Қарағандыда өткен жастар форумы жаңа мүмкіндікке жол ашты
Өңірлік жастар форумы бұрнағы ескі сарын түрінде өтіп келген есептік баяндамадан алшақ болды.
Жаhандану дәуірінің жастары мен тәуелсіздіктің төл құрдастары еліміздің белді саласында, бизнестік бәсекелес ортада жүріп жеткен жетістігіне марқаю үшін емес, өзге құрдастарына өз тәжіребиелерін жолайрық ретінде айтып берді. Мәселен, Ұлыбританияның Бристоль университетін бітірген 26 жасар Лаура Жолдасова мансапқа жету еңбекқорлық пен табандылықтың нәтижесінде келетінін өз өмір жолымен дәлелдеді.
-Мен қарапайым отбасында туып өстім. Бала кезімнен алғырлық таныттым. Мектеп пен университеттің барлық қоғамдық іс -шараларына қатыстым. Бакалавриатты, магистратураны тәмамдадым. Ресейде оқу тәжіребиесінен өттім. Одан кейін, Абай ауданының жастар ресурстық орталығында маман болып, кейін сол бөлімді басқардым. Бірақ, білімнен ешқашан қол үзбедім. Ізденістің ізімен Англияның беделді жоғары оқу орнына түсіп, оны тәмамдаған соң М. Нәрікбаев атындағы заң университетінің Құқықтық Жоғары мектебінде деканның орынбасары болып жұмыс істедім. Қазіргі кезде Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің заң факультетінде кафедра меңгерушісі лауазымын атқарып жүрмін. Адамның ақыл ойын кемелдендіретін -білім. Оқу да, еңбек. Осы жолда ерінбей тер төккен жанды абырой өзі іздеп табады,-дейді «Болашақ» президенттік бағдарламасының түлегі, PhD докторы.
Форумға қатысқан өңірдегі жас ауыл әкімі Владислав Кирей демократиялық үрдіске дағдыланған көшбасшы екенін аңғартты. Владислав биыл «Нұр Отан» партиясынаауыл әкімдерін сайлауға өзін-өзі ұсынған.
-Әкім лауазымында отырғаныма небары 3 ай болды. Өз ауылымдағы тұрғындардың үмітін ақтау менің әуелі ар одан соң, мемлекет алдындағы парызым деп білемін. Мансапқа жету оңай. Бірақ, халықтың сенімін ақтау -одан да зор жауапкершілік. Қазір өзімді жан-жақты толықтыру үстіндемін,-деген қажырлы басшы қатарластары қайсар жастармен толығуын тіледі.
Жастар басқосуына қатысушылар тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басар тұстағы Қазақстанның қол жеткізген жеткістігін де сөз етті. Келешекке жоспар құрды. Салтанатты шараға жоғары оқу орынның студенттері, еріктілер, кәсіпкерлер, жұмысшы жастар және тәуелсіздіктің құрдастары қатысты. Форумды ұйымдастырған облыстық жастар саясаты жөніндегі басқармасы басқосуды қортындылай келе, биылғы бизнес идеялар байқауынан үздік шыққан 10 жеңімпаз студентті марапаттады. Олардың қатарында, инновациялық жоба арқылы пицца дайындайтын цех, аккумуляторлық батареяларды сымсыз қуаттауға арналған құрылғылар ойлап тапқан және пластикалық бұйымнан және ағаштан ұлттық нақыштағы тұрмыстық заттар жасап шығаратын өнертапқыш иелерінің жобалары бар. Айта кеткен жөн, облыстық жастар форумы алдында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жастар ісі жөніндегі кеңестің онлайн-отырысына қатысты. Келелі кеңесте NTN- жастарды жұмысқа орналастыру, мемлекеттік грант ұсыну, әлеуметтендіру мәселелері талқыға салынды.
Өңірде жастар арасында кәсіпкерлік өріс алғанмен, арнайы білімі барлар жұмыс таба аламай жүр. Дей тұрғанмен, жыл басынан бері осы санатта тіркеуде тұрған 11 мың тілек білдіруші нақты көмек алған. Қарағанды қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсемгүл Жүнісбекованың есебіне сенсек, осы жылы жұмысшы мамандықтары бойынша қысқа мерзімді курстан 335 адам өтіп, 700 сұраныс иесі техникалық және кәсіптік оқуға жіберілген. Олардың 124-і жұмыс орнымен қамтамасыз етілген.
-Бұдан тыс, жастарға өз ісін ашуға мүмкіндік беріліп отыр. Осы мақсатты іске асыру аясында, жыл сайын мемлекеттік гранттар бөлініп келеді. Биыл 343 жас осындай қолдауға қол жеткізді. Атап айтқанда, өңірдегі 301 жас облыс әкімі тағайындаған грантқа өтініш жолдаған. 100 өтініш иесі іріктеу нәтижесі бойынша ақшалай гранқа ие болды. Мемлекеттің әр тиыны есепке алынып қана қоймай, оның игерілуі қырағы қадағалануы керек. Облыс әкімі грант түрінде бөлінген қаражатты мақсатты пайдалануға мониторингті күшейту, грант алушылар мен қоғамдық пікір көшбасшылар комиссиясының қызметіне мониторинг жүргізуге бұқараны көптеп тартуды тапсыра келе:
-Қала және аудан әкімдері жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, жастарды жұмысқа орналастыруды белсенді іске асыруды тапсырамын-деп міндетте жүктеді. Ал, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы аймақ жетекшісі атап айтқан ведмоство өкілдеріне жастарға жұмыс тауып берумен шектелмей, олардың интеллектуалдық дамуына, қолға алған бастамаларына қолдау көрсетіп, психологиялық тұрғыдан қуаттап ,әлеуметтендіруге мүмкіндік туғызуды сұрады.