Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:21, 25 Шілде 2023

Қаңтар оқиғасы. 4 жасар Айкөркемнің өліміне қатысты прокурор мәлімдеме жасады

None
None

Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде 4 жасар Айкөркем Мелдеханның өліміне қатысты іс бойынша прокурорлар мәлімдеме жасады.

Бұл туралы Бас әскери прокуратура хабарлады.

Ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлағандай, әскери қызметші А.И. Жұманға айып тағылған. Оған Қылмыстық кодекстің 451-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы «Кәмелетке толмаған баланың өліміне әкеп соқтырған қаруды қолданып билігін асыра пайдалану» бойынша айып тағылған Басты сот отырысы 26 шілдеге белгіленген.

«Алматы гарнизоны әскери соты қылмыстық істі қарауға кірісті. Іс материалдарында жария етуге жатпайтын құпия құжаттардың болуына байланысты процесс жабық режимде өтіп жатыр. Қорғаушы тарапқа да, жәбірленушілерге де тиісті заң көмегі көрсетілген, олардың адвокаттары бар. Қылмыстық процеске қатысушылардың өтініші бойынша мемлекеттік құпияларға рұқсат берілді. Марқұмның әкесі Айдос Мелдеханға мұндай рұқсат беру туралы бірнеше рет ұсыныс жасалғанымен, ол рұқсат алудан бас тартты. Оған бас тартудың салдары туралы ескертілді», — деп хабарлады БӘП.

Айта кетейік, бұған дейін 14 шілдеде сот отырысына  Айкөркем Мелдеханның әкесі мен әпкесі сотқа жіберілмегенін хабарлаған едік.

»Айыптаушы тарап қатаң түрде қылмыстық іс материалдарына: куәлардың айғақтарына, сарапшылардың қорытындыларына және А.И.Жұманның әрекетінің заңсыздығын растайтын басқа да дәлелдерге негізделеді. Қазіргі уақытта басты сот талқылауы тағайындалды, оның барысында барлық жиналған дәлелдемелер зерттеліп, бағаланады. Сот талқылауының барысы туралы жұртшылыққа жария ету мүмкіндігіне қарай хабарланады. Осыған байланысты тек ресми ақпарат көздеріне сенуіңізді сұраймыз», — деді прокуратура.

Қылмыстық істің қаралу барысы Бас әскери прокуратураның бақылауында екені хабарланды.

Еске салайық, 4 жасар Айкөркем Мелдехан өткен жылдың 7 қаңтарында Алматыда болған "қаңтар оқиғасы" кезінде қаза тапқан болатын. Оқиға кезінде Айдос Мелдеханның 16 жастағы қызы жараланып, 4 жасар Айкөркем қаза тапты, ал 8 жасар ұлы психологиялық шок алған.

Тегтер: