Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:09, 11 Тамыз 2021

Қарамендітегі қателеседі

None
None

Ғасырдың күрделі құрылысы – ҮАК бүгін де маңыздылығын жойған жоқ

 «Жас Алаш» газетінде ағымдағы жылы 20 сәуірде Төлеубек Қарамендітегінің "Қонаевтың іс-әрекеттерін қалай бағалауымыз керек?" атты мақаласы жарияланды.

Оқып шықтым. Тырнақ астынан кір іздегендей ой қалдырды. Өйткені келтірген дәлелдері шындыққа сай келе бермейді. Ақиқаттан мүлдем алшақ. Анадан-мынадан естіген алыпқашпа сөздерден құралған долбар ғана. Мақсаты – профессор деген дардай ғылыми атағын сәдеттеп, кейінгілерге кертартпа, кереғар ой салу.  

Кеңес өкіметі кезінде билік Мәскеудің қолында болды. Республиканы бірнеше ұлт өкілдері басқарды. Ал жергілікті ұлт өкілдерінен Қонаев үшінші адам еді. Онда да олар бірінен соң бірі тізбектеліп ел басқарған жоқ. Араларын бірнеше жылдар бөліп тұрды. Мәскеудің құзырлы билік тармақтарында отырғандар Қонаев пен Брежневтің достығына қарамай, оның әр қадамы мен әрекетін қатаң қадағалаумен болды. Сондай жағдайдың өзінде Қонаев астарлап ұлттың мүддесіне жұмыс істеді. 1954 жылы 2 миллион 400 мың болған қазақтың санын 1986 жылы 6 миллион 800 мыңға жеткізген. Ол ұлт жағдайын жасап, тұрмысын көтермесе саны осыншалық өсер ме еді?!

Қарамендітегі мақаласының соңына таман былай деп жазады: «… Д.Қонаев бас хатшы Брежневтің әрекеттерін көшірумен ғана болды. Брежнев БАМ-ды (Байкал-Амур магистралын) салса, Қонаев БАК-ты (Үлкен Алматы каналын) салды. Жобаның техникалық-экономикалық көрсеткіштері нақты ғылыми негіздерге сүйенбеген, суару жүйесі де, демалыс аймақтары да дұрыс қарастырылмаған. Ал оған қыруар қаражат жұмсалды. Сондықтан да оны халық арасында «Большой арык Конаева» деп атап кетті». Енді Қарамендітегінің жаласы мен шындықтың аражігін ашайық.

Автордың айтуына қарағанда, Қонаев Брежневтің жасағанын қайталаған болып шығыпты. Оның «Большой арык Кунаева» деп кекетіп, мұқатқанын қайтерсің. Осы мүйізі қарағайдай профессор айтатын сөз бе? Ғалым адам аузына келгенін аталай салмай, істің ақиқатына жүгініп барып сөйлеуі керек қой. Ол өзінің көңіл күй ауанымен мәселені бұра тартып, каналдың мәні мен маңызын жоққа шығарғаннан не тапты? Ештеңе! Бұл тек Қонаевтың ғана емес, канал құрылысшыларының ерлікпен бара-бар ерен еңбектерін көпе-көрінеу жоққа шығару. «Көрмес – түйені де көрмейдінің» кері. Ал нақты шындық мүлдем басқа. Қазақ «Сабақта ине сәтімен» дейді. БАМ да, БАК та патшалық Ресей тұсынан бері шамамен жүз жылдай түйіні шешілмей келе жатқан күрделі мәселе болатын.

Байкал-Амур магистралінің құрылысы Кеңес өкіметі кезінде, яғни 1971 жылы басталып, ғасыр күретамыры аталған құрылыс 1991 жылы ғана аяқталған. Оның жиырма жылға созылған бірнеше мың шақырымдық құрылыс жұмыстарына 1,26 триллион рубль жұмсалды. Бұл АҚШ долларына шаққанда 37 миллиардты құраған. Бүкілодақтық екпінді құрылыста қазақстандық жастар да өз қолтаңбаларын қалдырды.

Жетісу өлкесінің суармалы жерін ұлғайту мәселесін 1910 жылы сол кездегі губернатор Михаил Фольбаум қолға алған болатын. Шелек пен Шарын өзендерінің аңғарларын тусырап жатқан жерге қарай бұру қарастырылады. Ресейден гидрология, ирригация мамандары келіп, жер жағдайымен танысқан. Бірақ елде орын алған саяси жағдайларға, халық толқуларының жиілеп кетуіне байланысты жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік болмай қалады. Кеңес өкіметі кезінде де республика астанасы Алматыға ауыстырылған  1926 жылы Іле Алатауы етегіндегі жерлерді суландыру мәселесі тағы да көтерілген. Бірақ қаражат тапшылығынан су жүйесінің жобасы да жасалмай, кейінге ысырыла береді.

1963 жылы ғана Гидропроект институты «Қазақстанды суландырудың бас жоспарын» жасайды. Осы жоспарда Жетісу жерін суландыру да қарастырылған. Сол кезде-ақ «Бартоғай» суқоймасы мен тау бөктерлеген бірнеше шақырымдық ұзын канал салу көзделген болатын. Алайда КСРО су шаруашылығы министрлігі мен КСРО жоспарлау комитеті бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін тек 1978 жылы Қазақстанды сол кезде басқарған Дінмұхамед Қонаевтың орасан күш-жігерінің арқасында қабылдады. Онда да жоба қаржы тапшылығына байланысты «Қазақ КСР Алматы облысындағы Шелек, Шамалған өзендері арасындағы жер және су ресурстарын пайдаланудың сызбасы» түрінде қарастырылған. Көп ұзамай «Бартоғай» суқоймасы мен Үлкен Алматы каналы алғашқы кезегінің техникалық жобасы бекітілді.

Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев «Бартоғай» суқоймасы мен Үлкен Алматы каналының құрылысын қатаң түрде бақылап-жүргізуді Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Эрик Гукасовқа жүктеді. Бұл аса жауапты іске су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев пен Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кеңес Аухадиев те атсалысатын болды. Қонаевтың тікелей басшылығымен «Казгипроводхоз» институты қызметкерлері Юрий Шалон мен Эрнест Гисин жасаған жоба бірнеше рет қайта сараптаудан өткізіліп, көптеген түзетулер мен өзгерістер енгізілді.

2012 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына арналған ғылыми-өндірістік конференцияда сол кісінің атындағы ҮАК-тың  мәні мен маңызы туралы келелі сөз қозғалған еді. Сол конференцияда Эрик Гукасов: «Үлкен Алматы каналы (ҮАК) – өте күрделі таулы аймақпен өтетін бірегей, әлемде теңдесі жоқ гидротехникалық құрылым. Қолдан жасалынған «Бартоғай» суқоймасынан канал арқылы су жіберіліп, 90 мың гектар егіндіктер мен бау-бақшаны тіршілік көзімен қамтамасыз ету мүмкіндігі туды.

1980 жылы Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүргенімде мен Дінмұхамед Ахметұлының тапсырмасымен Мәскеуге аттандым. Канал құрылысына қажет 250 миллион сом республика қазынасында жоқ еді. «Бартоғай» құрылысынан 15 есе артық қаражатқа түсетін канал құрылысына қажетті қаржы табу мақсатымен Мәскеудегі Одақтық мемлекеттік жоспарлау комитеті (Госплан) мен Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі есіктерін қағып, канал қажеттілігіне лауазымды басшылардың көзін жеткізу оңай болған жоқ. Бұл аса қажетті қаражатқа да сол кездегі Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың беделі мен тікелей араласуының арқасында қол жеткіздік.

Алда ең күрделі іс – осы құрылысты санаулы жылдарда ғана іске асыру міндеті тұр еді. Құрылысты межелі уақытта және сапалы жүргізуде Д.Қонаевтың маған артқан үлкен сенімі сеп болды. Үлкен Алматы каналының қауіпсіз болуын қамтамасыз ете отырып, құрылысты жедел аяқтау мәселесі алғашқы сағаттарда-ақ алдымыздын шықты. «Казгипроводхоздың» жобасымен танысу кезінде каналдың 400-ден аса ірілі-ұсақты табиғи су жолдарын кесіп өтетінін аңғардық. Каналды әдеттегідей тәсілмен өзен арналарының, сай-салалардың үстімен өткізу жобасын жаратпай тастауға тура келді. Өйткені секундына 90 текше метр болатын судың салмағы мен екпінін арна, жыралар мен сайлардың үстінен өтетін канал құрылысы көтере алмай сынып, жарылып кетері неғайбіл. Тау бөктерінен өтетін каналдың осындай апатты жағдайға ұшырауы төменде орналасқан ондаған елді мекенге қауіп төндірері анық еді. Сондықтан жобаны өзгертіп, көптеген өзендер мен шатқалдардағы су ағындарын каналдың үстімен құбырлар мен науалар арқылы өткізуді жөн көрдік. Сөйтіп, күрделі апаттың алдын алдық», – деді.

Мінберге көтерілген бұрынғы мелиорация және су шаруашылығы министрі, профессор Нариман Қыпшақбаев: «ҮАК-пен облысты суландырудың нәтижесінде  ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру, жалпы, өнім сол кездегі бағамен есептегенде 60 миллион сомға көбейіп, 20 миллион сом таза пайда табуға қол жеткізді. «Бартоғай» суқоймасы мен Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын салуға кеткен шығын нормативті мерзімде, яғни 10 жылда орнына келді. 1984 жылдың басында Қазақстан мелиорация және су шаруашылығы министрлігі құрамында 31 адамы бар «Бартоғай» суқоймасын пайдалану және 125 штаттық бірлігі бар Үлкен Алматы каналын пайдалану басқармасын құрды. Басқарма қажетті техникамен, көлік құралдарымен, материалдық-техникалық ресурстармен, қызметтік, өндірістік ғимараттармен жабдықталды. Осылайша «Бартоғай» суқоймасы мен Үлкен Алматы каналы ірі кешенді құрып, Алматы облысының экономикасын көтерудің базалық негізіне айналды», – деді.

Алматы облыстық партия комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Кеңес Аухадиев: «… Канал суынан түскен пайда қандай? Ел экономикасына не берді? Бұл аса ірі құрылыстың берген пайдасы тек бұрынғы Шелек ауданының мысалымен-ақ көрсеткім келеді. Астық өндіру бес есе өсіп, 80 мың тоннаға жетті. Ет 13 мың тоннаға, ал темекі өнімділігі гектарына 9,5 тоннаға көтерілді. Ірі қара мал басы 333 мыңға, қой 450 мыңға жетті. Бұл тек Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналынан тікелей пайда тауып отырған бес ауданның біреуінің ғана экономикалық көрсеткіші», – деді.

Сөз кезегінде бұрынғы Шелек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Құсайын Бижанов: «Ауданға Қорам каналының суы аздық етіп, жергілікті халық шынымен де қиналып қалатын. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген оймен Дінмұхамед Ахметұлымен кезекті кездесудің бірінде осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбіттім. Қашанда елдің жайын кеңінен ойлап, терең зерделейтін Димекең сөзімді бөлместен тыңдады. Үлкен Алматы каналы құрылысының идеялық жоспарын құрып, алғышарттарын да белгіледік. Елі үшін бір игілікті істі қолға алса және оның оң нәтиже беретініне көзі жетсе ерекше нұрланып кететін Димекең осы жолы да сондай күй кешті. Менің бұл ұсынысымды ел игілігі үшін дер кезінде көтерілген мәселе екенін айта келіп, сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімұлына арнайы тапсырма беретінін және оң нәтиже шығаратынын айтып марқайтып тастады. Арада көп уақыт өтпей-ақ үлкен жобаның құрылысы да басталып кетті», – деді.

Д.Қонаев атындағы ҮАК-тың арқасында облысқа сырттан әкелінетін көкөніс өнімдері тоқтатылды. Кәдімгі картоптың азық-түлік дүкендеріндегі бір келісі 15 тиын, бір келі қияр мен қызанақ, сәбіз 20 тиын төңірегіндегі бағамен сатылды. «Арзанның жілігі татымас» деген. Сол кезде Төлеубек Қарамендітегінің осындай арзан дақылдарды тұтынса да, қазір ұмытып қалғаны өкінішті, әрине. ҮАК күні бүгінге дейін халық үшін аса маңызды құрылыс.

Канал құрылысы туралы әңгіме қозғағанда айтып бітіре алмайтын тағы бір мәселе еріксіз ойға оралады. Әуелі ҮАК-тың бастапқы жобалық құны 615 миллион сом деп есептелген екен. Кеңестік рубльдің Америка долларына дес бермей тұрған заманның ақшасы. Соны бүгінгі теңгемізге шақсақ, өте құнды қаржы. Алайда оның кілті орталықта – Мәскеуде. Жобаны бекітетін де, ақшаны беретін де солар. Олар сол бастапқы қаржыны келе-келе азайтып, 215 миллион рубльге түсірген. Осы қаражатқа «Бартоғай» суқоймасы жасалынды, «Бартоғай» совхозы құрылды, жасанды каналдың арнасы тартылды. Оның үстіне Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарының және Шелек маңындағы «Нұрлы» көгерту аймақтарын қосыңыз. Іле ауданы территориясында да осындай жерлер болды. Алматы қаласы маңындағы демалыс зонасы тағы бар. Бүкілодақтық маңызға ие алып құрылыс бола тұра, сол кездегі қалыптасқан жоспарлау заңдылықтары сақталып, әлгі берілуге тиісті қаражаттың өзін кезең-кезеңге бөліп босатқан. Осы әңгімелерді суқойма жанындағы саялы жерде әңгімелескен Димекеңнің өз аузынан естіп едім. Ол: «Бартоғай» суқоймасының келешегі зор. Арна тартылған аймақта мыңдаған гектар алқаптар суғарылады. Өндірілетін өнім әлі де еселеп артады. Біз мұны осындай мақсатпен әбден ойластырып, экономикалық есеп-қисаптардың бәрін алдын ала негіздеп барып қолға алған едік», – деді. Расында, дәл солай екенін менің тұрғыластарым өте жақсы біледі. Мәселен, бір ғана Шелек ауданында бұрын 27 мың гектар суармалы алқап болса, Үлкен Алматы каналы іске қосылғаннан кейін оның көлемі екі есеге жуық көбейіп, 53 мың гектарға дейін ұлғайды.

Үлкен Алматы каналы алып құрылыс болды. Оның арнасы «Бартоғайдан» басталып, сонау Шамалғанға дейін созылды. Қараңызшы, қандай ғажап жоба, қандай ғажап құрылыс, қандай экономикалық табыс! Димаш ағамыз осы ойын Мәскеуге өткізіп, содан соң іс жүзіне асырды. Өтірік есеп, көзбояушылыққа жол берілмеді. Диекең қыс-жаз демей, құрылыс басына жиі-жиі келіп жүрді. Сондықтан Диекеңнің еңбегін жұрт ерлікке балады.

1987 жылы Қазақстан Компартиясын басқарған Геннадий Колбин қалайда Қонаевтың үстінен қылмыстық іс қозғату үшін барлық шараларға барды. ҮАК-тың құрылысына кеткен қаржылық шығынды анықтау үшін Мәскеудің және жергілікті жердің ең білікті мамандарынан арнайы комиссия құрған. Сол комиссия мүшелері қанша қазбаласа да, не канал жобасына, не құрылысына орынсыз жұмсалған қаржы көзін таба алмады.  

«Бартоғай» суқоймасы әу баста ауызсу мәселесін де шешу үшін өте кең ауқымда жоспарлана жүргізілген құрылыс болатын. Алайда жоспарланған қаржының қысқара-қысқара тым азайып кетуі діттеген ойдың жүзеге асуына мүмкіндік бермеген. Кейін «Қазақстан» жеміс-жидек совхозында директор қызметінде жүргенімде сол идеяны жүзеге асыру мақсатымен жобалық жоспар жасауды қолға алған едім. Өйткені «Бартоғай» суқоймасының өзі жоғарыда, биік аймақта тұр. Ал Шелекке келсек, қаланың өзі 500 метрдей төменде. Егер ауызсудың құбырын «Бартоғайдан» тартатын болсақ, Шелек өзенінің арғы жағындағы Малыбай, Сөгеті, Октябрь ауылдары мен қапталдағы «Нұрлы», жалпы, бүкіл Шелек өңіріндегі елді мекендер және Үлкен Алматы каналы бойындағы қаншама ауылдар таза ауызсумен қамтылар еді. Бұл түпсіз тереңнен қазылып алынатын жерасты емес, табиғи тау суы ғой. Қаржылық шығын жағынан да миллиардтаған теңгені үнемдеуге мүмкіндік бар. Мен осы идеямды жүзеге асыру үшін сол кездегі Су ресурстары комитетінің төрағасы Рябцевтің алдына бардым. Ол мені қолдады. Екеуміз премьер-министрдің орынбасары Ахметжан Есімовтің қабылдауына бардық. Бізді ол да бірден құптады. Бұл 2010 жыл болатын. Біз президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да қабылдауында болдық. Сөзімізді асықпай тыңдады. «Мына жобаларың жақсы екен. Бірақ солтүстік облыстар өздерің айтып отырған таза су емес, күнделікті ішетін ауызсудың тапшылығын тартуда. Әуелі сол өңірдің мәселесін шешейік. Сендердің жобаларыңа содан кейін кірісеміз», – деді.

Сонымен, әзірге ел мүддесін ойлаудан туған бұл жоба әлі күнге өзекті дер едім.  Тек іске асар уақытын күтуде.

P.S. Жуырда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Ащысай ауылы азаматтарының бастауымен Шелек өңірінің тұрғындары құрғақшылықтан зардап шеккен Маңғыстау облысына 25 вагон шөп пен екі вагон жем жіберді.

Сондай-ақ Қызыл шарық ауылынан бастап, Қазақстан ауылына дейінгі 7000 гектар алма ағаштарының әр гектарынан 45-50 тоннадан алма жинауда. Осының бәрі Үлкен Алматы каналы арқылы облыс жерін суландырудың арқасында болып отыр.

                                                                              

Тегтер: