Қаржы пирамидасының құпиясы

Шымкентте ақшасын төлесең, әскери ұшақты да жалдауға болады
Қайбір жылдары «мемлекеттік төңкеріс жасап, билікті басып алмақ болды» деген айыппен шымкенттік атышулы бизнесмен Тоқтар Төлешовтің ұзақ жылға сотталып кеткені белгілі. Осы істе мынандай қызық жайттың беті ашылған. Тергеу барысында Төлешовтің Шымкенттегі әскери бөлімшеден техникаларды, оның ішінде ұшақтарды жалға алып, әскери парад өткізгені анықталады. Осындай масқара тірлікке жол берген әскери бөлімшенің командирлері Төлешовпен бірге сотталған еді.
Бақсақ, Шымкентте әскери техникаларды жалға алу мемлекетті төңкеретін бизнесмендердің ғана емес, қарапайым азаматтардың да қолынан келе береді екен. Қарулы күштердің ұшақтары көшедегі такси тәрізді. Ақшасын төле де, қалаған жағыңа ұша бер. Жақында Түркістан қалалық сотында қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген айып тағылған сотталушылардың бірі сексеннен астам азаматты әскери ұшақ жалдап, Алматыға алып барғанын, ол үшін миллиондаған ақша төлегенін мәлім етті.
Түркістанда қаржы пирамидасына қатысты соттың басталғанын «Жас Алашта» біз былтыр жариялағанбыз. Жуырда сотталушыларға үкім шықты. Тергеу амалдарын жүргізген облыстық Полиция департаментінің таратқан мәліметіне қарағанда, мың томды құраған қаржы пирамидасының ісі бойынша 25 адам сотталды. Полицияға 2020 жылдан бастап Evolution Corporation мен «Индиго 24» ЖШС қаржы пирамидасының құрбаны болған азаматтардан арыздар түскен. Олар республиканың 6 облыс пен қалаларының тұрғындары. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бір жылдан астам уақытқа созылған.
Басты сотталушы Дәурен Қазбекұлы 2015 жылдан бастап ақпарат құралдарында ақша, төлем аударымдары және басқа да пайдалы қызметтері бар «WhatsApp» желісіне ұқсас мобильді қосымшаларды жасаумен айналысатын бизнесмен ретінде белгілі болған. Жәбірленушілердің айтуынша, оның жасаған дүниелері 2017 жылы елордада өткен ЭКСПО көрмесіне қазақстандық өнім ретінде қойылған көрінеді. 2018 жылы ол «Нұр Отан» партиясының Алғыс хатын алған. Сонымен бірге Д.Қазбекұлы лауазымды шенеуніктермен (оның ішінде бүгінде танымал министр де бар) бірге түскен суреттерін әлеуметтік желіде жариялап отырған. Осының бәрін ол жұртты сендіруге, өзін өте іскер азамат ретінде көрсетуге шебер пайдаланған көрінеді.
Д.Қазбекұлы құрған жоспары бойынша жоғарыдағы аталған компанияның Түркістан облысының бірнеше аудандарында және Шымкент қаласында бөлімшелері ашылады. Алғашқыда ол Өзбекстаннан биологиялық белсенді заттар алып келіп, оның қайта өңдеп, компанияның атынан сатуға кіріскен. Алайда мұның бәрі де қаржы пирамидасын бүркемелеу үшін қажет болған. Әр бөлімшедегі лидерлер қарапайым тұрғындарды компанияға ақша салуға шақырып, қаржының жеті айда екі есеге көбейетінін айтып қызықтырған. Алдын ала құрылған жоспар бойынша олар тіпті салымшыларын банкке апарып несие рәсімдеуге, өсіммен қарыз алуға жәрдем берген. Д.Қазбекұлы мен оның анасы Зәмзәгүл осы «бизнесте» ерекше белсенділік танытып жүрген лидерлерін әртүрлі әдіс-тәсілдермен үнемі жігерлендіріп отырған. Бір ғана мысал келтірейік:
Сот үкіміне қарағанда, Д.Қазбекұлы мен оның анасы З.Аринфендина өздерінің алдын ала дайындаған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін жігерлендіру және қорқыныштарын сейілту мақсатында «Я все смогу!» атты тренинг өткізеді. Тренингті жүргізу үшін Д.Казбекұлы қатысушыларды аулаға шығарып, от жағып, сол оттың үстінен жалаң аяқ жүргізіп, биіктен құлатып, іс-шара өткізген. Лидерлерді қаржылай сыйақылармен марапаттап отырудан бөлек шет елге демалыстар ұйымдастырған. Ақшаға әбден байыған лидерлер көлік алудан, үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуден өзара жарысқан. Осыдан кейін ақшасы ағылып жатқан компанияға кім қызықпасын?!
Әскери ұшаққа қатысты мәселеге осы жерде тоқтала кетсек. Сотта жауап берген бір сотталушының айтуынша, 2020 жылдың қаңтарында Д.Қазбекұлы олардың Мальдив аралына демалысын ұйымдастырған. Сол үшін оған командасындағы 82 адамды Алматы әуежайына алып келу тапсырылған. Мезгіл қыс айы, көше мұз болғандықтан, Алматыға арнайы автобус жалдап баруға тәуекел ете алмаған. Ал Шымкент әуежайында ұшаққа билет табылмаған. Осы кезде оған бір азаматша «Менің ағамның танысының ұшағы бар» дегенді айтқан. Кейіннен ол ұшақтың әскери екендігі, Алматыға ұшып барудың 10 миллион 500 мың теңге тұратыны белгілі болған. Сотталушы азаматша айтқан ақшасын беріп, 82 адам Шымкенттен Алматыға әскери ұшақпен алып барған. Одан әрі компания Мальдив аралына 250 адамдық «Боинг» ұшағын жалдаған. Сот осы айтылған мән-жайларды тексеру үшін жекеше қаулы шығарып, оны әскери прокуратураға жолдады.
Сот үкімімен қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы әрі құрылтайшылары болып саналатын 3 адам 12 жылға, ал олардың орынбасарлары болған 5 адам 10 жылға, қалған 17 адам 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Сотталушылардың ең үлкені 55 жастағы әйел болса, ең жасы – 31 жаста. Қазір сот үкімімен келіспеген сотталушылар облыстық соттың апелляциялақ алқасына шағым берген.
Алдағандар сотталды, енді алданғандардың ақшасын кім төлейді? Іс бойынша жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі 3 миллиард теңгеден асады. Рас, сотталушылардың қылмыстық жолмен тапқан көліктері, жер телімдері тәркіленген. Бұл сан соғып қалған, алған несиелерін, қарыздарын өсіммен қайтарып жатқан екі мыңнан асатын жәбірленушінің шығындарын өтей алады ма? Өтей алмаса, мұның соңы үлкен шуға ұласатыны айтпаса да түсінікті.