Қатемен жұмыс. Оралов Мұхамедиұлының үтір-нүктесін түзеп жатыр

Ұлттық киноны қолдау орталығы 140 жобаны өткізбей тастады. Қарсы уәж айтқан режиссерлер мен продюсерлерге орталық басшысы Есетжан Қосубаев: «Сендер түгілі Әбдіраш пен Әшімов те өтпей қалды», — деп айбат шекті.
Алматыда «Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығы» деп аталатын мекеме бар. Бұл – 2019 жылы Мәдениет және спорт министрінің бұйрығы бойынша құрылған мекеме. Басты міндеті – ұлттық фильмдерге үмітті жобаларды қабылдап, іріктеуден өткізіп, лайықты дегендеріне қаржылық қолдау көрсету. Жыл сайынғы қаржысы да әжептәуір қомақты. Биылғы жылдың өзінде мемлекет бюджетінен 3 миллиард теңгеге жуық ақша бөлініп отыр.
Наурыз айының басында аталған мекеме 2023 жылғы ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды іріктеу үшін ашық конкурс жариялады. Осыдан соң бір айға жетпейтін уақыт ішінде 270-ке жуық киножоба өтінім беріп үлгерді. Алайда алғашқы құжат реттеуден тек 130 дай жоба ғана өтті. Қалғандары «құжаттарында қателіктер бар, заң талаптарына сәйкес емес» деп кері қайтарылды. Дегенмен ұлттық киноны қолдау орталығының бұл уәжімен жобалары қабылданбаған режиссерлер, продюсерлер келіспейді. Олар 14 сәуір күні «Алматы» қонақ үйінде БАҚ өкілдерін шақырып жиналыс өткізді. Оған біз де бардық. Көзбен көргеніміз, көңілге түйгеніміз мынадай.
Қайрылмай кеткен Қосубаев
«Жиналыс сағат 11:00-де» деп хабарландырылған. Айтылған мезгілінен сәл ертерек бардық. Қонақ үйдің астында режиссерлермен сөйлесіп тұр едік, ұлттық киноны қолдау орталығының басшысы Есетжан Қосубаевты көзіміз шалып қалды, жіті басып, сыртқа беттеп барады екен. Соңына біз де ілесе шықтық. Көлігіне мінгелі жатқанда істің мән-жайын сұрап, бір-екі сұрақ қойдық. О кісі асығыс екенін, әлдебір жаққа бара жатқанын айтып, жауабын қысқа қайырды.
«Бүгін кешке сағат 18:00-де комиссияның қорытындысы шығады. Кері қайтарылған құжаттарды әлі де тексеріп қарап жатырмыз. Комиссияның нәтижесіне сүйене отырып, министрлікке хат жазамыз. Бірақ бәрі де заңға сәйкес істелуі керек. Себебі заңның аты заң. Біз оны бұза алмаймыз. Кешеден бері кейбір режиссерлер «бірлі жарым әріп қатесіне бола немесе басқа да бір қателіктерге бола жобамыз өтпей қалды» деп шу шығарып жатыр. Біз бәрін де заң талаптарына сәйкес істедік. Министрлік бекіткен заңды құжат бар, соның аясында ғана жұмыс істейміз, негізі бір ай бұрын конкурстың ереже талаптарын порталымызда жариялағанбыз, бірқатар өнер адамдары оны оқымайды, дұрыстап қарамайды, көбінесе эмоцияға салынып кетеді, жобалары өтпей қалса бізді айыптайды. Міне, бұл жолы да өздері заң бұзып отыр».
Қосубаев осылай деді де көлігіне мініп, жүріп кетті. Біз қайтадан ішке кірдік.
2-қабаттың фойесіне біраз режиссер мен продюсерлер жиналыпты. Ұлттық киноны қолдау орталығының есігі жабық. Ешкімді кіргізбейді. Осында белгілі режиссер, өнер қайраткері Ғали Мырзашевпен сұхбаттасып, пікірін білдік, о кісі ширығып, ашынып тұр екен, сөзін бірден «Бұл киноны қолдау емес, қорлау қоры» деп бастады. Себебін былай түсіндірді:
«Екі жылда жеті жобамды тапсыра алмай сорлап жүрген режиссердің бірі менмін. Болмашы қателіктерге бола қағып тастап отыр. Негізі олай істеуге болмайды. Мысалы, былтыр 15 сәуірге дейін «Қазақфильмнің» 50 жобасы уақытылы өтпей қалды. Соған үш күн уақыт беріп, құжаттарын қабылдады. Біз бұл заңсыздыққа «өнер үшін жасалып жатыр ғой» деп көз жұма қарадық. Ал биыл біз айтқан мезгілінде жобамызды өткіздік. Енді бір әріп, бір нүктеге бола бізді аяқтан шалып отыр. Шынын айтқанда, мұндай болмашы қателіктерді өздері-ақ түзеп, киноны қолдауға көмектесулері керек еді, ал бұлар бізді жау көреді. Ең жаныңа бататыны – осы мекемеде киноны түсінетін, оның қыр-сырын жетік білетін бір адам жоқ. Жалғыз кәсіби маман Қ.Төребай, оның өзі кеңесші ғана, сөзін ешкім тыңдамайды. Қосубаевтың өзі де білмейді. Сөйте тұра бізге ақыл айтып: «анауың дұрыс емес, мынауың қате» дейді. Тіпті Қосубаев бізбен тілдескісі де келмейді, кеше де қашып кеткен, бүгін де жоқ. Айналайын-ау, алдымыздан шығып, қолымызды алып, өтінішімізді тыңдаса несі кетеді, бұл оның жұмысы емес пе? Жоқ, өйтпейді, істі орынбасарларына ысырады да тайып тұрады. Осыған қалай күйінбейсің енді?!
Ендігі біздің талабымыз мынадай, осы мекеменің өкілі Қанат Төребай мен киногерлер одағының атынан Рашид Нұғыманов жалпы қабылданған 270 жобаны қайтадан сараптап қарасын, оларға бір жұмадай уақыт берілсін. Егер осы кісілердің шешімі бойынша жобаларымыз өтпесе, оған еш қарсылығымыз жоқ».
Ал продюсер Ардагер Сантыбай: «мұның бәрі әдейі, қасақана, жоспарлы түрде істеліп отыр», – дейді. Оның да пікірін жазып алдық:
«Ұлттық киноны қолдау орталығы шығармашылық адамдарына қолдау көрсетудің орнына бізге көптеген кедергілер жасап отыр. Мысалы, «сметаны толық көрсету керек» дейді. Мұнысы мүлдем дұрыс емес, себебі біз әлі үміткерміз, келісімшартқа қол қойғамыз жоқ. Қазіргі қолданыстағы заңның өзін екі мәнмен пайдалануға болады, бұлар өздерінің ыңғайына қарай заңға сүйеніп отыр, тіпті кейбір заңда көрсетілмеген құжаттарды да талап етуде. Меніңше көздеген мақсаттары кішігірім қателіктер тауып өздерінің қолайына жақпайтын режиссерлер мен компанияларды қағып тастау», – дейді.
Режиссерлер мен продюсерлердің көбінің қолданыстағы заңға көңілдері толмайды. Себебі қазіргі заң бойынша алдымен құжат тапсыруыңыз керек, құжатыңыз өтсе ғана сценарий талқылауға жіберіледі. Ал шынайы өнер жарату үшін, ұлттық мазмұндағы сапалы кино түсірілу үшін ең алдымен сценарий талқылануы керек, онан соң құжат жинаса да кеш емес.
Жиналған топ «Ұлттық киноны қолдау орталығына» кіре алмай, дәлізде дабырласып ұзақ тұрды. Нақты ешкім келіп, өтініш білдірушілермен сөйлескен жоқ. Тіпті мекеменің кейбір қызметкерлері «дабырламаңыздар, айғайламаңыздар, біз жұмыс істеп жатырмыз, кедергі жасамаңыздар» деп зекіді. Біздің сұрағымызға жауап бермей жалтарды, диктофон қосуымызға, сөзін жазуымызға да қарсы болды. Ақырында өзін: «есімім Жангелді Өмірәлиев, ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының баспасөз қызметкерімін» деп таныстырған жігіт келіп бізбен тілдесті. Сосын «журналистердің сұрағына жауап беретін адам шақырып келемін» деп ішке кіріп кетті. Тағы да күту. Біраз уақыттан соң Ж.Өмірәлиев қайта келді, «сіздердің сұрақтарыңызға мен жауап беретін болдым» деді. Сондағы Жангелдінің айтқан сөзі:
«Біз наурыз айының 31-іне дейін бір ай бойы өтінімдерді жинадық. Сонан соң бес күн құжаттарды өндіріс бөлімі қарады. Соның қорытындысы бойынша келіп түскен 270 жобаның 130-ы екінші кезеңге өтті. Құжатты қабылдаудың негізгі талаптарын біз алдын ала сайтымызға салдық. Сондықтан қабылдап алған кезде қателіктерді айтуға міндетті емеспіз. Біз бәрін заң бойынша, ережеге сай жасап отырмыз. Кеше осында жиналған, жобалары өтпей қалған режиссерлер мен продюсерлер бірігіп, министрдің атына «жобамызды қайта өткізуге мүмкіндік берсін» деп хат жазды. Хат министрлікке жетті, қазір қарастырылып жатыр, комиссия құрылды, жобаны қабылдау, қабылдамауды енді солар шешеді».
Ең қызығы «құрылған комиссиядан» режиссерлер мен продюсерлер хабарсыз болып шықты. Оның құрамында кімдер бар екенін де білмейді. Ол туралы мұндағы жиналған жұртқа ешкім ештеңе айтпапты.
Сарыла күткен Дәуешов
Екі сағаттан соң жиналғандар ақырындап тарай бастады. Біз де қайтуға ыңғайланып едік әлдебіреулер: «Сәлден кейін осында вице-министр келеді екен» деп қалды. Нақты ақпарат емес, «келеді екен-міс». Тағы да мұнда жиналған, кешеден бері табанынан тозып, есік күзетіп жүрген өнер адамдары бұдан мүлде хабарсыз. Сонымен не де болса күтуге бекіндік. «Әне келді, міне, кеп қалдымен» екі сағат өтті. Бір кезде зарыға күткен Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрқиса Дәуешов келді-ау, әйтеуір. Қасында көмекшісі мен бірге таңертең «асығыс кеткен» Есетжан Қосубаев бар. Олар ешкімге мойын бұрмастан «Ұлттық киноны қолдау орталығына» тура тартты. Артынан біз де ілесе жүгірдік, бірақ есік тарс жабылды, ешкімді ары жібермеді. Есіктің көзінде едәуір күттік. Ақырында әйнектің арғы жағынан Дәуешовтің қарасы көрінді, ентелеп, есікке ұмтылдық, телефонда сөйлесіп келе жатқан вице-министрді көмекшісі қорғаштап, қосалқы есікпен балконға қарай шығарып жіберді. Ол жақта 5-10 минут телефонда сөйлесті, қайтып келді де «қазір келемін» деп қайтадан ішке лып берді. Аз уақыттан соң Қосубаевты ертіп, дәлізге шықты. Өтініш айта келген жұртпен он минуттай сөйлесті. Алдымен сөз алған режиссер Ғали Мырзашев министрге «комиссия құрылсын, жобаларды қайта қарасын, комиссия құрамында Рашид Нұғыманов сияқты тәуелсіз сарапшылар болсын» деген талап қойды.
Министр алғашқы сөзін былай бастады: «Біріншіден, ұлттық киноны қолдау орталығының жұмысына біз орынсыз қол сұға алмаймыз. Бұл заңда белгіленген. Екіншіден, осы мәселені кеше естіген соң жоғары бақылаушы орган ретінде Ұлттық киноны қолдау орталығының шығарған шешімінің дұрыс, бұрыстығын анықтау үшін осында келдім. Егер құжатты қабылдау кезінде заң бұзушылық болса, оны да анықтаймыз. Мен сіздерді түсінемін, жақсы жобалардың өтіп, сапалы кинолардың түсірілгені бізге де қажет. Бірақ заң бәрімізге ортақ, оның талаптары орындалуы керек. Қазір Есетжан Мұратұлының тапсырмасымен комиссия құрылып құжаттарды қайта қарап жатыр».
Сөз осы тұсқа келгенде жиналғандар «комиссия құрамында неге тәуелсіз сарапшылар жоқ» деп шу ете қалды. Соның арасынша Қосубаев кездесуді видеоға түсіріп тұрған Ардагер Сантыбаймен керілдесе жөнелді. Қосубаев: «жиынды видеоға түсірме» дейді. Сантыбай: «оны өзім білем, маған кедергі болмаңыз» дейді. Айғай үдеп барып, әрең басылды.
Енді сөзге Қосубаев қайта араласты:
«Комиссия кешеден бері қайтадан қарады, қабылданбаған жобалардың бәрінде қателік бар, заң бойынша біз оны өзгерте алмаймыз» деді. Оның сөзін бөлген кейбір режиссерлерге: «бәріне өздерің кінәлісіңдер, сендер түгілі Р.Әбдірашев, А.Әшімовтардың да жобасы өтпей қалды. Олар да заңнан аса алмайды, мен бәрін заңға сүйеніп істедім», – деп айбат шекті.
Ақыр аяғында Н.Дәуешов: «Араларыңыздан екі адамды белгілеп, комиссия құрамына кіргізіңіздер, жобаларды қарауға қатыссын», – деді. Бәрі бір ауыздан келісті. Сөйтіп, Ардагер Сантыбай мен Ғали Мырзашев комиссия құрамына кіретін болды.
Вице-министр кетерінде:
«Бұл мәселенің шешімін Ұлттық киноны қолдау орталығы шығарады. Егер онымен келіспегендер өз заңдық құқықтарыңызды пайдаланып, сотқа жүгінулеріңізге болады. Қандай да бір заңсыздықты сот арқылы дәлелдеулеріңізге қақылысыздар» деді.
Осыдан соң жиналғандар бір-бірлеп тарай бастады. Біз де қайттық.
«Комиссия дегені көзбояушылық»
Бүгін «комиссия қандай қорытынды шығарды екен, соны білейік» деп Ғали Мырзашевке қайта хабарластық.
– Ғали аға, қай күні сіз және Ардагер Сантыбайды комиссияның құрамына кіргізіп еді, қандай да бір өзгеріс болды ма?
– Өздеріңіз куә болғандай, вице-министрдің айтуымен мен анимация саласы бойынша, Ардагер жастардың атынан комиссия құрамына кірдік. Барған бойда бетімізді қайтару үшін менің жобаларымнан бастады. Төрт жобамның «тіркелу құжаты» дұрыс емес деді. Шынын айтқанда, мұның өзі техникалық қателікке жатады, түзеуге болатын ақау. Кейін үйге келіп, құжаттарымды қарасам, төрт жобамның екеуінде ол құжат бар екен. Бірақ олар бет қаратпады.
– Ал тағы бір жобаңыздан қандай «қателік» тапты?
– «Сметаңыз дұрыс емес» дейді. Мен айтамын: «қалай дұрыс емес, мұның үлгісін былтыр қойылымға өткен, әріптесімнен алып отырмын» деймін, сөйтсем, басқа қисынсыз бірдеңелерді көлденең тартады. Онан соң мен тағы да: «жарайды, біздің жобамыз қате дейік, енді сендер әлгі өткен 130 жобаның ішінен анимация бойынша үлгісін көрсетіңдер» дедім. Оған да көнбеді: «оны көруге құқықтарың жоқ», – дейді.
Онан соң біз: «Егер үлкен қателіктер болмаса, қағып тастаған жобаларды құжат қабылдаудан өткізіңдер, қорғауға жіберіңдер, тым құрыса қорғауда құлайық» дедік. Бірақ ол да болмады.
– Сіз «біраз жылдан бері жобаларымды өткізе алмай келемін» дедіңіз, сонда жыл сайын осындай кедергілерге жолығасыз ба?
– Негізі бұрынғы басшы Гүлнәр Сәрсенованың кезінде дәл бұлай бассыздық болмайтын. Біз құжаттарды жіберген соң азды-көпті ақауларын өзімізге ескертетін, біз соны талапқа сай етіп қайта жасайтынбыз. Ал қазіргі істеп отырғандары – Қазақстандағы күштік құрылымдардың ісі сияқты. Митингке шыққанның бәрін «заңсыз» деп, қолын бұрап, ұстауға дайын тұратын. Бұлар да дәл солай «заңға сәйкес емес» дейді де жобаңды өткізбей тастайды. Қарсы уәж айтсаң, сені «халық жауы» көреді. Анығында «Ұлттық киноны қолдау орталығы» тек оператор сияқты болуы тиіс, есепшотына түскен ақшаны тиісті компанияларға бөліп беріп, соның игерілуін қадағалау керек. Ал бұлар өз құқығын асыра пайдаланып, «өзі би, өзі қожа» болып алған.
– Құжат қабылдауды дәл бұлай қиындатудың себебі не деп ойлайсыз?
— Мұның төркінінде жемқорлық жатыр деп ойлаймын. Мысалы, мен былтыр дәл осылай итшілеп жүріп құжаттарымды өткізіп, қорғауға іліндім. Жақсы қорғадым, жұрттың бәрі мақтады. Бірақ өткен жобалардың тізімінде болмай шықтым. Неге өтпедім, сарапшылар қандай пікір айтты, оның бәрін ашып айтпайды, «өтпедің» дейді, болды. Былтыр үш анимациялық студия сотталды, айыптарын мойнына алды. Осыдан кейін қалай «жемқорлық жоқ» деп айта аласыз. Жігіттер мұның бәрін тізіп, тиісті орындарға шағым жасаған болатын, бірақ одан нәтиже шықпады, бар айтатыны – «тексеріп жатырмыз» дейді.
Жақында әлеуметтік желілерде Қосубаевқа қатысты құжаттар жарияланды, онда «Қосубаевтың басында 500 миллионнан астам қарызы бар, барлық есепшоты бұғатталған, шетелге шығуына тыйым салынған» делінген. Сонда Қосубаев жалақыны қалай алып отыр? Міне, осы сияқты күдік тудыратын жағдайлар өте көп.
Тоқетерін айтқанда, жасыратын ештеңесі жоқ, мұның бәрі бұрынғы министр А.Мұхамедиұлы, оның басшысы Н.Назарбаевтың жасап кеткен былығы, сол батпаққа әлі белшемізден батып отырмыз. Қолданыстағы заңның өзі қыңыр, қисық, біріне-бірі үйлеспейді. Ал «комиссия құрдық» дегенінің бәрі көзбояушылық.
Түйін: Жобаларын өткізе алмай шырылдап жүргендердің көбісі «қолданыстағы заңды өзгерту керек» дейді. Сөз басында айтқанымыздай бұл заң бұрынғы министр А.Мұхамедиұлының кезінде қол қойылған. Одан бері де біраз уақыт өтті, үш министр ауысты. Не істегені белгісіз А.Райымқұлова келді де кетті, «үңгірдегілер» деп өзімізге ұрсып, Д.Абаев ол кетті. Енді, міне, «ең жас министрлердің бірі» деп «жұрт мақтаған» А.Оралов келді. Бірақ осы заң өзгермей-ақ қойды. Ораловтың сылбыр қимылына қарап, ескі сүрдекке түсіп, «алдыңғы арбалардың» жолымен кетіп қалмай ма деп күдіктенеміз. Үмітіміз де жоқ емес...
Біз біреуді жақтап, екінші тарапты орынсыз даттаудан аулақпыз. Көргенімізді қаз-қалпында жаздық. Тек түйткілді түйіндер оң шешімін тапса дейміз. «Ұлттық киноны қолдау орталығына» бөлінетін ақшаның бәрі халықтың қаражаты. Салық төлеушілердің «қан мен тері» өз орнымен, лайықты жұмсалса екен дейміз.