шұбырған шаң шұбатып көштің жолы.

Қуған соң қалмақтарды Сырдан бері,

Қалың ел аттың басын бұрған кері.

Бұлдырап белден-белді асқан сайын,

Қалыпты Қабылисаның туған жері.

Алдынан жарқыраса үміт таңы,

Халықтың еске түсер ұмытқаны.

Келіпті Жетісуға көшті бастап,

Көреген Қабан жырау қырықтағы.

Айдынға аққу-қаздай қалқып қонар,

Көргенде жеті өзенді шалқыпты олар.

Бірігіп ел басқарған игі жақсы,

Ескелді, Райымбек, Балпық та бар.

Тарландар тізгін ұстап елді ойлаған,

Жұмылып тәуекелге бел байлаған.

Ерлердің арқасында қазақ жұрты,

Сарыарқа, Жетісуды кең жайлаған.

Ескелді, Балпық биді кім білмейді?

Ес болған ел-жұртына білгір дейді.

Тарихтың сырын шертіп кешегі өткен,

Еңселі күмбездері күмбірлейді.

Дұшпанның көре алмаған тасқа тілі,

Алыптар алты Алашты қосты ақыры.

Хангелді қаһарманның немересі -

Албанның Райымбек бас батыры!

Қазағым, біле білсең түзелді көш,

Баяғы бабалардай тізеңді қос.

Қасқайып қатар тұрып ел қорғаған,

Хангелді Қабанбаймен үзеңгілес.

Сүйегі Аягөзде Хангелдінің,

Естігем қан майданда өлгендігін.

Ұмытып қалмасын деп кейінгі ұрпақ,

Жеткізген қариялар желден бұрын.

Қалыпты хас батырлар әр төбеде,

Жеріңе қызықпаса жау төне ме?

Көрінген бітпейтіндей әу басында,

Аяғы сұм жалғанның келте неге?

Тудырған жаннан бөлек Хақ тағала,

Ерлерді жоқтамайды текке дала.

Мүрдесі Түркістанда Бөгенбайдың,

Зираты Қабанбайдың Ақмолада.

Бостандық, бейбітшілік қандай тәтті,

Мына өмір соны бізге сан байқатты.

Бабалар аруағынан айналайық,

Қорғаған осыншама кең байтақты!

Десек те беті қайтып, мұқалды жау,

Тарихта талай-талай жұқардық-ау.

Арқаға төңкерілген көш алдында,

Келгеннің бірі сонда – Бұқар жырау.

Өзгермей қаз-қалпында өмір тұрмас,

Артына аққан жылдар мойын бұрмас.

Бұқар мен Қабылиса бір жылғы төл,

Заманы, тағдыры бір түйдей құрдас.

Түбінде бір сүрінер жүрген аяқ,

Қайтыпты екеуі де жүзге таяп.

Көмейі бүлкілдеген әулиелер,

Дүниеге келеді екен некен-саяқ.

Жалғаған тарих көшін ғасырларға,

Қашанда ел разы асылдарға.

Солар ғой жұртқа тірек бола білген,

Тар кезең, тайғақ кешу асуларда.

Айтқанмен өкпе жүрмес заманға көп,

Қол созар кім бар дейсің табанда кеп?

Сауласа сарқылмайтын сөз сабасы,

Дариға, Бұқар да жоқ, Қабан да жоқ.

Ере алмас есек байғұс ат қасына,

Шошқа үрер ит қорада жоқта сірә.

Байланды сан тұлпардың оққа басы,

Тағдырдың сыймаған тар ноқтасына.

Бұл қазақ не көрмеген, не кешпеген,

Күні жоқ қасіретпен егеспеген.

Құнарлы топыраққа құрақ бітер,

Тамырсыз тақыр жерге шөп өспеген.

Қазақтың қара тілі  – дала тілі,

Содан ғой жұлдызының жанатыны.

Сол тілді білгендіктен, бозторғайдың,

Шырқатып таңнан әнге салатыны.

Қабан да қаймағынан қалқып ішкен,

Табынған Жетісудың бар ақыны.

Маңына марқасқалар жолатпаған,

Жел сөзді желеу еткен дарақыны.

Болыпты Қабан жырау – ел қорғаны,

Бағынған Жалайырдың көкжалдары.

Мал жинап, боқ дүниеге алданбаған,

Мыңғырып өлең екен өрген малы.

Әрі би, әрі жырау, әрі батыр,

Қабанның бір өзінде бәрі жатыр.

Елім деп еңіреген есіл ердің,

Басында бағы да тұр, соры да тұр.

Қабансыз дау түйіні шешілмеген,

Жері жоқ көп алдында көсілмеген.

Толғаса түннен-түнге, таңнан-таңға,

Жырының жаққан отын өшірмеген.

Билігі қара қылды қақ жарыпты,

Көргендер үкіміне таңғалыпты.

«Туған жоқ тура биде» дегендейін,

Тек қана әділдікті олжа қыпты.

Өзгермей өмір бойы бір қалыптан,

Жүрегін жылағанның шындап ұққан.

Жасаған қылмысына көзі жетсе,

Аямай туысын да құнға жыққан.

Ақылмен ел арасын бекемдеген,

Жетіпті арманына жетем деген.

Халықтың жан жарасын жырмен жазып,

Кісі екен көпке дауыс көтермеген.

Жек көріп шіренгенді байлығымен,

Мұңдасқан жетім-жесір қайғылымен.

Баланың келешегін көріп білген,

Тұлпарды танығандай тай күнінен.

Есіктен аттай сала төрге өрлеген,

Дарынсыз даңғойларға жол бермеген.

Күшіктей көшіне еріп апта бойы,

Сүйінбай бата сұрап телмеңдеген.

Тірлікте тастан ауыр тағдыр жүгі,

Салмағын салатұғын әрбір күні.

Қабағы кең даланың ашылмайды,

Төгілтіп сайрамаса таң бұлбұлы.

Сыйынған пендеге емес тек құдайға,

Шіркін-ай, сол ақындар кетті қайда?

Қабанның езуінен енші алыпты,

Жамбыл да, Құлманбет те, Бақтыбай да.

Тасқындай таудан төмен құлдыраған,

Тарихты сан аунатып тынды заман.

Қозғасақ Қадырғали, Мұқылайдан,

Кетеміз тым арыға бұлдыраған.

Атанған Жетісудың кемеңгері,

Көрінер Қабан жырау одан бері.

Сақталған сары майдай қарындағы,

Жетпеген, әттең, түгел өлеңдері.

Салғанмен сөздің ою-өрнегін көп,

Биікке дей алмаймын өрледім деп.

Жақсысын Жалайырдың санағанда,

Қабандай сұңғыланы көргенім жоқ.

Қабаннан Жетісуда жан аспаған,

Ізіне ерген ақын адаспаған.

Бөбегі бесігінен шошынғанда,

Өлеңнің аршасымен аластаған.

Ұқсаған Алатаудың жаңбырына,

Мол жырдан ақ моншақтай қалды мұра.

Әуезов, Уәлиханов баға беріп,

Тарихтың салып кеткен сандығына.

Тұрғанда лаулап жанып өмір-ошақ,

Не болдық өткендерді танымасақ?

Намыстың көк семсерін сертке байлап,

Ерліктің қайрағына жанымасақ.

Жетісу – жер жәннаты, жердің гүлі,

Сайраған бақшасында сан бұлбұлы.

Оянар ұйқысынан сылаң қағып,

Түскенде себезгілеп таңның нұры.

Алдына жан салмаған қара тілден,

Айтысқан әнші Біржан Сара ақынмен.

Шын болса, екеуінің айтысына

Құлағын ұлан-байтақ дала түрген.

Көзімен анық көрген куәгері,

Демейді Сара сөзден құлап еді.

Қабанға сыйыныпты сол айтыста,

Ақынның қыздан шыққан құлагері.

Асауын өлең-жырдың жүгендеген,

Сара қыз сөзден есе жібермеген.

Айтыста тыңдағанды тамсандырып,

Жыраудың жеті атасын түгендеген.

Қабанның тұлпар текті арғы түбі,

Құйғандай сом алтыннан сөз бітімі.

Сүйенсек ұлы Абайға адам өлмес,

Артына сөз қалдырған мәңгі тірі.

Тұрған соң ақиқатқа көз қадалып,

Қайтеміз артық-ауыс сөзге барып.

Сара мен сал Біржанды айтысқан қып,

Бұл жырды Әріп ақын жазғаны анық.

Жарытып сөйлей алмас жарымаған,

Ақынның сақта, Құдай, бәрін аман!

Тағдыры дауға түскен сол дастанның,

Ұнайды Қабанды айтқан жері маған.

Шын жүйрік қанша шапса болдырмаған,

Қабанды Бақтыбай да көп жырлаған.

Жампозы, Жетісудың желмаясы,

Жырауға тірі жанды тең қылмаған.

Айтыста сыйыныпты Қабанға ол да,

Қабан да сайысыпты замандарда.

Сан қызды сүріндірген сөзден ұтып,

Ұстаған қашағандай қамап жарға.

Өткеннен алыстатар әр таң бізді,

Талай қыз ұстатпады, арқанды үзді.

Болды екен қандай күйде қайран жырау,

Жеңгенде Тұмарша мен Таутан қызды.

Таутанмен сөз сайысы таңға ұласып,

Екеуін тыңдапты жұрт аузын ашып.

Жұмбақтап кеткеніне қарағанда,

Сол қызға деген сөз бар болды ғашық.

Ап-анық тұр емес пе болжағанға,

Елшілік ете алмаймын ол заманға.

Жамбылдар қайтер еді Сүйінбайдың

Алдында Қабан жырау болмағанда?

Өкпесі өлеңменен демалатын,

Айтыстың ұлы атасы – Қабан ақын!

Құлашын шапқан сайын кең алатын,

Тарланға тастап кеткен аманатын...

ІІІ

Түбіне сұм дүние тартып тынар,

Шыққанша бір шетіне малтықтырар.

Құлағым Қабан десе елең қағып,

Көңілім елегізіп елтіп тұрар.

Мақұлда бұл сөзімді, мақұлдама,

Естуші ем еміс-еміс атын ғана.

Аруағы киелінің алаламай,

Дем берер алысқа да, жақынға да.

Өтіпті сұм жалғаннан ақын Қабан,

Көмейден сөз маржаны лақылдаған.

Жүректің оты сөнсе тыным табар,

Қызыл тіл таңдайдағы тақылдаған.

Жұрт отыр сол бір тауда, сол далада,

Көш бастар ұл тумаса ел бола ма?

Киесі Қабан жырау қолдамаса,

Төгіліп Мұқағали толғана ма?

Ем іздеп жанын жеген жарасына,

Аһ, ұрған қайран ақын аласұра.

Сыйынып бабасына ұран салған,

Алғанда Қабан жырау панасына!

Қарайды жүйрік біткен шамасына,

Түскенде сәйгүліктер арасына.

Тұяғы одан сайын қыза түсер,

Тұлпардың тас тигенде тағасына.

Күн батып, таңдар атып арайлаған,

Алмасты содан бері талай заман.

Іленің жағасында жатыр мызғып,

Көріпкел артына көп қарайлаған.

Ұлылар тірісінде көп ойланған,

Алды оның Абылай мен Абай болған!

Бұлдырап ұшып-қонған бақыт құсы,

Олардың басынан да сан айналған.

Қазақтың бүтіндеген қабырғасын,

Хандардың қасынан кім табылмасын?

Барғанда оң жағынан орын беріп,

Сыйлаған Абылай да оның басын.

Қызыл тіл талай жанды елжіреткен,

Көз жасын таңғы шықтай мөлдіреткен.

Ұқпаса құлықсыздың кінә өзінде,

Шықпаса жұртқа жетпес сөз жүректен.

Қаншама қиянатқа төзгенімен,

Кетіп тұр тілден қуат, сөзден рең.

Өз тілін қазақ өзі құрбан қылып,

Өз көрін қазып жатыр өз қолымен.

Тұра ма ай аунамай, жыл аунамай,

Күн батса таң сарғайып қылаңдамай?

Кеттіңдер тұңғиыққа тастай батып,

От ауыз, орақ тілді жыраулар-ай!

Жалғанның жұмбағына қалам қайран,

Тірлікті кім көріпті кері айналған?

Тау асып, тасты басып табанды ойған,

Іздесем іздеріңді табам қайдан?

Нәр алдық ғасырлармен сырлас болған,

Көзіндей көнелердің жыр-дастаннан.

Қалың ел шөліркесе ақынға Алла,

Шабыттың көк нөсерін құйды аспаннан!

Туғанмен ер азайып, ездің айы,

Жұмғанмен жараспайды көзді ұдайы.

Сөйлесе жайдың оғын жаудыратын,

Япыр-ау, қайдасыңдар сөз құдайы!

Жіберші Ақтанберді жалғап ойды,

Қазтуған қай жақта екен қарға бойлы?

Барсың ба қарт Бөгенбай, ер Қабанбай,

Жан-жақтан дау көбейді, жау көбейді.

Белгісіз пәле қайдан, жала қайдан,

Шығады не шықса да жадағайдан.

Ақырған арыстан көп, данышпан жоқ,

Халықтың дегеніне көне қойған.

Бұл күнде үйіретін құйындай кеп,

Тезекті бүріп түсер Сүйінбай жоқ.

Заманның қос бүйірі бүлкілдейді,

Тұлыпқа мөңіреген сиырдай боп.

Ілияс, Мағжан қайда, Қасым қайда,

Төтеден Мұқағали қосылмай ма?

Жыласам жеті атамды жоқтағандай,

Көл болып көздің жасы жосылмай ма?

Көрінген көзге бірдей ақ-қарасы,

Белгілі өмір көші тоқтамасы.

Әрқашан озық тұрар топта басы,

Жалайыр  – ұлы жүздің ноқта ағасы.

Сыйлаған ата салтын қазақ барда,

Болмайды бауырлардың бақталасы.

Құрысын қанды қырғын тақ таласы!

Көзінен жүрегімнің тамады мұң,

Жан күйін кім ұғады жаралының?

Қаңтарда күңірендің, қайран абыз,

Көріңде жариялап Қаралы күн...

Тартысып тағдырменен табандаған,

Ел мынау, ертеңіне алаңдаған.

Қоржынын қара өлеңнің арқалаған,

Жүгінді алдыңа кеп жаман балаң!

Жемқордан жұрт көңілі тұр жерініп,

Күтеді кімнен медет, кімнен үміт?

Желбіреп ақ шапаның, ақ сақалың,

Кетсеңші осындайда бір көрініп?!

Хандарға болған емес сарай тұрақ,

Тарихта көшкен олар талай шұбап.

Мінгенде намысына қалың қазақ,

Жатасың, Қабан ата, қалай шыдап?

Көргем жоқ қобызыңды, домбыраңды,

Қорғаймыз қолымызда бар мұраңды.

Мені де балдағыңа қондыра кет,

Тұғырға қондырып ең сан қыранды.

Әулием, рухың биік, тұрқың биік,

Тылсымнан тіл қатасың бір тұңғиық.

Қазаққа қасиетің түгел дарып,

Аспаннан алтын нұрын тұрсын құйып!

27.06.2022

Тегтер: