Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:15, 02 Маусым 2022

«Қант 50» деп ұрандатсақ, тағы террорист атанар ма екенбіз?!

None
None

«Айтқанның аузы жаман», дегенмен айтпасқа тағы болмай тұр. Қит етсе датын айтқан халықты «ел арасында іріткі салды», одан қалды террорист атандырып шыға келетін үкіметке дат айтпасқа болмай тұр.

Аштан қатқаннан, датыңды айтып қалған дұрыс-ау. Иә, иә, халқымыз қымбатшылықтан ашқұрсақ болып, қалағанын ішіп-жей алмай отырғаны жасырын емес.

Осы орайда «Газ 50» деп ұрандатып жүріп, газ бағасын түсіруге қол жеткізгенімізді ескерсек, қайтадан «нан 50», «қант 50» деген секілді барлық азық-түлік, құрылыс заттарына, ет, ұн бағасына қатысты үкіметке қатаң талап қоятын кез жеткен секілді. Әйтпесе күн сайын шарықтаған баға халықты шарасыз күйге түсіруде.

Атап өтер жайт, осыған дейін де еліміздегі қымбатшылыққа біресе Қытаймен шекараның жабылғаны сылтау, біресе доллар көтерілгені себеп, енді бірде Ресейдегі жағдай ықпал еткені айтылып, өзіне шыр жуытпайтын Үкімет еліміздегі қымбатшылықтың өршіп бара жатқанына бірнеше ай болса да әлі қол қусырып отыр. Осы орайда айта кетер жайт, халықты уайымсыз отырғызудан қорқатындай бір жылы сәбіз, келер жылы картошка, одан қант әйтеуір жыл сайын азық-түліктің біреуінің бағасының шектен тыс шарықтауы, одан қат затқа айналып, жоқ болып кетуі әдетке айналып бара жатыр. Тіпті кешеге дейін «қант бағасын тұрақтандырамыз», «оның тапшылығына еш негіз жоқ» деп келген министрлік кеше ғана қант тапшылығын мойындады. «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» дегендей халықтың қантқа таласуы, оның дүкен сөрелерінен табылмауы еріксіз ақиқатты мойындатқандай. Кеше ғана ҚР премьер-министрінің орынбасары, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов «Биыл 27 мамырда Нұр-Сұлтан қаласына «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» 2 вагон қант, шамамен 130 тонна келіп түсті. Ал 30 мамырда Нұр-Сұлтанға келген қантты Magnum сауда желісі сатып алды, ол бөлшек сауда орындарына жеткізіліп жатыр» десе, Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев «Біз үкімет ретінде бір адамға сатылатын қант мөлшерін шектейміз. Қант тапшылығы жоқ, сондықтан халыққа қажетті қантты толығымен импорттаймыз.

Бірақ жеке сауда желілерінің сауда саясаты бар. Өз нүктесінде тапшылыққа жол бермеу үшін желі қандай да бір шектеулерді енгізуі мүмкін. Мысалы, бір қолға 2-3 келі ғана қант сатылуы ықтимал. Сауда желілеріне қатысты пікір айта алмаймын» – деді. Қант тапшылығы жоқ дей отыра, оның адам басына өлшеп сатылатынын айтуы-ақ көп нәрсені аңғартатындай.

Наурыз айында ғана Ауыл шаруашылығы вице-ми­нистрі Жеңіс Өсербай «елімізде 90 мың тоннаға жуық қант қоры бар. Оның 30 мың тоннасы тұрақтандыру қорлары мен сауда орын­­дарында, 47 мың тонна өнім қант за­уыт­тарында, 2,5 мың тоннасы Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қо­рын­да сақталған» деп қанттың бағасының көтерілуін халықтың қантқа деген сұранысынан көріп, құнының шарықтауын халықтың таласуынан көрген еді. Енді арада екі ай өтпей жатып, оның өлшеп, есеппен сатылуы қалыпты жағдай екенін айтуда. Яғни ай сайын өз сөзін өздері өзгертіп, өз пікірлеріне өздері қарсы шығуда. Бұл олардың ел ішіндегі шынайы жағдайды білмеуі ме, жоқ әлде халықты алдаусыратуы ма?! Қант бір мысал ғана, шеттен келмек түгілі отандық тауарлардың бағасы да шарықтап барады. Ең болмаса соның себебіне үңіліп, халыққа түсініктеме беріп жатқан да ешкім жоқ! Әлде жалақысы миллионның маңайындағы оларға елдегі қымбатшылық әсер етпей ме?! Әйтпесе қымбатшылық қанша шарықтаса да өзгеріссіз қалған жалақымен халықтың әлеуметтік жағдайы қаншалықты төмендейтіні айтпаса да түсінікті емес пе?!

          Ендеше, қымбатшылық пен инфляцияны еңсере алмаған Әлихан Смайыловтың үкіметін отставкаға кетірмесек, халықтың ертеңінің не боларын ойлаудың өзі қорқынышты болып барады. Дәл қазір қағаздағы құр статистикамен емес, қоғамдағы шынайы халықтың жағдайына қарай әрекет ететін үкіметтің қажеттілігі күн өткен сайын сезіле түсуде. Әйтпесе анау Ауғанстандағы жағдайды сезініп, тонналап астық жіберген билік халықтың нанды 150-180 теңгеден сатып ала бастағанын көрмей отыр ма?! Ашып айта кетсек, Алматы қаласында тандыр нан Алтын орда базарында 150 теңге болса, қаланың жоғарғы бөлігінде 180 теңге болып тұр. Нанның өзінің бағасы елу пайызға өскенін көріп отырмыз. Халықтың сұрап отырғаны фуагра емес, жай ғана нан! Ендеше, нан бағасын неге бақылай алмай отырмыз?

Нан мен қант ғана емес, бәрінің бағасы қанатсыз ақ ұшып барады. Былтыр осы уақытта 15 миллионға алмаған көлікті, қазір 25 миллионға таппайсың. Ұшақ билетінің қымбаттығынан қазір шет елге көрші ел Өзбекстан немесе Қырғызстан арқылы ұшатындар көбеюде. Мәселен, Алматы – Стамбұл бағыты бойынша халқымыз 289 000 теңгеге ұшатын болса, Бішкек – Стамбұл бағыты 69 000 теңге екен. Екеуі де алты сағат ұшады, бірақ бағасы жер мен көктей. Сол секілді өткен жылы елімізде 22 миллион тұрған екі бөлмелі пәтерлер қазір 27-28 миллионды маңайлап тұр. Айта берсек бағадағы парадокс жетерлік. Бірақ үкімет үнсіз!

Назарын басқа жаққа аударайын дей ме, басқаны айтса да қымбатшылық туралы үкімет ләм-мим дер емес. Ал халыққа дәл қазір керегі қымбатшылықты ауыздықтау, азық-түлік бағасын реттеу болып отыр. Осы орайда үкіметке қымбатшылықты ауыздықта немесе отставкаға кет деп қатаң талап қоятын кез жеткен секілді.

Мұнымыз Смайылов саған айтам, Сұлтанов сен тыңда болып отыр!

Тегтер: