Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:45, 19 Қаңтар 2022

Қарағанды өңіріндегі дүрбелең қалай өрбіді?

None
None

Барыс жылы бүкіл Алаш жұрты үшін ұлы дүрбелеңмен басталды. 5 қаңтар күні кешкісін «Жаңаөзенді  — қолдаймыз!

» деген ұранмен Қарағанды жұрты Оңтүстік-Шығыс ауданына жинала бастады. Алғашқыда он шақты адам болып жиналған топтың қарасы бірер сағатта шамамен мың жарымдай болды. Дегенмен алаңға жиналған қарағандылықтардың біразы сол маңайдың тұрғындары ұялы телефонына түсіру үшін қызықтап жүргендер еді дейді. Митингіде бірталай адам ортаға шығып сөйлеп, биліктен газ бағасы мен қоса барлық  қымбатшылықты айтып, бағаны реттеуді, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды талап етті.

«Халықтың мұң-мұқтажы, жағдайының нашарлап кеткенін айтайын деп тұрмыз. Жаңаөзен, Ақтау жақтан басталды, соларды қолдайын деп келіп отырмыз, бірдеңе қиратайын деп тұрған жоқпыз. Халықтың жағдайын айтайын деп келдік», — деді Сабыр есімді қала тұрғыны.

Жиналғандарға қалалық және облыстық әкімдігінің ішкі саясат басқарма басшыларымен қоса, қалалық маслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов пен облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов халыққа басу айтты. Жиналғандар арасында дауыс көтеріп, наразы үндерін білдіргендер болды.

«Арандатушылар да болды, әкімдікке барайық, жолды жабайық» деп айтып жатты олар. Біразы бейтаныс, кейбірінің жүзі таныс болып тұрды. Бірақ біз оларға көпшілікті бастап кетуге жол бермедік», — деді журналист, қоғам белсендісі Айсұлтан Жақып.

Жиналғандар арыз-шағымдарын айтып, түн ортасына дейін жүргенмен кейін ың-шыңсыз тарап кетті. Қарағандыдан бөлек, Қаражал қаласында кеншілер шығып, жалақыларын көтеруді талап еткен. Сонымен қатар, әлеуметтік желіге тараған ақпарат бойынша Балқаш қаласындағы «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі зауыттың жұмысшылары қаланы аралап наразылық танытқан. Жезқазған қаласы, Жаңаарқа ауданында тұрғындар қарасы көп болып топтасып митингіге шықты. Алайда облыс аумағындағы бұл толқулардың барлығы бейбіт түрде аяқталды. Өңірде жағдай тұрақты болғанымен елімізде орын алған қанды қақтығыс салдарынан қаза болған облыс тұрғындары да болды. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүрген өрімдей жас екі сарбаз Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов қақтығыс кезінде қаза тапты. Қайсаров Мадияр борышын Қызылорда қаласындағы әскери бөлімшеде өтеген. Қақтығыс кезінде бүлікшілер  ұрланған жүк көліктерін бөлімшенің жауынгерлік жасағына қарай бағыттаған. Қатардағы жауынгер Мадияр Қайсаров көлік келе жатқанда қасындағыларды итеріп жіберіп, өзі көліктің астына түсіп мерт болған. Екінші жауынгер Айбат Аманов Талдықорғанда бүлікшілермен болған қақтығыс кезінде ауыр жараланып, көз жұмған. Марқұмдардың бірі — 18 де болса, екіншісі — 19 жаста ғана.

Ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді туған жерлері Бұхар жырау ауылы мен Жаңаарқа кентінде жерлеп,  бүкіл ел-жұрты қайсар ұлдарымен қоштасты. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек марқұмдардың туыстарына көңіл айтып жауынгерлердің отбасына жан-жақты көмек көрсетілетінін атап өтті.

Қаңтардағы бүліктен  қаза болған Қарағанды өңірінің үшінші құрбаны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің маманы, Шахан кентінің тумасы Әділ Нүркенов. Отан алдындағы қызметін мінсіз атқарған маман Талдықорғанда болған бүлік кезінде мерт болды. Әділ Нүркеновті туған жері Шахан кентінде жерледі. Әскери антқа адалдық танытқан ерлердің есімі қаңтардағы қанды оқиға тарихында ұмытылмай сақталары сөзсіз.

Тегтер: