Қамыт болған салық
Кәсіпкерлер неге жылда жылайды?!
Кәсіпкер дегенде, біздің көз алдымызға ақшаны шытырлатып санап, уыстап ұстап жүрген бай-манаптар елестері һақ. Бұдан соң, «байлар да жылайды, олар да қалтырайды», деп мәселені жылы жауып қоя салатынымызда бар. Бірақ бүгінгі біздің айтпағымыз ірі олигархтардың емес, шағын және орта кәсіпкерлердің мұңы.
Айдың арғы беті...
Былай қарағанда, біздің мемлекетіміз шағын бизнеске жағдай жасаудан озық тәжірибелерді ұстанып отырғандай көрінеді. Бұл ретте, шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялау, түрлі жеңілдіктер қарастыру, мемлекеттік субсидиялар, дотациялар бөлу тәрізді көптеген дүниелерді жүзеге асырып келеміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі өткен аптада ғана ШОБ-ты тексеруге арналған мораторийді тағы бір жылға ұзартты. Ал сонда біздің кәсіпкерлер неге жыл сайын жылайды да жатады?! Барынша жағдай жасап отырсақ та, шағын бизнестің бағы неліктен жанбай жүр?!
«Жас Алашқа» пікір білдірген сарапшылардың пайымдауынша, біздегі салық заңнамасының жетілмеуі кәсіпкерлерді әбден сансыратты. Бір сөзбен айтқанда, елдегі салық жүйесі шағын кәсіпке қамыт болып отыр. «Әсіресе қазірде «өркениетті сауда жасауды жетілдіреміз», деген желеумен шағын дүкендердің обалына қалып отырмыз. Салық заңнамасының кейбір томпақ тұстары шағын дүкендердің жабылып қалу қаупін күшейтуде», – дейді сарапшылар.
Сөйтіп, мамандардың айтуынша, салық жүйесіндегі жаңашылдық сауда саласында жүрген 100 мыңға жуық кәсіпкердің жұмыссыз қалуына апарып соқтыруы бек мүмкін. Қазір бірқатар кәсіп иелері осыған байланысты дабыл қағып та отыр. Мысалы, шағын дүкен иелері, корпоративті табыс салығын төмендетуді, коммуналдық шығындарды есептеу тәртібін өзгертуді, тауарды таңбалауды алып тастауды, салық мораторийін ұзартуды, түбіртекке жаңа талаптарды енгізбей қоя тұруды және жүйедегі сәйкессіздіктерді түзетуді бұған дейін де сұраған. Алайда үкімет мұны ескерер емес.
Банк бір жақтан, салық бір жақтан қысады...
Шағын дүкен иесі, жеке кәсіпкер Ерғали Айдархановтың айтуынша,оның шағын дүкеніндегі есеп айырысулардың 85 пайызы қолма-қол ақшасыз электронды төлем арқылы жүзеге асырылады. Бұл дегеніңіз – табыстың 3-4 пайызы екінші деңгейлі банктердің қалтасына түседі деген сөз.
– Бұған 3 пайыз корпоративті табыс салығы қосылады. Банк түскен пайданың 3 пайызын ұстап қалады. Сауда саласын толық автоматтандыру, әр тауардың атауы, салмағы, көлемі, бағасы жазылған кеңейтілген чек беру туралы талап қойылып жатыр. Ол үшін біздің шағын дүкендерде ірі супермаркеттегідей, бағдарламасы орнатылған жаңа бақылау-кассалық аппарат сатып алып, штатта бухгалтер мен оператор ұстау қажет болады. Бұдан бөлек, компьютер, сканер және тағы басқа техника керек. Мұны біздің қалтамыз көтермейді. Шағын дүкендердің сатып алушылары негізінен зейнеткерлер мен бала күтімі бойынша демалыста отырған аналар болғандықтан, олар азық-түлікті кейде қарызға алады. Үкімет неге осы жағын ойламайды?! Біздің дүкеннің айналымы өте кішкентай. Кейде айына 200 мың теңге ғана пайда көретін кездерім бар. Ал мен ол қаражатты қайда жеткіземін? Кассалық аппарат сатып алам ба, сканер алам ба, бухгалтер немесе оператор жалдаймын ба? – дейді кәсіпкер Ерғали Айдарханов.
Жалпы, біз тілдескен кәсіпкерлер 2020 жылы да салық төлемдеріне жарияланған мораторийдің «қызығын мүлде көре алмағандарын» айтып қалды. Бұған қатысты жеке кәсіпкер Еркежан Баймағамбет былай дейді:
– Бұл жеңілдік енгізілгеннен кейін бірден пандемия басталды. Пандемия кезінде табысымыз күрт азайды. Жұмыссыз адамдар азық-түлікті қарызға сұрап келді. Олардың қарызы қордаланып, санитарлық тазалық құралдарына арналған қосымша шығын қосылды. Бұдан кейін биылғы Қаңтар оқиғасы да жығылғанға жұдырық болды. Сондықтан бізге салықтық жеңілдік керек. Үкімет «автоматтандырамыз, кассалық аппарат қойылуы керек, тұтынушыға чек берілуі керек» дегенше, корпоративті табыс салығын 1 пайызға түсіру жағын ойласа етті.
Жүйкені жұқартқан жүйе…
Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің айтуынша, салық заңнамасына енгізіліп жатқан өзгерістер бизнестің жұмысын шатастырып отыр, порталдағы жүйе жиі істен шығады. Сондай-ақ шағын бизнес иелеріне әртүрлі заң бұзушылықтар үшін салынатын айыппұл көлеміне қатысты да наразылық көп.
«Айына 150-200 мың теңге пайда табатын дүкен иесіне 600 мың теңге айыппұл салу ақылға сыймайды. Сондықтан айыппұл мөлшерін табыс деңгейімен сәйкестендіру қажет», – дейді кәсіпкерлер.
Аталған өзгерістер биылғы жылдың «минустары» болса, сондай-ақ келер жылдың басынан енгізілетін салықтық өзгерістердің қатары да шағын дүкен иелерін абдыратып отыр. Ол талаптар бойынша, шағын сауда алаңдарының бір бұрышын жалға беруге рұқсат жоқ. Мысалы, кәсіпкер Еркежан Баймағамбет дүкенінің бір бөлігін, ойыншық, тұрмыстық химия сатуға және терминалдарға жалға беретінін айтады. Ал 2023 жылы «Салық кодексіне» өзгеріс енгізілгеннен кейін дүкен иелері олардан бас тартуы керек.
– Бұдан дүкеннің бір бөлігін жалға алушылар да жұмыссыз қалады. Мәселен, менің дүкенімде бір банктің терминалы тұр. Ал жаңа заң қабылданса, мен бұл терминалдан бас тартуға мәжбүрмін. Дүкенде тұрған терминалдан ақшасын алып, одан қосымша тауар алып кететін тұтынушылар да бар. Ол терминалдарды алып тастасақ, клиент саны азайып, табыс төмендейді, – дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ кәсіпкерлердің коммуналдық төлемдерге қатысты айтар базынасы да бар. Бұл шығындарды олар заңды тұлға ретінде төлейді. Ал Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, жеке кәсіпкер – заңды тұлға болмай-ақ кәсіпкерлікпен айналысатын жеке тұлға болып табылады.
– Кодексте солай болса да коммуналдық төлемдерді заңды тұлғалармен бірдей төлейміз. Табыс деңгейі де әртүрлі екенін ескеру керек. Жеке кәсіпкерлердің дені қаржы үнемдеу мақсатында өздері жұмыс істеуге мәжбүр: аула сыпырушы, еден жуушы, сатушы – бәрі өзі. Жеке тұлғаның заңды тұлғалар үшін бекітілген тарифтер бойынша төлемақы төлеуі – әділетсіз, әрі бұлай болмауы тиіс, – дейді Ерғали Айдарханов.
Тоқ бала ешнәрсені ойламайды…
Міне, шағын дүкен иелері болашақта осы мәселелер шешімін таппаса, амалсыз дүкендерді жауып, жұмыссыздардың қатарын толықтыруға мәжбүр болатындарын айтады.
Шынымен де шағын кәсіпкерлердің бай-манаптардай, молынан табыс тауып отырмағаны аян. Мұндайда еріксіз, «осы біздің үкіметтің жаңашылдықтары адамды одан әрі тұқыртып, нәпақасынан айыруға бағытталған ба?» деп те қаласың. Әрине, министрлер мен өзге үкімет мүшелерінің шағын дүкендерге бас сұқпасы анық. Олар, тіпті азық-түлік алу үшін ірі сауда орталықтарына да бармайды. Біздегі шенеуніктердің көпшілігінің бұл қызметті орындайтын үй қызметшілері бары да баршаға аян. Сондықтан олар шағын дүкендердің мұң-зарын қайдан ұқсын?! «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, Тоқ бала ешнәрсені ойламайды», деген осы да. Демек шағын дүкен иелерінің шамына тиіп отырған бұл өзгерістердің тәжірибеден алынып тасталуы да екіталай. Сонда қарапайым халыққа қажетті бұл дүкендер не істеуі керек?! Олар бірінен соң бірі жабыла берсе, қараша халықтың бәрінің бірдей супермаркеттер мен гипермаркеттерде сауда жасауға шамасы жете ме?! Жұрттың бәрі үкіметтегілер тәрізді «әдемі әлемде» тіршілік кешіп жатқан жоқ қой. Азық-түлікті «қарыз дәптерге» жаздырып алып, сол шағын дүкендерге күнде алғыс айтып жүрген халықтың жағдайын үкімет бір сәтке ұғынса етті...