Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:09, 07 Сәуір 2023

Қарқаралыда қараусыз қалған тарихи ғимарат өртеніп кетті

None
None

Қарқаралы қаласындағы тарихи ғимарат өрт құшағына оранды. Бұл кешен Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аудандық аумақтық инспекциясына тиесілі еді.

Алапат жалыннан көне жәдігердің шаңырағы опырылып түсіп, қалқиып, қабырғалары ғана қалды. Өрт 200 шаршы метр аумақты шарпыған. Төтенше жағдайдың құрбанына айналған ғимарат түрлі себептерге байланысты мемлекет қарауындағы тарихи мұралардың санатына кірмей қалған.

«Салақтан – олақ жаман»

XIX ғасырда тұрғызылған ғимараттың тарихи мұралар қатарына енгізілмеуін аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы былай түсіндірді:

— Ескерткіштер мен ғимараттарды мемлекеттік тізімге алатын комиссияның отырысы әр он жыл сайын өтіп тұрады. Соңғы он жылдан бері жолдаған ұсынысымыз ескерусіз қалды. Біздің қала бойынша 70-тен астам нысан осындай мәртебеге лайық деп табылып отыр. Бұл жолы да аймақтық комиссияға кезекті өтінішімізді жолдадық, – дейді Жазира Ысқақова.

Өз кезегінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау орталығының басшысы Түлкібай Төлеуов:

— Біз министрлікке тізімді дайындап беретін ұйымбыз. Соңғы он жылда Тарихи-мәдени мұраны қорғау туралы заң екі мәрте өзгертілді. Осыған орай, біраз міндеттер кейінге шегерілді. Бірақ өз тарапымыздан аталған ғимаратты қалпына келтіру үшін жұмыс жүргізетін боламыз, – деп мәлімдеді.

Аудан әкімі Ерлан Құсайынов күні кеше облыстағы мәдениет басқармасының басшысы мен жауапты мамандарымен бірге шаhардағы бірнеше бағалы ғимараттар мен үйлерді аралап, оларды құнды мұралар санатына кіргізу талқыға салынғанын жеткізді.

Тар заманның талай құқайына куә – Қарқаралы тарихи дастан. Әйгілі қала XIX ғасырдың басында Қарқаралы уезінің орталығы атанған алғашқы шаhары. Өрісті өлкеде мемлекет қорғауына алынған 301 тарихи нысан бар. Соның – 15-і Қарқаралының басында орналасқан. Жоғарыда айтқандай, тағы 70-і осындай мәртебені күтіп тұр. Күні кеше өрт жалмаған ғимаратта кезінде Сәдуақас Шалымбеков тұрған. Ол – Санкт-Петербордағы Императорлық әскери-медициналық академиясын үздік тәмамдаған. Қазақтан шыққан талантты дәрігер өз дәуірінде ауданның аядай ауруханасында заманауи ота жасап, медицина саласына жол салған. Бірегей ақ желең иесінің даңқы Ресейге жайылып, одан әрі шетелге тарап кеткен. Сәдуақас Тәжібайұлын уақытында Париждегі ірі клиникаларға қалап шақырған. Бірақ дәрігер туған жерінде қалып, халқының қажетін ашқан. Табиғаты бөлек кемел тұлғаның өмірі мен еңбек жолын зерттеп, тарих бетіне шығарған өлкетанушы Ерлан Мұстафин Қарқаралы қаласында тұрады.

— Қаламызда екі ғасыр бұрын салынған нысандар мен үйлер 200-ге жетіп жығылады. Олардың әрқайсы тұнып тұрған шежіре болғандықтан, тиянақты зерттеуді қажет етеді. Мәселен, өткен жүз жылдықта елдегі мүйізі қарағайдай тарихшы ғалымдарға баға жетпес деректер ұсынып отырған тарихшы Жаныш Жолдыбаев ғұмырының соңына дейін осында мекендеген. Көкірегі қазына тарихшы Т.Әубәкіров көшесіндегі 20-үйде тұрған. Зерделі жанның өмірімен сабақтас баспана бүгінде апатты жағдайда тұр, – деп қынжылысын жеткізді өлкетанушы.

Тарихын қадірлемегендер қапыда қалады

Қарағандылық тарихшы, археолог Темірғали Аршабековтің айтуынша, Қарқаралыдағы осындай нысандарды мәдени мұра санатына енгізбек түгілі, әлі күнге дейін тарихи анықтамалық құжат берілмеген. Рас, ғалым назының жаны бар. Ұлттық ғылым академиясының алғашқы құрылтайшысы, геолог-ғалым Ақжан Жақсыбекұлы Әл-Машанидің үйі туристердің қызығушылығын туғызатыны анық. Алайда мұражайға сұранып тұрған баспанада әйгілі оқымыстының немере туыстары тұрып жатыр. Ал «Алаш» партиясының қайраткері Әлімхан Ермеков өскен шаңырақ кәсіпкердің меншігіне қаратылған. Тірісінде ел аузынан түспей жүрген халық қалаулылары бақиға озғаннан кейін біртіндеп, ел есінен ұмытыла бастағаны қалай? Ең болмаса, ардақты тұлғалардың үйінің сыртына мемориал тақта орнатылмаған. Келесі жылдың сәуірінде ашық аспан аясындағы мұражай қаланың құрылғанына 200 жыл толады. Қос ғасырды тоғыстырған көне мекеннің көсегесі қашан көгереді? Әлде, мәңгілік қош алынбайтын күрмеуі қиын түйткіл ме?

Тегтер: