Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:09, 16 Ақпан 2022

Қарағанды қаңтар толқуына қалай үн қосты?

None
None

Қарағанды облысының тұрғындары Жаңаөзен қаласынан басталып, бүкіл елге ұласқан қаңтар қозғалысына өз үндерін қосты.

Әр өңірде ереуілге шыққан халық тамағының тоқтығы мен жұмысының жоқтығынан емес, шымбайларына батқан ауыр тұрмыстың салдарынан, «еститін үкімет» естір деген үмітпен шықты. Дегенмен, облыс тұрғындары ақсақалдар мен билік өкілдері басу айтқан сөзге тоқтап, митингіні бейбіт түрде өткізді.

4 қаңтарда кешкі уақытта Қарағанды қаласының тұрғындары Республика даңғылына жинала бастады. Жиналған жұрт Жаңаөзен халқын қолдайтындарын жеткізді. Халық біршама жиналғаннан соң әнұран шырқалды. Одан кейін қала тұрғындары мен белсенділер ортаға шығып, өз талаптарын билікке жеткізе бастады. Талаптар газ бағасын төмендетумен қатар, азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермеу керек дегенге дейін барды. Сонымен қатар жиналған тұрғындар жалақыларының төмен екенін айтып, оны көтеруді қарастыру керек деген пікір білдірді. Ал биліктегі атқамінерлердің ішінен жұрт жинала бастағанда, қалалық және облыстық ішкі саясат саласының бастықтары, қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкен келіп жұртқа басу айтқан болды. Сондай-ақ қала тұрғындарының алдына облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа мен қалалық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Бексұлтанов шығып, халықтың арандатушыларға алданып қалмауын өтініп, айтылған тілек-талаптардың міндетті түрде билік құлағына жеткізетінін айтып, сендірген болды. Республика даңғылына жиналған халық түнгі бірге дейін жүрді. Халық қарасы, шамамен, екі мың адамнан асты. Дегенмен, қоғам белсенділері жиналғандар арасында «жолды жабайық, әкімдіктің алдына барып тұрып алайық», деген арандатушылардың болғанын айтады. «Алайда жиынның ішіндегі қоғам белсенділері мен сыйлы азаматтар арандатушы топтың жиналғандар арасына іріткі салып, шерушілерді соңынан ертуге жол бермеді», — дейді митингіге қатысушылардың бірі. Бұл күні Қарағанды қаласымен қоса  Жаңаарқа, Осакаров аудандарында, Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш қалаларында да тұрғындар митингіге шығып, билікке наразылықтарын білдірді. 5 қаңтарда өткен митинг барысында Жезқазған  және Балқаш қаласында «Қазақмыс» корпорациясының еңбеккерлері  басшылықтарына жалақыларын 100 пайызға көбейту қажеттігін айтып, тұрып алған. Корпорациядағы басқарма мамандары еңбеккерлермен  келіссөздер  жүргізіп, райларынан әзер дегенде қайтарған. Балқаш қаласында митингіге шыққандар санының көп екендігі әрі олардың зауыт жұмысын тоқтату керек деп талап қойғандығы жөнінде бейресми ақпараттар мен бейнежазбалар тараған болатын-ды. Алайда, бір тәуліктей ашуға мінген мамандардың кейін сабаға түсіп, мыс қорыту зауытының жұмысына кедергі келтірмеді. Жалпы, өңір аумағындағы қаңтар оқиғасы төтенше жағдайға ұласқан жоқ. Өкініштісі, қазақ жұртының қабырғасын қайыстырған ызғарлы қаңтар қақтығысы кезінде Қарағанды облысынан әскер қатарына шақырылған екі сарбаз бен ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі бір маманның  өмірі қыршынынан қиылды.

Тегтер: