20:35, 25 Қыркүйек 2018
«Қайрат» қайраңдап қалған секілді
Қазақстан премьер-лигасы27-тур. 22-23 қыркүйек«Жетісу» – «Қайрат» – 1:0 (Куклис, 89-пенальтиден)«Қайсар» – «Шахтер» – 2:1 (Тағыберген, 51-пенальтиден, Пуношевац, 80 – Вух, 23)«Атырау» – «Қызылжар» – 3:2 (Перцух, 11, Хайруллин, 55-пенальтиден, Родионов, 88 – Лечич, 27, Григалашвили, 70)«Ордабасы» – «Ертіс» – 0:2 (Секу, 36, Шабалин, 80)«Ақтөбе» – «Тобыл» – 3:1 (Пизелли, 60, 90+3, Мариянович, 79 – Тұрысбек, 50)«Ақжайық» – «Астана» – 1:2 (Карашаускс, 37 – Алмейда, 23, Щеткин, 26)Маусым соңы жақындаған сайын «Қайраттың» ойыны қожырап келеді.
Соңғы екі турда «Ақжайық» пен «Жетісуға» есе жіберіп, алматылықтар негізгі қарсыласы «Астананы» 7 ұпай ұзатып алды. Қалған жеті кездесуде «Астана» күтпеген жерден сүрінбесе, қатарынан бесінші рет чемпион атануы ықтимал. Елордалықтар соңғы кездері Еуропа лигасына негізгі күшін төгіп, ұлттық біріншілікте аралас құраммен ойнап жүр. Дегенмен қосалқы құрам футболшыларының өзі туды жыға қоймайтын секілді.«Шахтер» мен «Ертіс» өз тарихтарында премьер-лигадан тұңғыш рет түсіп қалмау үшін күресіп жатыр. «Шахтер» сырт алаңда «Қайсар» қақпасына бірінші болып доп соққанымен, жалғыз ұпайға да ие бола алмады. Ал «Ертіс» 31 мамырдан бері жеңістің дәмін ұмытып еді, осы турда «Ордабасыны» сырт алаңда тұқыртып, үміт отын жаққандай болды. Д.Димитров павлодарлықтардың тізгінін ұстағалы еңсе көтеріп тұрғаны осы.«Атырау» – «Қызылжар» кездесуінде назар аударуға тұрарлық екі оқиға болды. Ардагер футболшы Марат Хайруллин пенальтиді мүлтіксіз теуіп, Қазақстан премьер-лигасындағы 80-ші голын енгізді. Қазан футболының түлегі Қазақстанда 2007 жылдан бері ойнап келеді. Қазақстан азаматтығын қабылдап, ұлттық құрама сапында да өнер көрсетті. Қазір барлық ірі деңгейлі турнирлерді қоса есептегенде, Хайруллин еншісінде «Ақтөбе», «Оқжетпес» және «Атырау» командалары сапында енгізген 98 гол бар. Енді екі рет дәл соққы жасаса, Марат доптарының санын 100-ге жеткізген сырттан келген үшінші футболшы болмақ. Оған дейін еліміздің клубтары сапында Ұлықбек Бақаев (Өзбекстан) – 123, Нилтон Мендес (Бразилия) 103 гол соққан еді. Ал «Қайрат» сапында 3,5 жыл ойнаған Жерар Гоу (Кот д’Ивуар) өткен жылы 99 доппен тоқтап қалды.«Оле Бразил» академиясының алғашқы түлектерінің бірі Алексей Родионов «Атырау» – «Қызылжар» кездесуінде өзінің үлкен футболдағы алғашқы голын енгізді. Әрине, 24 жастағы футболшы үшін бұл керемет жетістік емес болар. Бірақ Алексей 2016-17 жылдары ауыр жарақатын емдеді. Оның жасыл алаңға қайта шығуының өзі үлкен мәселе болған-ды. Жас футболшы қиындықтың бәрін артта қалдырып, қайта түлейтіндей мінез танытып отыр. Оның үстіне қазір премьер-лигада «Оле Бразилдің» алғашқы түлектерінен небары бесеуі ғана ойнап жүр (Р.Аслан – «Ертісте», Б.Шайықов – «Ақжайықта», М.Парагульгов – «Қайратта», А.Дүйсен – «Шахтерде» және А.Родионов – «Атырауда»). Осы бестік ішінде негізгі құрамда тұрақты орны бар Шайықов қана. Демек, «бразилиялық балалардың» әрбір жеңісті қадамы осылай елең еткізуге тиіс. А.Дүйсен биыл «Шахтер» сапында бес ойынға қатысып, премьер-лигадағы дебютін жасады. «Оле Бразил» түлектері ішінен еліміздің бас лигасында өнер көрсеткен қақпашы да – осы Дүйсен ғана. Енді іркілмесе, сенімді ақтай берсе дегеннен басқа тілегіміз жоқ.Есалы ӨСТЕМІРФото:sportx.kz