Қара сөздің көсемі

Қара сөздің ақыны,
Қазағымның жақыны.
Қара сөзбен айтылған,
Адамға айтар ақылы.
Қара сөздің ақыны,
Асып туған ақылы.
Сендей ұлды әкелген,
Ананың алтын жатыры.
Қара бала кешегі,
Қара сөздің көсемі.
Тау баласы қашанда,
Тауға қарап өседі.
Семсердей сөз сермеді,
«Ай мен Айша» көргені.
Қара судың түбінен,
«Қара маржан» тергені.
Жан аямай жақыннан,
Арыстандай ақырған.
Қылышынан қан тамып,
«Қызыл жебе» атылған.
Қара бала кешегі,
Қара сөздің көсемі.
Шерханы бар қазақтың,
Бағы да бар бес елі.
Шераға деген еріміз,
Сізге дайын төріміз.
Сексен, тоқсан сөз емес,
Жүз ғой сіздің жөніңіз.
Өлеңімнің тақырыбы – Шерағам
Халайық тыңдар болсаң ақыныңды,
Шерағам – өлеңімнің тақырыбы.
Ту етіп төбемізге көтерейік,
Сексенге келген сертті батырымды.
Шерағам – өлеңімнің тақырыбы,
Ардақтап, аялайық асылымды.
Шындықты шырылдатса шыңыраудан,
Жалтақтап жәдігөйлер жасырынды.
Шерағам – өлеңімнің тақырыбы,
Халқы үшін қымбат тіпті қақырығы.
Сексеннен тоқсан асып, жүзге жетіп,
Әлі де айта бергін ақылыңды.
Қазақ әдебиеті мен руханиятының ірі тұлғасы Шерхан Мұртаза ағамызбен осыдан 30 жылдай бұрын туған ауылымыз Қошқаратада кездесу болған еді. Жазушыны бір рет көре алмаған адамдар бар шығар деп ойлағанымда мен өзімді бақыттымын деп санаймын. Өйткені мен ол кісіні өз көзіммен көріп, сөйлеген сөзін қасында тұрып естігенмін деп мақтанамын. Сол жолы менің Ғази балам қолына қағазы мен қаламын алып, жүгіріп барып мына қолтаңбаны жаздырып алып еді. Сол қағаз әлі бізде сақтаулы:
Жуалы жерінің төл перзенті, халық жазушысы
Шерағамыздың 90 жылдығына арнаймын:
Қайраткер еді ноқтаға басы сыймаған,
Шындықты айт деп жоқ оны ешкім қинаған.
Қара сөздің көсемі етіп қазақтың,
Бақытына Алламның өзі сыйлаған.
Тұлпар еді кеудесі алқынбаған,
Сұңқар еді жанары жалтылдаған.
Кітаптарын оқиды іздеп жүріп,
Жас бала мен қарттар да қалтылдаған.
Туған тілдің тұсауын кессем деген,
Ана тілін аймалап өссем деген.
Шығаруға шындықты шыңыраудан,
Қаймықпаған, қайтпаған сескенбеген.
Парламентте отырып ой салғанда,
Ойына алған істерін қолға алғанда.
Талай жан баспаналы болып қалған,
Бұдан артық не керек білген жанға.
Шешендік бар бойында сөйлер сөзге,
Ақиқатты ту еткен көрер көзге.
Арттырыпты еселеп тираждарын,
Басшылықта болғанда баспасөзде.
Жақсыларды жанына дос көріпті,
Ұмтылуды білімге хош көріпті.
Талапты ерге нұр жауар ежелден деп,
Бойындағы талантын ескеріпті.
Фариза, Мұхтар, Оралхан, Ақселеуге,
Жөн сілтеп жетелеген көрерменге.
Бұлақтың көзін ашқан Шерағаның,
Еңбегін хақымыз жоқ елемеуге.
Сөзі үлгі ұрпаққа ісі үлгі еді,
Ешқашанда білмеген ісінгенді.
Өзі үлгі боп өзгеден талап етті,
Ана тілін етене түсінгенді.
Көп жақсылық жасаған адамдарға,
Ұрпағы үшін барған зор қадамдарға.
80 жасын тойлаған халқы енді,
90 жаста таппай қап алаңдауда.
Шерағасын ұрпағы ұмытпайды,
Үлгі тұтып мәңгілік ұлықтайды.
Жүз жыл өтсін бәрібір мың жыл өтсін,
Одан сайын халқына жуықтайды.
Жеміскүл Ілгербаева,
ақын, зейнеткер ұстаз
Жазушылар Одағының мүшесі
Жамбыл облысы
Жуалы ауданы