Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:41, 04 Қараша 2021

Қариялар көбейіп бара жатыр!

None
None

Парламенті таяққа сүйенген, ғылымы жер таянған...

Жуырда БҰҰ сарапшылары Қазақ­стан­ды тез қартаюшы мемлекеттердің қата­рына жатқызды. Олардың болжамы бойынша 2040 жылы республика тұр­ғындарының 25 пайызын қарт адамдар құрайды. Ал отандық мамандар «Қартаюшы мемлекет болудан қорыққан абзал. Бұл үрдіс мемлекеттің дамуын одан әрі төмендетіп, адам капиталының жетілмей қалуына апарып соқтырады» деседі.

      Жалпы, қартайған ел болудан не үшін қорқуымыз керек? Мұның артында қандай қауіп бар? Өз тарапымыздан осы сауалдарды арнайы мамандарға қойып көрдік. «Жас Алаштың» сауалына жауап берген мамандардың айтуынша, халықаралық ұйым Қазақстанды тектен-текке қартаюшы елдердің қатарына қосып отырған жоқ. Мамандардың пайымынша, бізде барлық салада жастардан гөрі қариялардың жұмыс істеуі басым. Мысалы, қазір «Қазақстан ғылымы қартайып барады» деген пікірді жиі естиміз. Ал мұның артында «ғылымның дамымай қалуы, жастардың ғылымға қызықпауы, ғылымның болашағы бұлыңғыр» деген мәселелер жатқанын тағы жасыра алмаймыз. Бұл ретте әлеуметтанушы Серік Еңсебаев:

     – Қазақстан қартайып барады. Бұл рас. БҰҰ мамандары болжап отыр­ған­дай, 2040 жылы елімізде қарт­тар­дың көрсеткіші 25 пайызға жетсе, онда бұған шынымен де алаңдауымыз керек. Қарттық деңгейінің өсуі мем­ле­ке­тімізде еңбекке қабілетті адам­дар­ көрсеткішінің төмендеуіне апа­рып соғады. Мысалы, біздің қазақ ғылымында еңбек етіп жүргендердің дені – 60-70 жасты құрайтындар. Ғылымда жастардың қарасы тым аз. Біз үшін қай салада бол­сын жастардың жасақталуы өзекті. Бұл адам капиталының сауатты қалып­та­суына оң ықпал етеді. Мемлекетімізде жастардың қа­расы өсер болса, онда елімізде ең­бек белсенділігі, білім алуға деген құл­шы­ныс, іскерлік қарым-қаты­нас­тар­дың нығаюы артады. Демек, қарт­тар­дың орнын үнемі жастар басып оты­ратын бол­са, бұл да бір құн­ды­лық­тың сақталуы іспетті дүние. Сон­дық­тан нақ қазір біз үшін жастардың еңбекке, саясатқа, ғылымға араласуына жағдай жасап, жастардың өмір сүруін жақсартқан жөн, – дейді.

        Әлеуметтанушының айтуынша, тек ғылымда ғана емес, саясат сахнасында да шал-шауқандардың жиналып алғаны дұрыс емес.      – Мысалы, бізде сенат ыңғай қариялардан құралған.  Астарына үңілсек,  «сенат» сөзінің өзі – латынша  senatus, senex – «кәрі», «қария» сөзінен шыққан екен. Бұдан бөлек,  мәжілісте де қылшылдап тұрған жастардың аздығын аңғарамыз. Қазақта «Жас келсе іске» деген сөз бар. Сондықтан саясатқа, ғылымға, экономикаға, жалпы,  әр салаға жастарды тарту маңызды болмақ, – дейді әлеуметтанушы Серік Еңсебаев.

       Рас, маман айтса айтқандай, бізде  жасы сексеннен асса да, сенаттан бөлек, мәжілісті де қимай жүргендер баршылық. Олардың қатарын осы уақытқа дейін  Владислав Косарев (80-нен асты), 75-тен асқан Қуаныш Сұлтанов, Тұрғын Сыздықов, (73 жаста),  Гүлжан Қарағұсовалар  (70-тен асты) толықтырып келді. Бұлай  тізе берсек, тізім одан әрі толыға береді. Ал сарап­шылардың пайымдауынша, кез келген мемлекетте қызмет ететін саналы жастардың қатары 60 пайыздық межеге жеткенде ол мемлекет өзінен-өзі дамымақ. Адами капиталды дамытудағы ең бірінші қадам да осы.  Ол – адамның өмір сүру ұзақтығы және мемлекеттің жас ұрпақпен толығып отыруы.        Адам капиталына қатысты тағы бір ескерілуі тиіс дүние, бұл – еңбек өнімділігі. Адам капиталының 1 пайызға өсуі еңбек өнімділігін 3,81 пайызға өсіреді. Ескеретіні сол: соңғы онжылдықта әлем­дік экономика адам ресурсы есе­бі­нен дамуда. Бұл ретте мамандар Жапо­ния­ның «Z теориясы», яғни әр ком­па­ния­ны ұжымдық басқару жүйесі әлемдегі ең тиімді экономиканы қалыптастырып отырған көрінеді.   Бұған қатысты техника ғылы­мының докторы, профессор Ермек Жұмағалиев:

       – Жапония әрбір өндіріс орнын ұжымдық басқару арқылы дамыт­ты. Тұтастай алғанда, жапондар өзіндегі табиғи байлығын адам ресур­сын дамытуға жұмсады. Нәтижесінде энергия көздері ауысқанда еш зардап шекпеді. Олар елдегі ең басты ресурс адам екенін ерте түсінді. Мысалы, жапон­дарда өз теориялары бойынша жұмысшылары мен менеджерлері білімін нақты жұмыс орнында әрі қарай шыңдайды. Оларда қызметкерді жан-жақты шыңдау, дамыту кез келген компанияның қасиетті борышы сана­ла­ды. Жапонияда ғылыми жаңа­лық­тардың негізгі бөлігі уни­вер­си­тет­терде емес, компанияларда жаса­лады. Көптеген компанияның жеке ғылыми лабораториялары бар. Біз түбегейлі инновациясы дамыған ел болу үшін әрбір өндіріс орнына осындай міндеттемелер жүктегеніміз жөн. Олай етпесек, еңбек өнімділігі де, жұмысшылар белсен­ді­лігі де артпайды, – дейді.         Абзалында, бір ғана саланың, яғни біздегі мұнай-газ қорының көптігіне қарап, елдің бәсекеге қабілет­тілі­гін анықтауға әсте болмайтыны белгілі. Соңғы деректер бойын­ша Ресейде адам капиталы 11 пайыз ғана екен. Бізде тіпті бұған қатысты нақты дерек те жоқ. Мамандардың шамалауынша, 8 пайыз деп жорамал жасауға болады. Дамыған елдерде адам капиталы 64 пайызға дейін жетеді.  Қазір біздің адам капита­лы­мыз 8 болса, қалған капиталымыздың 90 пайызы шикізаттың еншісінде. Шикізатты қоспағанда, соңғы үш жылда өндіріп, экспортқа шығарған тауардың үлесі 14 пайыздан 10 пайыз­ға төмендеді. Мұнай өндіру саласына келсек, бұл халыққа емес, олигархтарға қызмет ететін сала екені тағы даусыз. Сон­дықтан тек қана мұнай шикізаты арқылы дами алмайтынымыз бүгінде белгілі болып отыр.

        Мұның дәлелі ретінде айтар болсақ, алдағы үш жылда ел бюджетінің дефициті тағы да еселенбек. Үкімет 2022-24 жылдардағы бюджет тапшылығын әдеттегідей Ұлттық қордың есебінен толтырмақ. Үкіметтің есебінше, 2022 жылы республикалық  бюджет шығыстарының 37 пайызын Ұлттық қордың есебінен қамтамасыз ету болжанып отыр. 2023 жылы бюджеттің кірісі мен шығысындағы айырмашылық 34 пайыз, 2024 жылы 31 пайыз болмақ.

        Жалпы, бізде әртүрлі жобаларға, бағдарламаларға қыруар қаражат бөлінеді. Жоғары жаққа әдемі есептер беріледі. Шындығында, бюджетте шығыс көп, кіріс жоқ. Үдемелі индустриалды-инновациялық бағытымыз дамымады. Бағдарламалар өз жемісін бермеді. Халықтың бизнеспен айналысуына, жақсы өмір сүруіне, отандық өндірісті дамытуға да жан-жақты мүмкіндік берілмеді. Сонда болашақта адам капиталы қалай дамымақ? Халқы қартайған, қазынасы ортайған ел болып қашанғы еңсемізді тіктей алмай отырамыз? Біз  қашан дамып, қай кезде халықтың әлеуеті жақсарып, қай уақытта мамыражай өмір сүреді екенбіз? Нақ қазір көптің көкейіндегі сауал да осы. Ал бұған  жауап беруге біздің үкімет асығар емес. Өзі де таяққа сүйеніп тұрған кәрі Парламент жастарға жол береді дегенге сену қиын.

Тегтер: