Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:46, 15 Қазан 2021

Қардың жауғанына қараша халық кінәлі ме?

None
None

«Азатпыз» деп ауыз толтырып айтатын елде «А» деп ауыз аша алмайтын халге жеттік.

Басқасын былай қойғанда, қараша халық далада қар жауғаны үшін кешірім сұрайтын күн туып тұр. Ал шенді-шекпенділер қазынаның қаражатын «асап» жеп жатса да, кешірім сұрамақ түгіл, міз бақпайды.

Жалпы, жыл сайын қардың жаууы есте қалатын болды. Былтыр ақтаулық Рита Қуатованың  «бізде бүгін қар жауды» деген видеосы әлеуметтік желілерді «жарса», биыл баянауылдық зейнеткердің жазбасы ел аузындағы әңгімеге айналды.

Әңгіменің әлқиссасы былай басталады: осы жылғы 5 қазаннан 6 қазанға қараған түні Павлодар облысындағы Баянауыл ауданында бір жарым айда жауатын қар түсті. «Қазгидрометтің» есептеуінше, түні бойы жауған қардың көлемі осы нормаға келеді. Сондықтан жұрт далаға шыға алмай қалып, мал қорада тұрды. Әкімдік қар тазалайтын техниканы шығарды. Басқа аудан-қалаларда мұндай көлемдегі қар болмаған соң, тұрғындардың дені бейнелер түсіріп, әлеуметтік желілерде бөлісіп жатты.

Егіндібұлақ ауылының тұрғыны Майя Манашева да туған-туыстарына «Баянауылда осынша қар жауды» деген видео жіберді. «Ақпан мен қаңтар сияқты. Қардың биіктігі екі метрге дейін жетеді. Түк көрінбейтін боран. Үйден шыға алмай жатырмыз», – деп видео түсіріп, оны WhatsApp мессенджері арқылы ағайын-жұртқа жіберген. Ал аздаған уақыттан соң, ол видео әлеуметтік желілерде кеңінен таралып кетті.

Екінші күні Егіндібұлақ ауылының әкімі Самат Ибраев зейнеткерге келіп, оның өзін видеоға түсірді. Апаға қардың жауғаны туралы видео түсіргені үшін шенеуніктерден кешіріп сұраудан басқа амал қалмады. «Таңертең немеремді мектепке жіберейін десем, қар басып қалып, есік ашылмайды. Бұл уақытта туыстарым «Павлодарда қар жоқ» деген хабарламалар жібере бастады. Соларға жауап ретінде түсірілген видео еді. Кейін қайным басқа топтарға жіберген көрінеді. Енді мұндай видеолар түсірмеймін, кешіріңіздер», – дейді зейнеткер. Бұл жазбаның ар жағындағы дауыс: «Сол үшін әдейі келген едік. Мен бізге ешқандай шағым түскен жоқ деп айттым. Енді олай түсірмеңіз», – дейді.

Кейін осы кешірім сұраған видео да желіде желдей есіп кетті. Атқамінерлердің мұндай әрекеті жұртшылықтың ашу-ызасы мен наразылығын туғызды. Мысалға алар болсақ, баянауылдық Айбат Ыдырысов есімді азамат Facebook желісіндегі жеке парақшасында мынадай пікір қалдырыпты: «Қалың қар жауғанын жариялағаны үшін қариялар кінәлі ме? Әкімдік, немен айналысып отырсыздар? Сіздер халықтың мәселесін шешуді қолға алыңыздар. Ұят тірлік. Керісінше, көмектесіңіздер. Бүгін мен көрген видео масқаралық. Дінмұхамед Қонаев: «Ақылды билік халықтың мәселесімен айналысады, ақымақ билік халықтың өзімен алысады», – деген. Сіздер бүкіл ел алдында өз абыройларыңызды күн өткен сайын түсіріп жатырсыздар. Айтарға сөз жоқ. Қарияға көмектесудің орнына видеоға түсіріп, «Баянауыл жаңалықтары» тобында «Аким» деген атаулы тұлға ел алдында масқаралап отыр. Оны әкеліп, бүкіл елге мақтанышпен жариялау ақымақтық. Ертең апа сотқа беруге құқылы. Осыны жариялаған саяси тұлғалар лауазымын асыра пайдаланғаны үшін мемлекеттік қызметке лайықты емес деп танылуы тиіс».

Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов қол астындағы қызметкердің тапсырманы дұрыс түсінбегенін айтып ақталмақ болды. «Барлық ауылдық округ әкімдеріне көшелерді, жолдарды қардан тазалауға тапсырма берілді. Қажет болса, арнайы техниканы жалға алып, жұмысшыларды ұйымдастыру қажеттігін айттым. Себебі кейбір тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы далаға шығу қиындық тудырып тұрғанын айтып жатты. Өкінішке қарай, Егіндібұлақ ауылының әкімдігі тапсырманы теріс түсініп, зейнеткердің өзінен түсінік алуға барған. Бұл ыңғайсыз жағдай үшін өзім де зейнеткерге барып, кешірім сұрадым. Ауласы қардан тазартылды», – дейді Қанат Кәрімов.

Құрамына Егіндібұлақ елді мекені кіретін Құндыкөл ауылдық округінің әкімі Самат Ибраев зейнеткердің үйіне кешірім сұрайтын видео жазу үшін емес, қандай көмек керек екенін білмекке барғанын айтады. Тіпті кейін өзі де жауап беретін видеожазба жазып, зейнеткерден кешірім сұрады.

Бұл жағдай Қазақстанда демократияның жоқ екенін тағы бір рет анық көрсетіп берді. Зейнеткер тек қардың жауғаны туралы видео түсірді. Ешқандай шағым айтқан жоқ. Соның өзінде бірнеше күн бойы қысымға ұшырап, құты қашты. Енді өзін видеоға түсіріп, оны таратқан әкімдіктен моральдық өтемақы талап етіп, сотқа жүгінуді ойлап отыр.

Тегтер: