Қардың өзі қымбаттаса, басқасынан не қайыр?
Қазақстанда 30 жылда қымбаттамаған не қалды? Елде қаңтарда болған оқиғалар қос бүйірден қысқан қымбатшылықтан басталғаны белгілі.
Азық-түлік, жанар-жағармай, баспана мен көлікті былай қойып, қар шығару қызметінің бағасы шарықтап шыға келді. Аспаннан түскен ақ ұлпаның құны аймен теңесетінін білмеппіз.
Еліміздің солтүстігінде орналасқан Павлодар облысында қыс қаһарына мініп, сақылдаған сары аяз болады. Мұнда қыс мезгілі үш аймен шектелмей, жарты жылға дейін жалғасады. Қар молынан жауады. Тек сол қарды шығару ісі кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындардың қалтасын қағып тұр.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тұрғын үйлер мен бизнес нысандары маңындағы бес метрлік аумақты сол ұйымдардың өздері күтіп-ұстауы тиіс. Яғни пәтер иелері кооперативтері көпқабатты баспаналардың аулаларынан қарды шығаруға жауапты. Бизнес нысандары да мекеменің маңына қар жинамауға тиіс. Ол үшін оларға жекеменшік техникаларды жалдауға тура келеді. Алайда қызмет көрсететін компаниялардың қарды полигонға дейін жеткізу қызметі екі есеге қымбаттады. 2020 жылы техниканы бір сағатқа жалдау бағасы 7 мың теңге болса, былтыр 10-14 мың теңгеге дейін бір-ақ өсті.
– Біз қар тазалау жұмыстары үшін қордағы қаражатты пайдаланамыз. Бірақ бұл қызмет тым қымбат. Әсіресе, боран соғып, қар көп жауған күндері бір емес, бірнеше рет тасуға тура келеді. Арнайы техника иелеріне беретін сома көбейе түседі. Мысалы кей кездері баға 40 мыңнан асып кетеді. Күн сайын тек қар тазалауға 40 мың теңге бере алмаймыз. Бізде ондай ақша жоқ, – дейді пәтер иелері кооперативінің жетекшісі Валентина Внукова.
Ал аулалардағы қарды уақтылы шығармаса, жергілікті полиция қызметкерлері айыппұл салады. Оның сомасы да аз емес. Абаттандыру талаптарын сақтамағаны үшін 61 мың теңгеден 91 мың теңгеге дейін төлеуі мүмкін. Сондықтан кәсіпкерлер «былай тартса арба сынады, былай тартса өгіз өледінің» кебін киіп жүр.
Қар шығару қызметіне қалалық қазынадан төленетін қаржы көлемі де көбейді. Павлодар қаласының әкімдігі 2020 жылы көшелерді тазалауға 1,4 млрд теңге бөлген еді. Былтыр 1,5 млрд теңге жұмсалды. Ал биыл 1,6 млрд теңге қарастырылып отыр. Яғни, жыл сайын 1 млн теңгеден қосылып келеді. Облыс орталығында барлығы 400 шаршы шақырымнан асатын аумақ тұрақты түрде тазаланып, бұл аумақтарда жиналған қарды полигонға уақтылы шығарып тұру керек.