Қайырсыздар «қамқоршы» болам депті...
«Қазақстан халқына» деп мұндай қор құрғаны құрсын. Қамқоршылық кеңесінің құрамын көрген шығарсыз?
Ау, кеше ғана шала жүргізілген ресми санақтың өзі халықтың 70,18 пайызы қазақтар демеп пе еді? Қазақша білмеген, білмейтін, білгісі де келмейтіндер қазақтың қамын, басындағы мұқтаждығын қай жерімен түсіне алады?
Қордың төрағасы болып қонжиған Болат Жәмішев кім? Кезінде екі рет министр болғанын ескерсек, 30 жыл бойы тек қарапайым қазақ халқының кедейленуіне ғана әкелген осы кландық қисық формадағы қаржылық-экономикалық жүйенің кірпішін қаласқан адам емес пе? Өмір бойы банк басқарумен ғана айналысқан қатқан қаржыгер қара халықтың мұңын қайдан біледі?
Отыз жылда жемқорлыққа әбден батып тынған тәуелсіз Қазақстанның алғашқы ішкі істер министрін қайдан тапты, тек билікті жағалап, елдің басын қатырумен ғана көзге түскен Олжас Құдайбергеновті қайдан қазып алды бұлар? Мықты сарапшы болса, кландық-коррупциялық Қазақстанның халқы азып-тозып, саяси элитасының бұрыс бағытқа түскенін бұрын білмеген бе? Қамқоршылық кеңеске шіріген байлардың бірі Арманжан Байтасовты кіргізгені ашық қорлау емес пе, осы?
Жалпы, олар осы Қазақстан халқының алдындағы жауапкершіліктен қор құру арқылы құтылып кетуге болады деп ойлай ма? Бұзылған жемқор сана енді халыққа пара берейін деді ме, әлде? Қазақтың есебінен байыған қай ұры қорға көбірек ақша аударар екен деген мына жарыстың мәні не? Қор мен кеңес атаулы құрыла қалса, оған жемқорлар жүйесінің жүзі таныс «жауынгерлері» кіріп ала беретіні «Жаңа Қазақстанның» жаңа адамдарға жол ашуға әлі ниетті емес дегенді ұқтырды.
Қор емес қазаққа керегі. Өзіңнен бұрын өз ұлтыңды, өз елің мен халқыңның ертеңін, бүгінгі жағдайын жоғары қойғаның керек. Өйткені Қазақстанның бар байлығын қанша тонасаң да бәрібір Қазақстанда қалғың келеді екен ғой?! Онсыз да сыртқы жауың жағаға жармасқанда, өз мүддең үшін алдап-арбап, өз еліңді еңіретіп, етектен неге шаласыңдар, ендеше? Қазаққа керек саясат біреу ғана, халқыңның қалауы мен еліңнің ертеңі, ұлтыңа адалдығың.