Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:12, 24 Тамыз 2022

Қайрат Құрманбаев: Экстремизммен күресте Қазақстан методикасы ең озық

None
None

Діни экстремизм Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өзекті тақырып. Тіпті көптеген мемлекеттер күн сайын діни экстремизмнің зардаптарын тартып отыр.

Қаншама мемлекеттерде террористер қолына қару алып, дін атын жамылып, лаң салуда. Ондай сеніміне селкеу түскен адамдарды пайдаланып отырған мысықтілеу елдер де бар. Бірақ тура жолдан тайған сондай адамдар өздерінің қолшоқпар екенін көп жағдайда түсіне бермейді.

Діни экстремизммен күрес біздің елде соңғы жылдары өте белсенді жүргізілуде. Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан методикасы озық саналатынын айта кетейік. Бұл туралы бізге белгілі дінтанушы, PhD докторы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев айтып берді. Біз Қ.Құрманбаевқа дін мәселесінде Қазақстан дінтанушылары мен дін мамандары қолданып отырған нақты методикаларды сұрап, бір-екі сауал қойдық.

Қайрат мырза, тура жолдан адасқан азаматтармен күресте біздің елде қандай методика қолданылады? Ол методикалар несімен озық деп ойлайсыз?

— БҰҰ-ға тіркелген 200-ге жуық мемлекет болса, соның ішінде Қазақстан діни экстремизммен күресте бірегей методика, бірегей әдіс-тәсіл қолданып отырған мемлекет. Өйткені өзім дінтанушы болған соң біраз мемлекеттерде болып, ол жақтағы діни ахуалды өз көзіммен көріп, салыстырған адаммын. Сондықтан бұл сұрағыңызға менің басы ашық жауабым бар. Методикамыз өте жақсы. Бірқатар жұмыстар жолға қойылған. Тіпті көптеген мемлекеттер діни экстремизммен күресте Қазақстанның методикасына қызыға, қызғана қарап отыр.

Мәселен, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Ресей болсын, бәрі радикалдармен күресте Қазақстан тәжірибесіне қатты қызығады. Аталған мемлекеттерде радикалдарды бірден түрмеге тоғытады. Ресейде бірден жазалау әдісі қолданылады. Ал Қазақстанда көп жағдайда профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Содан кейін дегазациялық, легализациялық, пробациялық жұмыстарын жүргіземіз. Осы сияқты көптеген методика жолға қойылған. Осының бәрін жүргізу үшін біздің елімізде көптеген коммуналды мекемелер, мемлекеттік орталықтар, ішкі саясатқа және дін істері комитетіне қарайтын мекемелер жұмысы жолға қойылған. Одан бөлек, бірқатар ұлттық университеттерде дінтану, исламтану, теология бағдарламаларына гранттар бөлінеді. Бұл да осы методикалық бағыттағы үлкен жұмыстардың бірі. Грант бөлу, маман дайындау сіз сұраған Қазақстанның радикалдармен күрес методикасына жатады.

Бірінші кезекте, әрине профилактикалық жұмыстар. Дінтанушы-теологтарымыз діни ағымдардың алдын алу жұмыстарымен айналысады. Діни контенттер жасап, кітапшалар таратып, роликтер шығарып, семинарлар ұйымдастырып, халықпен кездесулер өткізу арқылы қоғамды сақтандырады.

Екінші кезекте реабилитациялық әдіс-тәсілдер жүргізіледі. Белгілі бір ағымның жетігіне ерген, қылмыс жасай қоймаған тұлғаларға осы әдіс қолданылады. Сол арқылы сенімі бұзылған адамдарды тура жолға қарай тартады.

Одан кейінгі, яғни үшінші кезекте дерадикализациялық жұмыстар жасалады. Діни сенімі асқынған, дін ісімен түрмеге түскен адамдармен жүргізілетін жұмысты айтады. Онымен арнайы теологтар жұмыс жасайды. ҚМДБ-ға қарасты мамандар түрмелерде дәрістер оқиды, арнайы бағдарламалармен кітаптар оқыту арқылы жұмыс жасайды.

Төртінші методика – пробациялық әдіс. Яғни дін ісімен түрмеге түскен адамдарды қоғамға, дәстүрлі діни бағытқа бейімдеу жұмыстары. Осындай методикалар жүргізіліп жатыр. Терроризмнің алдын алу, онымен күресу методикамызға көршілес мемлекеттер қызығушылық танытып, өз елдерінде қолдануға ниет білдіруде. 

Бүкіл әлемде экстремизммен, терроризммен күрес – ешқашан сылбырлық танытуға болмайтын күрес екені белгілі. Радикалдармен күресте Қазақстан методикасын толықтырып отыру қаншалықты қажет?

— Қазақстан діни оңалту жұмыстарының бірегей әдіс-тәсілдері қолданылатынын айтып өттік. Бірқатар мемлекеттер бізден үйренуге қызығушылық танытып отыр дедік. Оны көріп-біліп отырмыз. Жуырда Түркияда болдық. Дерадикализация бойынша семинар ұйымдастырдық. Түркия дін істері басқармасы бар, Нұр-Мүбәрәк университетінен 20 маман барып, осы мәселе бойынша семинар жасадық. Сонда олардың тәжірибесін де қарадық. Түркияда дін мәселесі бойынша 100 мыңға жуық адам түрмеге жабылыпты. Дінтанушылар мен дін мамандарының айтуынша, түрмедегілердің ешқайсысы райынан қайтпаған. Біз өзіміздің методикамызды айтқанда, түріктер қызығушылық танытты. Әрине, бұл әдістерді дамыту, басқа да механизмдерін жүзеге асыру жағын қарастыруымыз керек. Онсыз болмайды. Мысалы, профилактикалық жұмыстарда біз мемлекеттік мекемелерге ғана иек артып қарап отырмауымыз керек. Қоғамның діни иммунитетін күшейту қажет. Жастарды діни сауаттандыру, діни білім беру, қоғамда, отбасында, өз ортасында діни радикалдарға қарсы тұра білетін иммунитет қалыптастыруымыз керек. Мысалы, түріктер бұл жағынан көп алаңдамайды. Өйткені оларда діни ұғым ғасырлар бойы қалыптасып, саналарына сіңіп қалған. Біздің діни санамызда бостық басым. Тағы бір жұмыс: теолог мамандардың білімін күшейтіп, біліктілігін арттыруымыз керек. Әрине, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Дін мамандарына берілетін жалақының төмендігі, әлеуметтік жеңілдіктердің аздығы қолбайлау болып тұрғанын жасыра алмаймыз. Дегенмен дінтанушылар ешқашан сылбырлық танытқан емес.

Тегтер: