Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:47, 09 Маусым 2022

Қапшағай қандай қала?

None
None

   «Ойды ой қозғайды» дегендей, осы мақаланы жазуыма «Жас Алаш» газетінің жуырдағы санында (21 сәуір 2022 ж.

) жарияланған Ғани Қасымовтың пікірі себепші болды. Онда экс-сенатор Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың атын беруге байланысты өз ойын білдіріпті. «Ондаған казинодан басқа сол Қапшағайда не бар?» деп күйінеді белгілі мемлекет және қоғам қайраткері.

     Расында, осы қалада не бар? Елдің білетіні сол, бұл қала жын-ойнақтың мекені екендігі. Ана жылы Алматыдағы каптаған казиноларды жаппай осында көшіргенін білеміз. Тағы бір білетініміз, қаланың Қапшағай деп аталатын әйдік су қоймасының жағасына орналасқаны. Ал казино бар жерде Сырдың суы сирағынан келмейтін байшыкештердің жүретіні әмбеге аян. Нашақорлар мен неше түрлі бұзақылардың, қала берді, тәнін сатқыш жезөкшелердің де осындай жерді айналсоқтайтынын кім білмейді. Осында ауыз толтырып айтатындай бір ірі өнеркәсіп кәсіпорны бар ма? Қапшағайда халықтың игілігіне арналып не шығарылып жатыр? Мен осындай сұрақтарды біраз адамдарға қойған едім, ешбіреуінен жөні түзу жауап ала алмадым.  Тіпті Қапшағай деген қаланың қай жерде екенін сұрағандар да бар. Ал осындай қалаға Димаш Ахметұлы сияқты қазақтың біртуар ұлы тұлғаның атын беру қаншалықты жөн? Бұл жоғарыда Ғ.Қасымов айтқандай, Қонаевты қор қылмақтық  па?  

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аузынан Димаш Ахметұлының есімін Қапшағай қаласына беру туралы ұсыныс шыққаны сол еді, мәжіліс депутаттары бастаған жалпақшешейлер ду етіп қолдай жөнелді. Астананы Нұр-Сұлтанға ауыстыру, облыс орталықтарындағы басты көшеге Н.Назарбаевтың есімін беру жөнінде мемлекет басшысынан ұсыныс түскенде де дәл осындай жағдай болған. Өскемен қаласындағы Тәуелсіздік даңғылы да айтып ауыз жиғанша болмай экс-президенттің атымен аталып шыға келген. 30 жыл бойы аузымыздан түспей келген Тәуелсіздік деген сөз бір сәтте әдірем қалды.

    Ал енді күллі Қазақстанда Д.А. Қонаевтың атын беретін Қапшағайдан басқа қаланың болмағаны ма? Неге болмасын,  болғанда  қандай. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы  Риддер қаласын алайық. Бұл қала алып полиметалл комбинатымен, қаланың экономикалық-әлеуметтік жағынан өсіп-өркендеуімен, тұрғындарының саны жағынан Қапшағайды бірнеше есе орап алады. Оның үстіне Екінші дүнижүзілік соғыс басталысымен Димаш Ахметұлы осы қалада біраз уақыт еңбек еткен. Алтай полиметалл комбинаты бас инженерінің орынбасары, техникалық бөлімнің бастығы, Риддер кен байыту кенішінің директоры болып қызмет еткен. Риддерліктер соғыс жылдарында майданға оқ-дәрінің сан алуан түрін үзбей жөнелтіп тұрған. Онда жас инженер Д. Қонаевтың да өлшеусіз үлесі бары даусыз.

     Бұл қала әу баста Риддер деп аталған, одан кейін 1941 жылдан 2002 жылға  дейін күн көсемнің құрметіне Лениногорск атанды, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы атауына қайыра ие болды. Қалаға ежелгі атауы қайтарылады екен деген сыбыс шыға бастағанда Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің журналистері қалаға Д.А. Қонаевтың есімін беру жөнінде мәселе көтерді. Облыс әкіміне, мәжіліс депутаттарына, қалалық ономастикалық комиссияға да тұрғындар хаттары жолданып жатты. Өкінішке қарай, селт еткен тірі жан болмады.

    Ал Риддер деген кім еді? Екінші Екатерина патшайымның заманында  Алтайға жер асты байлығын іздеп келген геолог-барлаушы Ф. Риддер деген ағылшын болатын. Ол 1786 жылы түсті металдардың мол қоры барын анықтап, соларды игерудің басы-қасында болған. Содан бұл жер Филипп Риддердің атымен аталып кеткен. Патша заманында Риддер сияқты .өз мүдделерін көздеп, қазақ даласына тіміскілене, сұқ көздерін қадағандар аз болмаған. Солардың аттарына берілген қала атауларын сақтай берсек,  Жаңа Қазақстанды қалай құрмақпыз?  

    Ғани Қасымовтың пікірі қолдауға тұрарлық. Бұл жерде дәл Риддер қаласын Д.А.Қонаевтың атына ауыстыру керек деп отырғамын жоқ. Елімізде айтулы азаматқа лайықты басқа қалалар да баршылық. Сонау кеңес заманы орнағаннан бері патша ағзамның ұрпақтарының атын жамылып келе жатқан Павлодар мен Петропавл қалаларын отыз жыл бойы өзгерте алмай келе жатқанымыз қазақтығымызға үлкен сын емес пе?! Үкіметтің астауынан жем жемейтін тәуелсіз газеттер мен әлеуметтік желілерде Нұр-Сұлтан қаласына бұрынғы атауын қайтару туралы сөз қозғала бастады. Бұл да ойландыратын мәселе.                       

                                                                

                                                             

Тегтер: