Қара алтынға бай Қарағандыда көмір неге қымбат?

Қарағанды облысының шалғай ауылдарында жұрт көмірге жете алмай зар қағып отыр. Өйткені көмір бағасы удай болғандықтан барлығының бірдей қара алтынды сатып алуға жағдайлары келмейді.
Кенді өлкенің маңындағы халық осылай тарықса өзгесіне не жорық деп айтуға болады.
Қарағанды қаласына жақын орналасқан елді мекендер көмірден тарығып отырған жоқ, өйткені олар кен орындарынан өздері барып сатып алады. Дегенмен олар үшін де көмірдің бағасы аса арзан болып тұрған жоқ. Жұрт көп жағатын Шұбаркөл көмірінің тоннасын Қарағандыда 8-11 мың теңгеге сатады. Осы жерден алыпсатарлар ауылдық жерлерге апарып тоннасын 23-25 мың теңгеге саудалайды. Онсыз да өлместің күнін көріп отырған ауыл халқы қыста қатып қалмаудың амалы үшін еріксіз қарызданып жүріп көмірді сатып алады. Бір қыстан шығу үшін бір отбасына кем дегенде 10-15 тонна көмір керек. Ауыл халқының басым бөлігі жұмыссыз екені сөзсіз, зейнеткері немесе мұғалімі бар үйлер жыл сайын көмір алу үшін несиеге ақша алып, қарызға белшелерінен батып жатыр. Ал ауылға көмір апаратын алыпсатарлар үшін «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. Көмір ғана емес жағадан ала түскен басқа да қымбатшылық жұрттың әбден шымбайына батып тұр. Елге танымал ақын, Бағдат Мүбәрак «көмір бағасын басшылар неге назарға алмайды» деп мәселе көтерді. Әлеуметтік желіде ауылдағы ағайынның көмір бағасына деген наразылығы көп, алайда биліктегі атқамінерлер мұны көрсе де естімегендей жауап қатпай отыр.
«Осыдан бір ай бұрын индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болған экс-министр Бейбіт Атамқұлов журналистерге берген сұхбатында «инвесторлармен болған келісімшартта шұбаркөл көмірінің тоннасы 6000 теңгеден сатылып жатыр. Бағаны орынсыз көтеріп отырған алыпсатарлар мен делдалдар» деп мәлімдеген болатын. Мейлі тоннасы 7-8 мың теңгеден шығарылса да баға алыс ауылдағы үйлерге жеткенше қалай 24-25 мыңға дейін көтеріледі. Шұбаркөл лаулап жанатын көмір болғандықтан, оның тоннасы бір айға да жетпейді. Елдегі тұрғындардың 80-90 пайызы қомақты несие төлеп отыр. Көмірдің айналасындағы көлеңкелі бизнес, онсыз да етек-жеңін жинай алмай отырған ауыл халқының алқымынан алып отырғанына 30 – жыл. Негізінен бұл мәселені солтүстіктегі алты облыстың әкімдері бір-бірімен ақылдаса отырып біржақты шешуге мүмкіндіктері бар ғой», – дейді ақын Бағдат Мүбәрак.
Халықтың қабырғасына батқан мұң-мұқтажын ақыны көргенімен, бай-бағландары, әкімдері сезіп білер емес. «Бұрындары тоннасы он мың дегенде ойбайға басып әзер беріп едік, биыл тоннасы 23 мың дегенде көзіміз шарасынан шығып кете жаздады, қарызданып жүріп әзер бердік қой. Мектепте лобарант болып алатын жалақым 39 мың теңге, күйеуім жұмыссыз. Бетіне қарап отырған бес сиырдың біреуін сатып қарызды жаптық», – дейді Ақтоғай ауылының тұрғыны Айман Оразова.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі былтырғы көмір бағасы сақталды дейді. Алайда баға сақталғаннан не пайда арзандамай отырса деген заңды сауал туындайды.
«Сұранысқа ие Шұбаркөл көмірінің бағасы бұрынғыдай қоймада тоннасы 8 мың теңгеге сатылуда. Облыс бойынша бұл көмір түрінің бағасы шамамен 15900 теңге. Қарағандының өз басында Шұбаркөл көмірі 11500 теңгеден сатылуда», – деп мәлімдеді облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Алайда әкімдік айтқандай облыста көмір бағасы 15900 ғана емес 25 мыңға дейін жетеді. Көмір бағасын өсіріп отырған делдал мен алыпсатарлардың жұмысын реттейтін механизм билікте болмай тұр. Ақын Бағдат Мүбәрак көмірге қатысты ауылдағы ағайынның базынасын айтып Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинге хат жазған. Әзірге өзгеріс жоқ.