Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:49, 07 Қазан 2021

Қара алтынның үстінде қалтырап отырсың, Павлодар!

None
None

Көмірдің үстінде отырған Павлодар облысында отын бағасы аспандап тұр. Ол аздай, кәсіпкерлер төлейтін жылу тарифі тағы да қымбаттады.

Ал әкімдіктегілердің бағаны реттеу түгіл, көмір тасымалдаушылар мен монополист компанияларға сөзі өтпейді. Екі ортада қиындықтың бәрін қарапайым халық көріп отыр.

Көмір өндіру көлемі бойынша Павлодар облысына тең келер өңір жоқ екенін жұрт жақсы біледі. Сондықтан да шығар, оңтүстік пен батыстағы ағайын «солтүстікте көмір арзан» деп ойлайды. Бірақ әсте олай емес. Елдегі 63 млн тоннаға жуық қара отынның 37 млн тоннасын өндіретін өлкедегі өнімнің бағасы жыл сайын шарықтайды. Биыл да алыпсатарлар бұрынғы әдетіне басты, отын тағы бірнеше мың теңгеге қымбаттады.

Облыс орталығындағы жер үйдің тұрғындары былтыр Баянауылда шығарылатын «Майкөбе» көмірінің бір тоннасын 10-11 мың теңгеге алса, биыл ол 12-15 мың теңгеге дейін жетті. Ал ауылдағы ағайынның күні тіпті қараң. Шалғай жатқан ауылдардағы бір тонна көмірдің бағасы 20 мың теңгеден асып жығылады. Кеніштен босату құны – 7500 теңге. Сонда екі ортадағы делдалдар қараша халыққа үш есе (!) қымбатқа сатып отыр. Кәсіпкерлердің өзі мұны жанармайдың қымбаттауымен, ауылдың шалғайлығымен байланыстырады. Бірақ бұл бағаны үш есеге өсіру керек деген сөз емес шығар?..

– Қазір ауылда тұру өте қиын әрі қымбат. Қаладағы балаларға ауыртпалық салмайық деп, туып-өскен үйімізден кеткіміз жоқ. Алайда бір қыстан аман шығудың өзі әжептеуір салмақ салып тұр. Қыс бойы 10 тонна көмір жағамыз. Күніне 5-6 шелек, суық күндері 10 шелек отын кетеді. Оған қоса, 4-5 текше метр ағаш аламыз. Соның бәрін қоса есептегенде, үйді жылытуға 250-300 мың теңге кетеді. Алатын зейнетақы 100 мың теңгеге де жетпейді. Әйтеуір, өлместің күнін көріп жүрміз, – дейді Тоқтар Манаев есімді ауыл тұрғыны.

Бірақ атқамінерлер мұндай мәселеге бас ауыртпайтын сыңайлы. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салханов облыс аумағында 300-ден аса жеке кәсіпкер көмір тасымалдаумен айналысатынын айтты. «Бірақ баға саясатына араласып, шекті сома белгілеу мемлекеттік мекеменің құзыретіне жатпайды», – деп қысқа қайырды.

Сонда қарапайым тұрғындарды қалта қағып қанайтын делдалдардан кім қорғайды?

Екібастұз қаласындағы 1000-ға жуық кәсіпкер де базынасын айтып, билікке барды. Шілде айында онсыз да аспандап тұрған жылу тарифінің бағасы 7 пайызға өсті. Шағын дүкеннің иесі Әйгерім Шметованың айтуынша, бұған дейін аумағы 36 шаршы метр болатын сауда орнын жылыту үшін  35 мың теңге төлейтін. Енді ай сайынғы коммуналдық төлем 40 мың теңгеден асатын түрі бар.

– Көмірлі өлкеде елдегі ең жоғары тарифтің белгіленуі сұмдық емес пе?! Көмір шығаратын кеніш осы қалада, жылу-электр станциялары жұмыс істеп тұр. Соған қарамастан, «Екібастұз жылуэнерго» деген жалғыз монополист компания кәсіпкерлердің бар тапқан-таянғанын тартып алмақ. Бұлай жалғаса берсе, бір күні дүкенді жауып тынамыз, – дейді Әйгерім Шметова.  

Абырой болғанда, бұл іске облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті араласты. Олар екі ай бойы жүргізген сараптамалық жұмыс нәтижесінде «Екібастұз жылуэнерго» ЖШС инвестициялық бағдарламада көрсетілген 192 млн 949 мың теңгені кәсіпорынды жаңғырту жұмыстарына жұмсамағанын анықтады. Ал бұл – тұрғындардан, кәсіпкерлерден жиналған тариф ақшасы. Осыны ескерген департамент өкілдері жылумен қамтушы компанияны тарифті 35 пайызға төмендетуге міндетті. Бірақ бұл уақытша жасалған жақсылық.

– Инвестициялық бағдарламаға сәйкес, кәсіпорын жаңғырту жұмыстарын жүргізуге міндетті. Алайда іс жүзінде тарифтен түскен табыс игерілген жоқ. Сондықтан бұл табысты алып, соның есебінен тарифті төмендетеміз. Аталмыш сома бір жыл аралығында толығымен игерілуі керек. Яғни келесі жылдан бастап кәсіпкерлер мен тұрғындар бұрынғы тарифке қайта оралады, – дейді департамент басшысы Ибрагим Тангиев.

Алдағы уақытта Екібастұздағы бизнес өкілдері үшін жылу тарифі 35 пайызға  арзандайтын болды. Олар бұған дейін 1 ГКал үшін 14 462 теңге төлесе, енді 9400 теңге жұмсайтын болады. Бюджеттік мекемелер мен жылу есептегіші жоқ тұрғындар үшін жылу тарифі 2 пайызға түсті. Осы қыста бюджеттік ұйымдар 15 453 теңге, тұрғындар 3443 теңге төлейді.

Осылайша көмірдің үстінде отырған өңірде отын мәселесі өткір тұр. Тариф жайы әупірімдеп жүріп шешілсе, көмір бағасының түсетін түрі жоқ. Оны бақылап, реттеуді қолға алатын әкімдіктің қозғалатын түрі жоқ. Сонда қараша халық қыста қайтпек?

Тегтер: