Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:32, 09 Тамыз 2023

Қарағандыдағы жаппай улану. Жауаптылар неге бала өлімінен соң бас көтереді?

None
None

Шілденің 30 күні балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығында екі баланың денсаулығы күрт нашарлаған және осы күнге дейін жағдайдың оңалар түрі жоқ.

Бастапқыда бүлдіршіндердің дене қызуы көтеріліп, құсып, іші өткен. Ертесінде тағы он бала осындай белгімен ауырған. Олардың барлығы балаларға арналған ауруханаға жатқызылды.

Дәрігерлер 13 жастағы Әділ Омаровтың  өмірін сақтап қала алмады. Кеше таңертең өңірдегі журналистер чатында облыстық клиникалық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің жетекшісі Ержан Жүнісов жасанды тыныс алу құралының көмегімен демалып жатқан төрт бүлдіршінге интенсивті терапиялық ем қолданылып жатқанын, қалған бесеуінің жағдайы тұрақты дей келе, қалалық балалар ауруханасына қабылданған екі пациенттің денсаулығы аса алаңдатушылық тудырып тұр деп дабыл қаққан болатын.

Кеншілер қаласына арнайы келген денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқызы журналистерге арналған брифингте жаңа мәлімдеме жасады.

«Жансақтау бөлімінде алты бала жедел медициналық ем алуда. Екі бүлдіршін ауыр халде жатыр. Ауруханадағы бесеудің беті бері қарады. Балалардың  ағзасындағы  токсиндік белгілер кетіп, өздерін жайлы сезінуде. Беті бері қараған балаларды дәрігерлер тағы бір күн  бақылауда ұстайды. Одан кейін ауруханадан шығарылады», – деді.

Министр не айтады деп дымын ішіне тартып елеңдеп отырған журналистерге бар жаңалық осы болды. Ажар Ғиниятқызы еліміздегі әр саланың кіл мықты дәрігерлері тағдыры қыл үстінде тұрған балғындарды аман алып қалу үшін барын салуда деп сендірді. Дейтұрғанмен сол «сен тұр, мен атайын» деген әйдек мамандардың өзі балғындардың бүк түсуінің себебін таппай, дал болуда.  Балалардың қан талдамасы жасалып, ағзаларынан вирус пен бактерияны анықтайтын биологиялық сараптамалар алынған. Алайда ол аздық етуде. Ақ желең иелері «пәлен» деп айту әлі ерте дейді. Денсаулық сақтау министрі кішкентай науқастардан тамақтан улану, яки ішектің жұқпалы індетінің белгісі табылмағанын кесіп айтты.

Төтенше жағдай орын алған мекемеде 10-18 жас аралығындағы  мүмкіндігі шектеулі 160 бала тәрбиеленіп жатыр. Оқыс оқиға «Қуаныш» тобында болған. Жұмбақ кеселге шалдыққан 14 бүлдіршіннің әлеуметтік ерекшеліктері әрқилы. Олардың алтауы тұл жетім, төртеуінің ата-анасы перзенттерінен бас тартқан, қалған төртеуінің ата-анасы тірі. Қайтыс болған Әділдің әке-шешесі бар.

Мұнда бір топқа 30 баладан топтастырылған. Әлеуметтік мекемедегі өзге тәрбиеленушілердің жағдайын дәрігерлер жіті тексеріп жатыр. Денсаулығына шағым айтқан екі бүлдіршін бүгін балалар ауруханасына жатқызылды. Балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Айман Жағыппарова шу шыққан сәтте еңбек демалысында жүрген көрінеді. Кеше ол облыс әкімінің бұйрығымен қызметінен шеттетілді. Облыстық  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар  басқармасының мәліметінше,  мекемеге заң орындарының өкілдері тексеріске келген. Тергеу қорытындысына сәйкес, лауазым иессінің қандайда бір кінәсі әшкереленсе тиісті  жазасын алуы.

Алайда… Мемлекетіміздегі балалар құқын қорғау жөніндегі түрлі қоғамдық және атағы дардай ресми органдар бас көтеруге жарамай отыр. Жеделдетіп мақала жазып жатқанда Оқу-ағарту министрлігі жанындағы балалардың құқын қорғау комитетінің басшысы Махаббат Бегалинадан пікірін сұрағанымызда, мемлекеттік тілде жазған өтінішімізге сылбыр ғана:  «Все интервью через нашу пресс службу» деп жауап қатты. «Бізге ой-пікіріңіз жедел қажет болып тұр» деп қайта қайырылғанымызда, мүйізі қарағайдай шенеунік: «Все через пресс службу пожалуйста» дей үстемелеп, нүкте қойды. Әрбірден соң, келешек ұрпақтың саулығын тілеп мұқым халық қамығып жатқанда балалар құқын қорғау комитет басшысының елордадан аттап шығуға дәрменсіздік танытуын қалай түсінуге болады?

Кеше ғана еліміздің жоғары инстанциялық ұйымы – ҚР-ның Бас  прокуратурасы аталған КММ-де балалардың тамақтан улануы фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 304-бабының 2-бөлігі,  яғни ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Президент жанындағы әйелдер ісі жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Ләззат Қожахметова алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі өрендер мекендейтін орталыққа прокуратура, СЭС, еңбек департаменті өкілдерімен кешенді тексеріске шығатындарын жеткізді. Оның айтуынша, жауаптыларға Аягөздегі қайғылы жағдай сабақ болмай тұр. 2020 жылы Аягөздегі мүгедек балаларға арналған орталықта төрт бала аштықтан көз жұмғаны ел жадында. Сол кезде  әлеуметтік орталықтағы жаға ұстатарлық талай жасырын жәйттер бұқараға кеңінен жария болғанда еді. Осы ұйым мүгедек жеткіншектерге физикалық тұрғыда зорлық көрсету, седативті препараттармен еріктен тыс емдеу,  оларға дөрекілік көрсету әрекеті қылаң берілгенін басып айтқан болатын. Шығыстағы айғайдан кейін де, халықаралық ұйымдар Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған әлеуметтік мекемелерде отбасы типіндегі жағдай туғызуға күш салуды үндеді. Бірақ тиісті ведомстволар әлі күнге дейін  қаперіне алмай отыр. Сонда, мүгедектер мүсіркеу үшін керек пе?

Тегтер: