«Qaitalanbasyn». Пропаганданың демеушісі құпия
Кез келген қоғамды қозғаушы әрі біріктіруші күш – идеология болса керек. Сол үшін де қай заманда да адамзат, қоғам белгілі идеологиялардың жетегінде, соған қызмет етіп өмір сүріп келеді.
Кейде бұл жетекке адам баласы саналы түрде, кейде бейсаналы түрде еретіні бар. Қоғамдық сананы манипуляциялау қандай да бір ұстанымдардың жетегіне қалай еріп кеткеніңді білдірмей, байқатпай, сананы ақырын ғана улайтын тәсіл десек, қоғам әдетте ақпараттың құрсауында немесе түрлі пропаганданың айдауында екенін тіпті де түсінбеуі мүмкін. Алайда қолында билігі бар топтардың өз ықпалын жүргізу немесе сөзін өткізу үшін қолданатын түрлі тәсілінің құрбанына айналып кету әсілінде өте оңай екен.
Джордж Оруэл: «Биліктің біліктілігін ғылым мен өнерге деген қарым-қатынасы айқындайды. Себебі өнер мен ғылым күллі адамзаттың игілігі үшін туатын биліктің құралы» дейді. Жазушы айтқандай, өнер адамзат жаратылғалы бері жаратылыстың ішкі күй-пернесін дөп басып, күллі жан дүниесін бейнелеу мен сезімдерін білдіру арқылы қоғамдық сана мен мәдениетке әсер ету құралы ретінде қызмет етіп келеді. «Көпте ақыл жоқ», сол көптің санасына өнердің тигізер ықпалы жоғары. Өнердің манипуляциялық рөлі оның эмоциялық күшіне, ықпалына негізделеді. Кез келген өнер туындысы адамға эмоция сыйлайтынын ескерсек, шығарманың эмоциялық әсері көпті түйсік арқылы басқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қандай да бір туынды көп жағдайда әлеуметтік және саяси қатынастарды айқын көрсету арқылы қоғамдағы күшейген идеологиялық қысымның құралдарына айналады. Бұл әсіресе диктаторлық режимдерде айқын байқалады, мұндай кезеңдерде үкімет халықтың сезімін, сенімін, ой-пікірін манипуляциялау үшін өнерді тиімді пайдаланған. Мәселен, 1930-шы жылдары фашистік Германияда Нацистік партияның насихаттаушысы ретінде шығармашыл тұлғалар маңызды рөл атқарды. Әдетте өнер иелері партияның идеологиясын дәріптеу және неміс халқының патриоттық сезімін арттыру мақсатында жұмыс істеді. Нацистік Германияның көркемөнер өкілдері, оның ішінде суретшілер мен мүсіншілер, өнерді «арийлік» идеологияны жақтайтын құрал ретінде қолданды. Олар тек идеологияны ғана емес, фашистік режимнің басшылығына адалдықты көрсету үшін де аянбай жұмыс істеген еді. Пропаганда моделінің авторлары Герман және Хомскидің «Manufacturing Consent» (2002) деген кітабында бұқаралық медианың ХХ ғасырда екіжүзді саясаттың дамуына ықпал еткендігі айтылады. Әсіресе бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс кезінде пропаганда өзінің шырқау шегіне жеткен. ХХІ ғасырда жаңа медиа технологиялары оның дамуын басқа сатыға көтерді. Соның ішінде кез келген ұстанымды үгіт-насихат жасау үшін киноның ықпалды рөлі бар екенін ешкім жоққа шығара алмас.
Бүгінде кино өнері – қоғамдық сананың қай саласын да оңай қамтып, адамзат құндылықтарына ықпал етіп, бүкіл адамзат қауымының дүниетанымын қалыптастырушы, әбден тұғырына қонған әлеуметтік институтқа айналып үлгерді. Насихат құралы ретінде кино адам санасына аса қуатты эмоциялық ықпал етуге қабілетті, оны көрген көрерменнің көкейінде экрандағы кейіпкердің, тарихтағы шынайы рөлі қандай болғанына қарамастан, «әділдігі» және моральдық үстемдігі туралы көзқарас қалыптасады. Мысалы, күні кеше жарыққа шыққан «Қайталанбасын» фильмі осы сөзімізге айқын дәлел. Бір-біріне тағдыры қабысып жатқан бес кейіпкердің оқиғасын көрсететін киноальманахтың қаузаған тақырыбы, көтерген идеясы – қанды Қаңтар оқиғасы. Диас Бертіс, Модиар Абдукадыров, Дархан Төлегенов, Олжас Ермекбаев пен Берік Жаханов есімді бес жас режиссердің қолынан шыққан аталмыш туынды шынайы оқиғаға негізделген дегенімізбен, жанрын деректі фильм дей алмас едік. Көркем фильм деп атай салу үшін де, тым жұтаң, жалаң боп көрінді. Ең назар аударарлық дүние – фильмді қаржыландырған топ не тұлғаның есімі жасырын қалған. Демеушісі құпия. Фильм Қаңтар оқиғасы туралы дегенімізбен, ұстанған идеясы шындықтан әлдеқайда алыс жатқандай боп көрінді. Туындының өн бойы бұзақылық пен ұрлық-қарлық туралы десек те болады, фильм сюжеті бойынша қарапайым халықтан гөрі «арандатушылардан» әскерилер мен полицейлер әлдеқайда көп жапа шеккен, қолынан қаза тапқан. Қаңтарды көбіне көп тәртіпсіздік пен бейберекетсіздік деп сипаттайды. Азаматтардың әу баста бейбіт түрде саяси талап қойғаны санаулы секундта ғана көрсетілгені болмаса, туынды дүрбелеңнің қалай басталғанын көрсетпейді, оққа ұшқандар туралы сөз қозғамайды.
Кино әлемі мен қоғам арасында өзара тұрақты әрі тығыз байланыс бар. Осы байланыстың арқасында кино көпшілікті біріктіреді, рухани байытады, экранның тылсым әсері арқылы адамның ішкі жан дүниесін, мінез-құлқын, болмыс-бітімі мен іс-әрекетін дәл беретін немесе өзгертетін сезім-эмоция атаулының қайталанбас мың-сан қатпары туындайды. Алайда кино өнерін пропаганда құралы ретінде қолдану – шығармашылық еркіндікті шектеп, өнер атаулының құнын жоғалтуға алып келері анық. «Қайталанбасын» фильмі де шындықты бұрмалап, қоғам көңілін әлде немен алдарқату, маңызды дүниені дүрмекпен алмастыру үшін түсіріле салған жұмыс екені байқалады. Фильм жайында жас жазушы, аудармашы Сафина Ақтай және өнер мен пропаганда тақырыбында Еңлік Егеубаева ой тарқатты.
Сафина Ақтай: Жалаң образдар мен пропагандалық идеялар жиынтығы
«Qaitalanbasyn» қазақстандық бес жас режиссер – Диас Бертіс, Модиар Абдукадыров, Дархан Төлегенов, Олжас Ермекбаев пен Берік Жахановтың туындысы, фильмді түсіргендер оның деректі емес көркем фильм екенін алға тартады. Фильм продюсерлерінің бірі Анна Чакиртова Ulys.media басылымына берген сұхбатында: «Біз үшін бұл жоба – курсанттар немесе бейбіт тұрғындар, полиция қызметкерлері немесе кездейсоқ өтіп бара жатқан адам болсын, кім екені маңызды емес, бастысы – қаза тапқан жандарға арналған ескерткіш. Біз үшін олардың бәрі осы сұмдық оқиғаның құрбаны болған Қазақстан азаматтары» дейді.
Десе де, фильмді түсірушілер оқиғаға жалпылама сипат беріп, біржақты ұстанымға иек артпаймыз әрі бұл көркем фильм деген күннің өзінде фильмнің сипаты мүлдем басқа және бірқатар этикалық дилеммалармен бетпе-бет келеді. Жаңа жыл қарсаңында түнгі клубқа келген жастардың арасында төбелес шығып, байдың баласымен жаға жыртысып қалған қарапайым жігіттерді полиция бөлімшесіне алып кетеді. Ал әскери академияда білім алатын қалталы жігіт әдеттегідей бәрін бір қоңыраумен шешіп, айыптан оңай сытылады. Оқиғаның ақ-қарасын көрген даяшы жігіт шындықты айтуға мейлінше талпынғанымен, жұмыстан шығып, тауы шағылып, үйіне оралады. Полиция бөлімшесінде отырған кейіпкерге полиция қызметкері ақша берсең, оңай құтыласың дегенді меңзеп, ол төлеуге тиіс сомманы қағазға жазып қалдырады. Енді ұзақ жылға сотталмай, бұл даудан басын аман алып қалу үшін жас жігіт ақша іздеуге мәжбүр. Фильм басталғанда төбе көрсеткен бұл кейіпкерлер картина таспалауға тырысқан Қаңтар оқиғасының негізгі хронологиясына бастан-аяқ қатысады. Иә, олар күрделі де тағдыршешті шешімдерге тап болады, бірақ олардың таңдау еркі дәл оқиғаның өзіндей саяси сипатқа ие. Қақтығыс басталған тұста экраннан Тоқаевтың «Билік құламайды, бірақ бізге өзара сенім және өзара диалог керек. Ал жастарға айтарым, жарқын болашақтарыңа балта шаппаңдар» деген мәлімдемесі беріледі. Бірақ «ескертусіз оқ ату» туралы маңызды мәлімдеме көрсетілмеген. Алаңға жиналған бейбіт тұрғындар өз талаптарын қойып жатқан тұста қарсы беттегі әкімдікті белгісіз біреулер өртейді, алаңға көлікпен қару асынған бір топ «бұзақылар» келеді. Оны байқаған ақсақалдың «біз мирный митингке шықтық қой» деген сөзі бұл тұста бейбіт тұрғындар мен қару асынған, бәрін қиратып, сындырушы екі тараптың бар екенін меңзейді. Ал қақтығыстар күшейген тұста келген полиция қызметкерлері үшінші тарапқа айналады. Осылайша, қиян-кескі қақтығыстар легі басталады.
Фильмнің басындағы алғысөзде фильм шынайы оқиғаға негізделген дейді. Бірақ фильмнің өң бойында шынайы оқиғалардың мейлінше бұрмаланғанын көреміз. Бірнеше тұсына тоқталайық. Мұражайға көптеген «басбұзарлар» кіріп келіп, «Алтын адам» тұрған витринаны шағады. Бұл шындыққа жанаспайды және біріншіден осы арқылы мемлекеттік маңызы бар ғимараттарға шабуыл жасалды дегенді меңзесе керек. Витринаны сындыру, музей ішінде жасырынған әскерилер мен қызметкерлерді соққыға жығу, музей басшысына пышақ кезеу расымен болған іс пе? Егер болмаса, сценаристер бұл оқиғаны қандай мақсатта ойлап тапты.
Атқа мінген «ұры қазақ». Фильмнің бір тұсында алаңда атқа мінген қазақтың судай жаңа теледидарды қолды етіп бара жатқанын көрсетеді. Қаланың ішінде атпен жүрмейтінімізді ескерсек, оның атқа мінгені алыс ауылдан келген «жабайы» қазақты меңзегені ме? Оған жақындап келген үш жігітке ол қазақшалап: «Әділдік орнады, енді билік жоқ, тонай беруге болады» деп үн қатады. Бұл – этиканың өрескел бұзылуы. Сонда салт атты қазақтың бәрі ұры ма? Ал әділет орнады деген сөзді олардың түсінігіндегі «ұры-қарының» аузына салып беруі бұл үлкен жаңылысқа бастайды.
Фильмнің өң бойы қанды трагедияда тек әскери қызметкерлер ғана зардап шеккендей көрсетілген. Белгісіз біреулер әскери казармадағы жап-жас сарбаздарды қырып салады, формадағы полиция көрсе, бірден соған жабылып, қан-жоса етіп сабайды, тіпті біреуін басынан аяусыз атып салады. Оларды кімдер соққыға жығып жатыр: бейбіт халық па, әлде террористер ме, ол – белгісіз.
Фильм Қаңтар қасіретін терең талдай алмаған, өте жалаң образдар, көтеріліcшілердің де жиынтық образы жоқ, мейлінше пропагандалық идеялар және ақылға қонбайтын сценарийді алға тарта отырып, шын мәнінде болған оқиғаға мейлінше жаңылыс сипат береді. Сайып келгенде, әлі күнге түйіні шешілмеген Қаңтар оқиғасына қатысты қазіргі қоғамда өзекті талданып жатқан маңызды мәселелер шетін қалған. Бұл жалған сенімге иек артқан, өнер мен деректілікті бұлыңғыр шыңырауға лақтырған симуляциялық лоқсудан басқа ештеңе емес. Сондықтан «Qaitalanbasyn» енді қайталанбасын.
Еңлік Егеубаева: Белгілі бір тақырыпқа қаржы бөлу – режиссерлердің шығармашылық еркіндігін шектейді
Негізінен өнер идеология құралы емес. Алайда саяси себептерге байланысты дін мен саясат, пропаганда құралына айналғаны рас. Оған қазіргі таңда шедеврлерге айналған антика, классицизм заманындағы сурет өнері, барокко дәуіріндегі музыканы да айта аламыз. Өз кинокеңістігімізде пропаганда жайлы айтсақ, біздегі цензура мен пропаганданың басы КСРО-ға барып тіреледі. КСРО-да киноиндустрияны идеология ретінде қолдану Ленин заманында басталған. Мысалы, Лениннің «Біз үшін ең маңызды өнер – кино» деген сөзі киноны ұлықтау немесе оның ең танымал өнер түрі болатынын болжағандықтан емес, киноның аудиовизуалды өнер ретінде халыққа күшті әсер ететін және идеологияның тиімді құралы болатындығын меңзеген.
Киноның идеологиялық мықты құрал екенін ескерсек те, кино – пропаганданың жалғыз құралы деп тану үлкен әбестік, себебі актив ойыншылар қатарында жаңа медиа, яғни әлеуметтік желі және оның көрерменге әсерін ұмытпауымыз керек. Көрерменнің кино көруге жұмсайтын уақыты мен әлеуметтік желідегі уақытын салыстырсақ, әлеуметтік желі басым түсетіні анық. Және тағы бір қызық жағдай, көрермен де белгілі бір пропаганданы жасай алады. Мысалы, «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі көрермендер фильмнің үзінділерін TikTok желісіне салғаннан кейін танымалдылыққа ие болды. Кейін прокаттан аламыз деген шу шыққанда көрермендер әлеуметтік желі арқылы бірінші болып наразылық білдірді. Яғни халықтың фильмді көру-көрмеуі өз құзырында және олардың фильмнен басқа да қызығушылық алаңдары бар екенін түсінеміз. Сондықтан киноөндірушілерге ғана бүкіл жауапкершілікті артып қоюға болмайды. Дегенмен бұл мәселе оларды жауапкершіліктен босатпайды.
Қазақстанда бүгінгі таңда мемлекет қарамағындағы Ұлттық киноны қолдау орталығы әр жылға белгілі бір тақырыптарды бекітіп, оларға басымдық бергісі келеді. Бұл позицияға ешқандай қарсылығым жоқ, алайда тақырып аясын тарылту да цензураға келіп тіреледі. Ұлттық киноны қолдау орталығының белгілі бір тақырып аясындағы фильмдерге ғана қаржы бөлу режиссерлердің шығармашылық еркіндігі мен құқықтарын шектейді деп ойлаймын. Әрине, біз Иран мемлекетіндегідей немесе қазіргі Ресей кинематографиясында сияқты шектеулерді айтып жатқан жоқпыз. Фильм жасаушылар боқтық сөздердің арнайы дыбыспен жабылуы, ұнамсыз сахналарды кесіп тастау секілді цензураға ұшырап жатады. Менің ойымша, тақырып пен идея тұрғысынан өнерпаздарға шектеу қоймау керек. Алайда ақша бөлінген уақытта тапсырысты орындаушылардың тақырыпты ашуға әлеуеті жететініне сенімді болса деген тілек. Актерлік және операторлық шеберліктен басқа дүниені көрсетуге қабілеті жоқ өндірушілерге үлкен қаржыны табыстау дұрыс емес. Ал мемлекеттік қаржыны алған өндірушілер көп жағдайда мемлекеттің ережесімен ойнауына тура келеді. Осылайша, қаражатты кім бергеніне байланысты цензураға (кейде ішкі цензураға да), абайсыз пропагандаларға ұшырап жатады.
Әрине, біз білетін-білмейтін де көптеген фильмдерде ашық та, жасырын да идеология кездеседі. Мысалы, «Томирис» тарихи фильмі саяси сипатқа ие. Бір жағынан, бұл туынды феминистік идеяларды қолдайтындай көрінсе, екінші жағынан, билік тізгінде патша емес, патшайым болса деген ойды тастап, халықтың көзқарасын зерттеп көруге тырысты. Соңғы жылдары кейбір коммерциялық фильмдерде дінге қатысты манипуляциялардың пайда болуы да байқалады. Мысалы, «Дәстүр» немесе қырғызстандық «Пейіш» фильмінде бұл анық көрінеді. Мұндай фильмдерде титр арқылы сүрелер мен хадистерді қолдану көрерменді қорқыту мен белгілі нанымдарды насихаттау құралы ретінде пайдаланылған.
Әрине, көрермен тек фильмнен ғана ақпарат алмайды, әлеуметтік желілердің де ықпалы зор екенін қайталап айтамын. Кинематографистердің әрқайсысы көрерменнің сенімін, ой-пікірін қалыптастырудағы өз рөлін түсінуі және өз туындыларының ықпалын ескеруі қажет. Екінші жағынан халықтың өз фильтрі болуы аса маңызды.
Мысалы, жақсы фильмдерде ізгілік, рухани құндылық, адам өмірі, оның құқығы дәріптелуі мүмкін. Жаман нәрсені дәріптеп, пропагандалап жатыр дей алмайсыз. Мәселе көрерменнің жеке құндылығына келіп тірелетін секілді: егер сіз белгілі бір идеяны, белгілі бір тарапты қолдасаңыз, сіз көрген бір қазақ фильмі ойыңызды 180 градусқа өзгертіп жібермейді. Мысалы, Қаңтар оқиғасы секілді қарсылық протесті 1980 жылдары Оңтүстік Кореяда өтті. Корейлер осы оқиғаға қатысты әртүрлі жылдарда бұл оқиғаға байланысты түрлі перспективаны көрсететін бірнеше фильмді жарыққа шығарды. Көрермен қай шындықты қабылдайды – өз таңдауы. Шындықтың бұрмалану-бұрмаланбауы халықтың таңдауында, әзірге қазақ кино тарихында қалатындай саяси пропагандалы фильмдер жоқ деп есептеймін. Бірақ «Қайталанбасын» фильмі Қаңтар оқиғасы туралы түсірілген алғашқы толықметражды көркемфильм ретінде қалуы ықтимал, бірақ жанашыр кинематографистер бұл оқиғаға өз кезегінде шынайы реакциясын берді және бұл үрдіс жалғасады деп үміттенемін.
Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ