Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:58, 20 Қазан 2022

Қазақ агроөнеркәсібінің жаңа белестері қандай?

None
None

Агроөнеркәсіп деген Қазақстан экономикасының негізгі драйверлерінің бірі. Биылғы жыл қазақстандық аграрийлер үшін сәтті болды.

Егіс науқаны да, орақ науқаны да оңтайлы уақытта жүргізілді.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық дерлік түрлері бойынша өте жақсы астық алынды.

«Егер Қазақстан алқаптарының негізгі байлығы – дән туралы айтсақ, оның жиынтық орағы 22,1 миллион тоннаны құрады. Оның 16,4 миллион тоннасы бидай. Соңғы он жылдан бері бұл ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды», деген екен қарашаның соңғы жексенбісі – ауыл шаруашылығы жұмысшыларының кәсіби мерекесіне орай «Казахстанкая правда» газетіне берген сұқбатында ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Қазір майлы дақылдарды жинау науқаны аяқталуға жақын қалды. Егіс алқаптарының 98 пайызы орылып, 2,8 миллион тонна майлыдәндер жиналды. Бұл деген өткен жылдың көрсеткішінен 42 пайызға жоғары болып отыр екен.

Жиналған картоп өнімі былтыр 3,6 миллион тонна болса, биыл 4 миллион тоннаға жеткен екен. Әсіресе ұйымдастырылған шаруашылықтар жақсы нәтиже көрсетті, олар биыл 2 миллион тонна картоп алып, бұл былтырғы өнімінен 100 мың тоннаға артық болды. Сосын жалпы көкөніс өнімі 17 пайызға көбейіп, 4,9 миллион тоннаға жетті дейді министр.

Шаруалардың мұндай жоғары нәтижеге қол жеткізуінің бір сыры – дер кезінде көрсетілген мемлекеттік қолдау шаралары. 2022 жылы өткен 2021 жылмен салыстырғанда барлық субсидиялардың көлемі 20-дан астам пайызға көбейіп, 451 миллиард теңгені құрады. Соның арқасында сыртқы экономикалық-санкциялық соғыстардың еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне теріс әсері қатты тие қоймады.

Мемлекет басшысы өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деген Жолдауында үкіметке Қазақстанның ауыл шаруашылығының дамуына кедергі туғызатын түйткілдерді жоюға бағытталған бірқатар тапсырмалар берген болатын. Президент тапсырмаларының бірі отандық аграрлық тауар өндірушілерді субсидиялаудың ұзақ мерзімді тетіктерін ойластыруға қатысты болды. Экономикада жағдай өзгергенде, өндірісті ынталандырудың тиімді құралдарын тауып, бюджет қаражатын тиімдірек пайдалану үшін субсидиялау жүйесін реформалау қажеттігі туындайды. Ашығын айтқанда, субсидиялаудың қазіргі жүйесі жемқорлыққа жағдай тудыруда. Министр Қарашөкеевтің сөзінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің кешенді тексерулері осыны әшкерелеген. Бірақ ауыл халқының консервативті ұстанымдарын ескерсек, субсидиялаудың қазіргі жүйесін жойып, жаңа жүйеге көшу оңай атқарылатын міндет болмайды. Сол себепті ауыл шаруашылығы министрлігі бірден түбегейлі қадамдарға бармай, субсидиялау жүйесіндегі жемқорлық тәуекелі жоғары, тиімдігілі төмен бағыттар мен әдістерді кезең-кезеңмен біртіндеп өзгертуге кірісті.

Біріншіден, субсидиялау жүйесі мемлекеттік негізгі дерек базаларымен байланыстырылған жаңа цифрлық платформаға көшірілуде. Бұл бір жағынан фермерлердің субсидия алу үшін ұсынуы тиіс құжаттар санын қатты азайтады, екінші жағынан жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін адам факторының ықпалын барынша төмендетеді. Оның үстіне, бұл жүйе мемлекеттік, сондықтан оның барлық қызметі субсидия алушылар үшін тегін болады.

Екіншіден, бұқа мен қошқарды арендаға алуды субсидиялау сияқты жемқорлығы жоғары мемлекеттік қолдау түрі жойылады. Сонымен қатар, ұңғымалар мен құдықтарға арналған құрал-жабдық құны субсидсияланбайды. Есесіне жайылымдарға құбыр тарту, бұрғылау мен құдық құрылысына қажетті шығыны үлкен жұмыстарға субсидиялау сақталады. Жымқыру мен бюджет қаражатын заңсыз алуға жол беретін аударылатын өтінімдер, субсидияның аванстық төлемдері деген нормаларды жою ұсынылуда.

Үшіншіден, тең бәсекелестікке жағдай туғызу мақсатында субсидиялаудың жекелеген нормативтеріне түзетулер енгізілмек. Сонымен бірге отандық ауыл шаруашылығы машина құрылысын дамыту, қант өнеркәсібі мен тұқым шаруашылығы сияқты басымдық берілген бағыттар бойынша инвестиция тарту ынталандырылады.

Төртіншіден, субсидия алушылар жекелеген индикативтік көрсеткіштер бойынша міндеттеме алатындай норма енгізіледі. Бұл норма бюджет қаражатын пайдаланатын фермерлердің жауапкершілігін арттыруы тиіс.

Ең бастысы, мемлекет тарапынан бақылау функциялары күшейеді. Бұл дегеніміз, субсидиялау нормативтері ғылыми және экономикалық негіздемелер арқылы тағайындалады.

Биыл мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша пайдаланылмаған немесе тиімсіз пайдаланылған 5,15 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бақылау күшейсе, жер пайдаланушылар да өз жерін дұрыстап пайдалана бастайды. Тиісті ескертулер берілгеннен кейін бұрын босқа жатқан 1,8 миллион гектардай жер шаруашылық айналымға тартылды. Міне, жер инспекциясының жұмысының нәтижесі. Мемлекетке қайтарылған жердің 94 пайызы жеке шаруашылық жүргізуге арналған жайылымдық жерлер.

Ауыл шаруашылығындағы кооперациялар мәселесінде қордаланып қалған түйткілдер кө. Кезінде өзіміз жол беріп қойған қателіктеріміздің салдарынан ауыл халқы кооперация идеясын құптамайтын болды. Алайда Жамбыл облысында өзара кооперация құрып, жұмысын сәтті жүргізіп отырған шаруашылықтар бар. Солардың сәтті мысалдарын басқа облыстарға да таратып, дәріптеу керек, соңын кезекті науқаншылдыққа айналдырмай, нақты нәтижеге жетуіміз керек. Шындығында кооперацияларды дамыту – өндіріс тиімділігін арттыратын нақты да мықты тетік. Дамыған елдердің тәжірибесімен дәлелденген нәрсе. Біз де сол жолмен жүруіміз керек.

Соңғы жылдары елімізде жаңа ауыл шаруашылығы техникасының үлесі өсіп келеді. Мысалы, 2017 жылы жаңа техниканың үлесі небәрі 1,9 пайыз болса, 2021 жылдың қорытындысы бойынша бұл үлес 4,3 пайызға жеті. Мемлекет басшысы бұл көрсеткішті тағы екі есеге арттыру мақсатын жүктеп отыр. Қазір фермерлерге лизинг, лизинг бойынша кредиттер ставкасын субсидиялау, инвестициялық шығындарды өтеу сияқты жаңа техника сатып алуға көмектесетін ең тиімді тетіктер ұсынылуда. Биыл тамызда «Жасыл даму» АҚ есебінен отандық ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен несие беретін бағдарлама іске қосылды, оған 40 миллиард теңге бағытталды. Ставкасы жылына небәрі алты пайыз, бастапқы жарна төлеу қажет емес. Оның тиімділігін фермерлер бірден бағалады, жарты жыл өтер-өтпес уақытта лизингпен 1068 дана техника сатып алынды. Мұндай бағдарламалар «Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасында» міндетті түрде жалғасын табатын болады.

Биыл елімізде қант дағдарысы туындады. Санкциялық шектеулердің саладрынан. Импортқа тәуелдікті азайту үшін министрлік қызылша өндірушілеріне толыққанды қолдау көрсетуге дайын. Қант саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы әзірленіп, бекітілді. Қант қызылшасы алқаптарын қазіргі 12 мың гектардан 38 мың гектарға дейін жеткізу көзделуде. 2023 жылдан бастап өңдеуге өткізілген қант қызылшасының бір тоннасына 40 мың теңгеден төленеді. Мұндай жоғары баға қант қызылшасын өсірушілерді ынталандыруы тиіс. Алайда қант қызылшасы су сұрайтын көкөніс. Оны өсіру үшін фермерлерді суғарумен қамтамасыз ету қажет. Сол себепті қызылша алқаптарын 60 мың гектарға дейін суғарылатын алқабы бар Павлодар облысына көшіру мүмкіндігі қарастырылуда.

Қазақстанның агроөнеркәсіп саласында жүргізіліп жатқан саясаты ең алдымен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде Қазақстан өзін өз картобы, қияр, ұн, макарон өнімдері, күріш, жұмыртқа, күнбағыс майы мен сиыр етімен 80-100 пайызға қамтамасыз етеді. Ал тауық еті, алма, шұжық өнімдері мен балық сияқты азық-түлік бойынша импортқа тәуелдіміз. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымы мен Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жобасы азық-түліктің импортқа тәуелдігін азайтуды көздейді.

Тегтер: