Қан тапсыру орталығының басшысы: Қан тапшылығы жоқ
Алматыда ұшақ апатынан зардап шеккендерге көмектесу үшін қан тапсыру орталығына өте көп адам жиналды, дәрігерлер олардан қан алып үлгермей жатыр деп хабарлады оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісі.
Дәрігерлер бәрін қабылдап үлгермегендіктен тек қан құрамы төртінші топқа жататын адамдарды ғана кезексіз кіргізіп жатыр. Қалғанындарын кейінірек қабылдаймыз деп қайтарып жатыр.
Қан тапсыру үшін кезекке тұрған Бостандық ауданының тұрғыны Марат есімді азамат Азаттық тілшісіне әлеуметтік желідегі хабарламаны көріп осында келгенін, "қол ұшын беруге дайын халықтың ниетін көріп риза болғанын" айтады.
Қалалық қан орталығының басшысының айтуынша, түске дейін орталыққа шамамен 500 адам келген. Жүзден астам адамнан қан алынған.
"Қан тапшылығы жоқ. Қан жеткілікті. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа байланысты көп адам келді. Біз қан тапшы деген ақпаратты таратқан жоқпыз" деді орталық басшысы.
(Жаңалық толықтырылады).