«Қарастырып жатырмыз», ал Қазақстан «күйіп» тұр

Нақты диагнозға құрылған бір сөз бар. «Аруын жасырған өледі» дейтін едік әуелгіде.
Кейіннен арамыздан «жоқ, олай емес, дұрысы былай» деп өзгерткендер табылды. Дұрысы сол – «ауруын жасырғанның өлімі әшкере» екен. Ауырыңды жасырсаң, сол жасырған ауруыңды өлімің әшкере қылады дейді ғой сол. Былай қарағанда біріншісі де дұрыс. Яғни сен ауруыңды жасырсаң, емделмесең, соның салдарынан өлесің деген мағына. Қалай десек те екі нұсқаның мағынасы бір-бірінен онша алыс кетпейді.
Біздің мемлекетіміздің әр салада сырқат жерлері баршылық. Сол ауруларды жауапты адамдар уақытылы емдеудің орнына жасыра түседі. Ал ауру асқына бермек. Жаңа Қазақстан құрамыз деп жанығып жүрміз. Бірақ отыз жылда мызғымастай қалыптасып қалған ескі жүйеден арылмай, Жаңа Қазақстан құру дегеніңіз қиынның қиыны екеніне көз жетті. Арылу да оңай емес екен. Әлі күнге ескі жүйе, ескі тәсілден арыла алмай келеміз. Мемлекетіміз кәрі кемпірдің, қаусаған шалдың жағдайында емес негізі. Өз қолы өз аузына жеткен, есін жиып, етегін жапқан жігіт дерлік жағдайда. Бірақ сол қылшылдаған жігіт мемлекетіміздің бойында табиғаттан келген дерт болмаса да, жұқтырған аурулары жоқ емес. Соны көріп, біліп отырған мамандар жараны дер кезінде емдеудің орнына, «жауырды жаба тоқи салғанды» жөн көреді.
Баяғы бала кезімізде құлап қалып, бір жерімізді қанатып алсақ, шешелеріміз екі рет үрлеп, топырақ сеуіп қоя беретін. Біздің жауаптылар да сондай тірлік жасайтындай көрінеді. Айдың-күннің аманында Арыста жарылыс болады. Не боп қалды десек, дерт асқынған екен. Сол дертті уақытында анықтап, шара қолданғанда алапат апат болмас па еді? Биыл, міне, Семей орманы өртеніп жатыр. Өртенген Семей орманы ғана ма? Қазағым, Қазақстаным деген әр адамның өзегі өртеніп жатыр. Өте өкінішті жағдай. Қолданған шарамыздың алды жирен сары Ильинді орнынан алдық. Ильинді осыдан бәленбей уақыт бұрын алғанда, орнынан қара орман қазағына, кең байтақ Қазақстанына жаны ауыратын адамды қойғанымызда бұл орман өртенбес пе еді бәлкім. Ильиннің қылы қисаймайды. Тұтас елді дүрбелеңге салып, қан жұттырған әлгінің де мұртының қисайғаны шамалы. Жә, әңгіме ол туралы емес. Ильин сындыларға жауапкершілік жүгінің тым ауыр екенін сезіндіру керек шығар. Жауапкершілік жүгі дегеннен шығады, біз қаршадай қыздың мойнына таудай жүкті арқалатып қойыппыз. Аяу керек қой. Азғантай жүк артып, ақырындап үйретіп, бірте-бірте көбейтіп отыру керек емес пе еді? Және сол жүкті көтере алатын басқа азаматтар да бар еді ғой. Байғұс қыздың жүзін төмен салып, жанарынан жасын төккенде кімге жаның ашырын білмей дал болады екенсің. Жылап тұрған қызға қатысы жоқ, бірақ анау шашын артқа қайырған сары сияқтыларды жәй ғана жұмыстан босата салмай, дұрыстап шығарып салуымыз керек шығар. Анау омырауы толған ордендер мен медальдарды тағы бір медальмен толықтырып жіберу керек еді. Мынаның айтып отырған ордені несі деп отырған боларсыз. Айтайын.
Бізде «Құрмет», «Парасат», «Барыс», «Айбын» деген сынды ордендер бар ғой. Лайық-ау дегендердің омырауына тағатын. Сондай бір атақ, орден жетіспейтін сияқты. Мысалға, «Қазақстанға кесірі тиген зиянкес» деген орден болса. Оны өз ісіне салғырт қарағандығының кесірінен мемлекетке, халыққа, табиғатқа жапа шектіргендерге берсе. Кәдімгі атақ, орден! Салтанатты түрде марапаттап жіберу керек. Сонда әділетті болатын шығар. Бұл шын сөзіміз, өз ойымыз. Әйтпесе, әзілдейтіндей жағдайда емеспіз. Қазақстан «күйіп» тұр. Күйініп отырмыз.
***
«Қарастырып жатырмыз...»
Інжілде: «Ең әуелі сөз болған» дейді. Рас. Бұрынырақта сол сөз дегеніңіз ойды жеткізудің құралы болса, қазір ойды жасырудың құралына айналып кеткен. Ойды жасырудың деп қысқа қайырып отырмыз, әйтпесе, ұрлығыңды жасырудың, қылмысыңды жабудың, қиындықтан құтылудың, шындықтан қашудың деп тізіп кете беруге болады. Мысал ретінде бір ғана сөзді алайықшы.
Шенеуніктер жиі қолданатын бір сөз бар, «қарастырып жатырмыз» деген. Құдай-ау не деген құдіретті сөз деймін. Барлық сұрақтың жауабына жүре береді ғой, шіркін. Қандай да бір шенеунік халық тарапынан, жоғарғы билік тарапынан қойылған кез келген сұраққа осы бір ғана сөзбен жауап беріп жүре береді. Бұқара халық: «жол қашан салынады, су қашан түседі, газ қашан келеді?» деп әкімді қыспаққа алады ғой. Әкім саспайды. Жауабы дайын! «Қарастырып жатырмыз...» – дейді. Болды. Ел алдындағы аз-кем уәдесін жарым-жартылай болса да орындайыншы деп, министрге депутаттық сауал жолдайды. Шешілмей жатқан, тура осы күні шешілуі тиіс мәселені алдына қояды. «Осы жағдайлар не күйде?» дейді ғой депутатымыз екпіндеп келіп. Министріміз саспайды. Жауабы дайын. «Қарастырып жатырмыз, қарастырылып жатыр». Бітті. Ол жауап қанағаттандырмаса сәл күшейтіп жібереді. Ол да бір-ақ сөз. «Алдағы уақытта шешімін табады деп айта аламыз». Басқа не керек? Алдағы уақыт деген қашан? Нақты мөлшері бар ма? Алты ай ма, бір жыл ма, бес жыл ма, оны ешкім білмейді. Белгісіз. Белгілісі сол – алдағы уақытта! Және нақты қандай шешім? Ол да белгісіз. Әйтеуір жауап беруге тиіс шендіні тығырықтан шығарды, оттан, судан қорғады. Негізі бұндай сөздер баршылық. Біз мысал ретінде екеуін ғана келтірдік. Сөз ойды жеткізудің емес, жасырудың құралы болып кетті дегенде мына жағдай да мысал болатындай.
Әкімқаралар үлкен бір шараны ұйымдастырады. Сол жерде жалындатып сөйлейді. «Біздің бұл шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз елді отаншылдыққа, мемлекетшілдікке тәрбиелеу, халықтың рухын ояту», деп жалындап сөйлейді ғой. Ал нақты мақсат – өткізу керек болғасын өткізе салу, сол арқылы біраз тиын жасап қалу.
***
Үйленудің машақаты
Серікәлі заңнан тыс туған. Сол заманда әкесі шешесін алып қашып үйленген екен. Ерлі-зайыпты өмірдің қызығына бірден кірісіп кеткен байғұстар некеге тұру дегенді ойламаса керек. Сол бір оттай жанып, шоқтай маздаған күндер өз нәтижесін бермей тұрсын ба? Күндердің күнінде Серікәлі өмірге келіпті.
Соған метірке жаздырарда барып екеуіне неке куәлік керек екені естеріне түскен. Селолық советтің хатшысы жамағайын туыстары еді, қуанышқа ортақтасып, тойлаңқырап отырып неке куәлікті бірден жазып бере қойған. Және Серікәлінің туу туралы куәлігін де өз қолымен толтырған. Сол замандағы модамен Серикали деп жазған. Өйтіп жазылғанын да ешкім білмеген. Құжат бойынша Серикали, өмірде Серікәлі, Сикош болып жүре берді. Құдай денсаулық беріп, ғұмыр беріп Сикош та тең құрбыларына ілесіп қайбір жылы он алтыға толған. Мектепке ауданнан бірнеше адам дүркіреп кіріп келмесі бар ма? Он алтыға толғандарға жеке куәлік бермек екен. Құжаттарды толтырып алып, бұларды суретке түсіріп алып, жөнеп берген. Арада күн өтті ме, ай өтті ме, белгісіз, бір күні сол ауданнан өкіл келіп, бұлардың жеке төлқұжаттарын таратып берді. Серікәлі өзінің атының Серикали екенін сол күні білді. Ежіктеп оқыған. Және Мухтарович деп тұр екен. Бір орысы жоқ ауыл. Овичі несі енді? Оның үстіне өздерінің ауылдас туыс ағасы толтырып еді ғой. Ол кісі неге Мұхтар бауырын Мухтар деген? Қойшы әйтеуір орысшалай толтырылған жеке куәлігін ұстап тұрып Сикош қатты толқыған. Үйіне әкеліп көрсеткенде әкесі де қатты қуанып еді-ау. «Ұлым азамат болды» деген зор еңбекпен өсіргендей. Шынтуайтына келгенде Сикош Құдай қарасып, өзімен-өзі өскен бала ғой. Сондықтан ғой әкесінің «сен де ер жеттің бе?» деп қайран қалғаны.
Сикош шешесіне тартып, момын болып өсті. Және сол момындығынан арылмады. Қара жұмыстың адамы болып қалыптасты. Заң дегеннен мақұрым еді. Қой аузынан шөп алмайтын баланың өміріне қылмыстық кодекстің не қатысы болуы мүмкін?.. Баяғыда елге тегін беріп жатқан жеке куәлігі мен үшке толы аттестатынан басқа құжаты да жоқ. Жұрттың балалары құсап шопырлыққа да қызықпады. Ат мініп, арба айдағанға жүргізуші куәлігінің түкке керегі жоқ.
Сөйткен Сикош отыздан асқан шағында үйленбек болды. Ол кезде мектепті жақсыға бітірген тете қарындасы бұларды (Сикошты ата-анасымен бірге) қалаға көшіріп алған. Сикош қаладағы құжат керек етпейтін жерде құрылысшы болды. Күндердің бір күнінде үйленуге қам қылды. Барлық әуре сол кезде басталды. Құжат деген нәрсе құдалықтың барлық рәсімінен, той-томалақ жасауыңнан да қиынға түсті.
Некеге отыру үшін жеке куәлік керек екен. Ал Сикоштың жеке куәлігінің жарамдылық мерзімінің өтіп кеткеніне бәленбай жыл болған. Оны жаңарту үшін тіркеуде болу керек. Тіркеуі сонау ауылдағы екі жылқы, бір сиырға сатылып кеткен үйінде еді. Ауылына барып, ауданына шабылып жүріп, айыппұлын төлеп, тез арада дайын болуы үшін қосымша ақша құйып жүріп жаңартқандай болды. Қалаға келіп тұрақты тіркеуге тұрды. Үйлерін салуын салып-ақ алғанмен, оның да құжатын алмаған. Сол себепті тағы бір туыс тауып, соның үйіне тұрған. Енді үйленбек келіншегі екеуі некеге тұруға өтініш бермекке бекінеді. Болашақ келіншегі де асып бара жатқан білімді емес, колледждің технология тұрғысындағы бір дипломын алыпты. Енді екеуі бірігіп ізденеді ғой.
Интернеттен тапқан мәтінге бастары жетпеді. Ол жерде былай деп тұр екен. «Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің неке қию туралы өтінішті некені мемлекеттік тіркегенге дейін 15 (он бес) күнтізбелік күн бұрын беріледі. Мерзім неке қию туралы бірлескен өтініш берілгеннен кейінгі келесі күннен бастап есептеледі, және 15-ші күнтізбелік күн некені мемлекеттік тіркеу күні болып саналады. Егер мерзімнің аяқталуы, яғни 15-ші күнтізбелік күн жұмыс күні болмаса (демалыс күні, мейрам, т.б.), онда некені тіркеу күні болып одан кейінгі жұмыс күні есептеледі.
Әпкесі осылай да осылай деп түсіндіріп берді. Және мынандай тиімді жақтары да жоқ емес екен. Некеге тұру туралы өтінішті онлайн түрде, «www.egov.kz» Электронды үкімет порталы арқылы беруге болады. Портал арқылы өтінішті кез келген уақытта үйде немесе жұмыста отырып беруге мүмкіншілік бар, өйткені портал тәулік бойы қызмет атқарады. Өтінішті электронды түрде беру өте ыңғайлы және тез.
Үйде отырып беруге болады дегені қуанышты екен. Бірақ ол үшін сол халыққа қызмет көрсету орталығына барып электронды кілт алуың керек екен. Ол үшін тағы бірдеңе керек болып шықты. Өмірінде мұндай машақатты бастан кешіп көрмеген Сикош болашақ жарына жәудірей қарап: «былай-ақ үйлене берсек қайтеді?» – депті? Келін бала да ақылды екен. «Сөйтсек, сөйте салайықшы», – деген екен. Бақытты болсын деп тілейік. Өкіметтің заңдары мен заңнамаларына салсаң биыл үйленбесің анық. Оған құштарлық шыдата ма?
Күшік күйеу
Кезінде ұят болып саналған кейбір жәйттар осы заманда қалыпты нәрсеге айналып кетті. Соның бірі – күшік күйеу ұғымы. Әрине, адам деген жетіскенінен күшік күйеу болмайды. Амалдың жоқтығынан барады. Енді оларды табалау қаншалықты дұрыс екенін білмедім. Кешегі қазақ тым қатал болған-ау, бүгін бәрі кешірімді. Содан да шығар күшік күйеулердің еңсесі тік.
Еңсесі тік дегенде Орал еске түседі. Өзін әжуалағандарға қосыла кететін. Түк қысылмайтын еді. Сол Орал қайбір жылы ауқатты келіншекті әйелдікке алды. Алды деген аты ғана, әлгі әйелдің қолына кіріп алған. Үй де, көлік те әйелдікі. Бұл бір шемоданымен барып алған. Тіршілікті бермеген табиғат Орекеңе түрді аямай берген. Ұзын бойлы, әдеміше келген жігіт. Қас пен қабағындағы айбын жағындағы қаба сақалымен тұтасып кеткенде ерекше өң беріп тұрады. Адамды сыртына қарап-ақ бағалауға болатын болса, батыр дерлік жігіт. Бірақ іші мен сырты мүлде қабыспайды. Қабыспағандығынан ғой бір әйелдің қолына кіріп алғаны. Сәл-пәл қабысып, аз-кем ақылы мен білімі, құттай дарыны болғанда актер болатын-ақ жігіт. Сол түрінің арқасы келіншектер жағына өтімді болды. Жалындаған жас шағында ешкімге байланғысы келмеді. Бір отбасын асыраудың жауапкершілігінен де қашатын. Кейінен қайдан келген, кімнен жұққан ақыл екенін қайдам, осындай бір шешімге келіпті.
Оралдың үйленгеннен кейінгі өмірі өмір болды. Не ішем, не кием демейді. Табысты келіншегінің арқасында шалқып өмір сүрді. Келіншекке керегі де сол, жаман да болса байым бар деген аты. Тума-туыстарының той-томалағына барғанда Орекең тұрып береді дейсің. Театрда ойнау маңдайына жазылмағанымен жақсы күйеу образын сомдауды өлтіріп-ақ жібереді. Келіншегін сыйлап, құрметтеп тұрады. Бұл әйеліне ұнайды. Бір әттеген-айы үйленгендеріне екі жылдан асып бара жатса да бір перзентті болмады. Келіншектің де жасы елуге жақындап қалған, осы бір жағы қиындау болды. Бірақ біздің батырға ол уайым емес. Осы өміріне ырза. Артымда ұрпақ қалмады деп аңырайтындай асыл азамат па еді? Өз бағасын біледі. Және мұрагерім дейтіндей қайбір асып-тасқан дүниесі бар еді. Қарны тоқ, көйлегі көк. Басқа не керек? Ал әйелдің жөні басқа. Ол перзентті болсам деп армандайтын. Бекер обалы не, ол да Орекеңді еріккенінен қолына кіргізіп алған жоқ. Еріне деген аз-кем сезімі болды. Бірақ кейде Орекеңнің артық жүрісі сол махаббатты да біржола сөндіріп жіберердей еді. Орекең араққа құмар. Ішкенде де той күтіп, себеп іздеп жатпайды. Бір бөтелкені ашып қойып, өзі құйып, өзі ішіп отыра береді. Осындай ойсыздық әйелдің көңіліне келмейді деймісіз. Қойғын, бұл қылығың дұрыс емес, тіпті ұят деп бір емес бірнеше айтты. Тыңдайтұғын бай жоқ. Қояр-ау деген үміті ақталмайтын сияқты. Күдер үзіп тынбаса жарар еді. Сондай күндердің бірінде әйелі түс мезгілінде үйіне келсе Орекең әдетіне басып отыр екен. Тамақ жасап қойған, шай даяр екен. Өзі құйып, өзі ішіп отыр екен. Әйелі жанына жайғасып, шай ішіп отырып сөз бастапты.
— Сен қояр, түзелер деген үмітім ақталмайтын сияқты. Есің барда еліңді тапқаның дұрыс шығар. Сенімен алысып өтуге құлқым жоқ. Кеткенің жөн болар, – дейді.
Кеткенің жөн болар деп айтқаны дұрыс. Өйткені үй сонікі ғой. Бұл енді қиын жағдай. Тығырыққа тірелді деген осы шығар. Бұндай кезде басқалардың не дейтінін, не істейтінін білмеймін. Орекең саспаған.
— Мен, – дейді стақанына мөлтілдете құйып отырып. Стақанына мөлтілдете құйып, оны тартып жіберіп, артынша тұздалған қиярды қаршылдата шайнап отырып:
— Мен сені алғанда, үйіңмен қосып алғам. Сондықтан бұл үй менікі, кетсең өзің кет, – дейді ғой еш саспай.
Келіншек тілін жұтып қойыпты. Не дерін білмеген. Шын мәнінде айтарға сөз жоқ. Бұндай жағдайды ешқашан елестетпесе керек. Тығырыққа тірелді-ау деген күйеуі бұның өзін тіреген болып тұр ғой. Күшік күйеулерді менсінбегендей, мүсіркегендей боласың. Ал олар оңай емес.