Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:42, 08 Маусым 2022

Қасымбекті қажытқан «Қарағанды – Балқаш» тас жолы қашан аяқталады?

None
None

Аталмыш тас жолдағы күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі кешігіп, жолаушыларды әбден діңкелетті.

Жолдағы жұмысты жеделдетуге, тіпті облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің де қауқары жетпеді. 

Қарағанды мен Балқаш арасына 4 жолақты күре жолдың құрылыстарын жүргізу жұмыстары осыдан үш жыл бұрын басталған-ды. Осы мерзімде мердігер жолдың 45 пайыз жұмысын ғана аяқтап отыр. Жыл басталғалы жол құрылыс жұмысына ешкім кіріскен емес. Аталмыш жол құрылысының жобасы 2016–2017 жылы жасалған. Сол кезде бұл жобаның құны 248 миллиард теңге болады деп есептеліпті. Жылда бюджеттен қаражат бөлініп отырған. Алайда былтырғы жылы құрылыс материалдарының қымбаттап кетуіне байланысты бас мердігер бюджетке түзету енгізуді сұраған.

Дегенмен үш жылдың ішінде мердігердің жасаған жұмысы баяу, жөндеу жұмыстарының созылып кетуі көлік жүргізушілері мен жолаушыларды әбден титықтатты. Балқаш қаласының тұрғындары айналма жолдың салдарынан, үш жылда жол көлік апаттарының жиілеп кеткенін, тіпті адам өмірі қиылған жағдайлардың көбейгенін айтып дабыл қақты.

«Айналма жолдың бейнеті көп болып тұр. Көлік жиі бұзылады, әбден қажытты. Өздерінің жұмыс жасағанынан тоқтап тұрғаны көп. Өйткені жоғары жақтан қадағалау аз болып тұр», – дейді қынжылған көлік жүргізуші Алтай Нұғманов.

Жол құрылысына жауапты «ҚазАвтоЖол» компаниясының жұмысты кешеуілдетіп жатқанын сынаған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жиналыста үкіметке шағым білдіретінін жеткізді.

– Жұмыс өте төмен деңгейде жүргізілуде. Былтырғы жылы бөлінген қаражатты игерген жоқсыздар, алдыңғы жылғы қаржы да солай болды. Биыл сіздерге қаржыландыру аз қарастырылды. Осындай қарқынмен сіздер алысқа бармайсыздар. Сондықтан сіздердің басшылықтарыңызға және үкімет басшысына шағымдануыма тура келеді. Бізге мұндай жұмыс қарқыны ұнамайды. Биылғы жылы қыркүйекке дейін жолды ашуға міндеттісіздер. Қарағанды – Балқаш жобасын созып алдыңыздар, биыл жұмысты кеш бастадыңыздар.

Жолдың 4 жолағы бойынша жұмысты сіздер былтыр аяқтау керек едіңіздер, – деді наразылығын білдірген өңір басшысы.«ҚазАвтоЖол» компаниясы мамыр айының соңғы күні ғана жұмысқа қайта кірісті. Ал компанияның баспасөз қызметі «бюджетке түзету енгізілді, жұмыс енді басталды», деген ақпараттан басқа мәлімет бермеді. Бұрынғы жолға зар болып қалған көлік жүргізушілері айналма жолдың ой-шұңқырымен шаң-тозаңынан құтылатын күн болар ма, деп қынжылады.

Тегтер: