Қазақ билігі неден қателесті?
«Ресейге осы Қазақстаннан не керек?» деген үлкен сауалға қазақстандық саясаткер, экономист Петр Своик ZonaKZинтернет газетінде жауап берген екен.
Сарапшы былай дейді:
Ресей Қазақстанды әлсіз жерінен шап берді
– Лавровтың өткендегі мақаласына байланысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігі үндемейді. Өйткені ол Лавровтың жазғанымен не келісе алмайды, не «Лавров, сіздікі дұрыс емес» деп, оған қарсы бірдеңе де білдіре алмайды. Лавровқа жергілікті ұлтшылдар мен кейбір басылымдар жауап қатты, сонымен тындық. Жалпы, Қазақстанда ұлтшылдыққа қатысты сонша бір әкетіп бара жатқан мәселе жоқ, кейбір түкпірде болмаса… Тіпті, КСРО-ның өзі ұлттық құрылым болып еді ғой. Халықтар түрмесі болған патшалық империя үш күннің ішінде-ақ күйрегеннен кейін 25 жыл бойы азаматтық соғыс жүрді. СССР неден құралды? Орталықтың билігі қанша күшті болғанымен, ол негізінен, одақтас ұлттық республикалардан құралды. Технологиялық тұрғыдан еуразиялық кеңістікті осылай реттеген дұрыс еді. Өйткені КСРО күйрегенімен, катастрофа болған жоқ, бірен-саран жердегі соғысты айтпағанда… КСРО тым жеңіл тарқасты. Тіпті, ол ешқайда кетпегендей, тура сол орнында әлі тұр, тек қазір басқаша жұмыс істеп тұр демесеңіз… Ұлттық құрылым өте тиімді болып шықты.
Бірақ 100 пайыз моноұлттық Арменияда, сол сықылды Грузия, Әзірбайжан, Ташкентінен өзге жерін түгел өзбек жайлаған Өзбекстанда бүкіл билік, бар бизнес өз ұлтының қолында. Ал Қазақстанда сәл басқаша. Сол принципті біз де көшіргенімізбен, Қазақстан, біріншіден, көпұлтты екен. Екіншіден, ол орыстілді. Білімді қазақтардың басым бөлігі орыстілді, шыны керек. Ал бүкіл билікте бастан-аяқ дерлік қазақтар отыр. Өзге ұлттың өкілінен басшылыққа қойылған бірен-сарандар бәрібір қазақтың ережесімен жүріп-тұрады. Иә, біздің билік толығымен қазақтікі. Бизнес те қазақтікі. Грузиндер, армяндар, өзбектердікі сияқты. Бірақ елдің өзі онша қазақша емес. Ол орыстілді. Содан біз әлгі елдер сияқты бола алмай отырмыз.
Бізде қазақ тілінің мемлекеттілігі жоқ. Отыз жыл тыраштансақ та, түк шықпады. «Қазақ тілін білу — әр қазақстандықтың парызы» деген тіл туралы заңдағы талап жұмыс істемейді. Ұлтаралық келісімнің маңызды факторы еді бұл. Әрбір азамат қазақ тілін меңгермесе, ұлтаралық келісім қайдан болсын? Үкіметке қара, парламентке қара, әкімқараның бәріне қара – кілең қазақ. Ал тірлігіміз қазақ пен орыс тілінің екі ортасында ілініп-салынып тұр. Бұл – Қазақстанның ең әлсіз жері. Ұлттық тәуелсіздік – біздің ең биік құндылығымыз. Қазақстан көздің қарашығындай қорғауы тиіс басты байлығы еді. Ол Қазақ хандығы құрылған 500 жыл бұрын пайда болған шығар, әлде КСРО құрығанда пайда болған шығар. Шындығында, қазақтың ұлттық тәуелсіздігі тек кадрлық саясатта ғана көрініс тапты.
Бұрын кадрлық мәселелерді Мәскеу шешсе, енді оны өзіміз шешетін болдық. Назарбаев билікті Мәскеудегі политбюроның қолынан алды. Ал қазағың, армян, өзбегің – не істесең, соны істе деді. Бірақ біздің сонда да тәуелді болып қалғанымыз қызық. Бізде негізінен, шикізат өндіру саласы дамыған, одан басқа өндірісіміздің дамымай қалғандығынан Ресейге қатты тәуелдіміз. Ойбай, Ресейге тәуелді болмай-ақ қояйық десек, онда Қытайға не Түркияға тәуелді боп шыға келеміз. Қайда қашсақ та, тәуелді боламыз біреуге… Біз шетелдік инвестицияларға тәуелдіміз, қай жақтан келіп жатса да… Ақпараттық кеңістікке тәуелдіміз, орысшасы болсын, ағылшыншасы болсын. Өйткені «Хабарыңның» сиқы анау. Қарап отырсақ, түгел тәуелдіміз.
Айтпақшы, біз тағы мынау орыс әлеміне де тәуелдіміз, өйткені қазақ әлемі халықаралық кеңістікке орыс тілі арқылы шығады. Қазақша-қытайша деген көпір жоқ бізде, мәселен. Баян-Өлгейдегі қазақ-моңғол арасында ондай көпір бар. Қазақша-түрікше деген көпір жоқ. Тіпті, түрік әліпбиін қабылдай салып, ақырындап түркі тілдеріне жақындаудың орнына біз өзімізше әліпби құрастырып, қуып кеттік. Ал кадр мәселесінде, кімді қайда тағайындауда шын тәуелсізбіз. Сол жерімізден Мәскеу бізді шап беріп ұстады, керек десеңіз. Қаладағы қазақ билігі ауылдағы шын қазақ, түпкі қазақ үшін тым бөтен. Тым әділетсіз, тым мейірімсіз, мүлдем әділетсіз. Қаладағы орыстілді қазақ пен орта тап қана бұл билікпен бітісіп, мәз-мейрам күй кешуде.
Ауылдағы қалың қазақ депрессияда, сосын, қазақ билігі жемқорлыққа белшеден батқан. Одан басқа да талай сұмдықтарға әбден былғанған. Қазақ халқының бар қиындығына осы қазақ билігі ғана кінәлі. Бәрі қазақша біледі деген фактордың айналасында мемлекетті ұйыстыра алмадың екен, ендеше, басқа бір фактор ойлап табуы керек еді. Қазақ тілі басты болсын, бірақ азаматтық қоғам деген принциппен қостілділік жариялап, соның маңайында ұлтты ұйыстырайық деп те ешкім айта алмайды. Батпайды, бармайды ондайға… Ананы да, мынаны да мойындамай, қорғанып келе жатқанымыз – біздің әлсіз жеріміз.
Ресейге Қазақстаннан не керек?
– Иә, Ресей Қазақстанды ең әлсіз жерінен шап беріп ұстап тұр. Бұл –жаңағы ұлт мәселесі. Ал Ресейге Қазақстаннан не керек десеңіз, мынаны айтайын. Тәуелсіздік, экономиканың бөлінісі, әрбір республикада өзіне шетелдік инвесторларды кіргізе алатын экономикалық еркіндік бар. Мысалы, Қазақстанның мұнайын қазір АҚШ, Еуропа, Қытай мен аздап Ресей өндіреді. Мұның бәрі 30 жыл бұрын негізі қаланған дүниелер. Осы бір жүйе әлі жұмыс істеп тұрса да, оның дәурені бітіп барады. Оның орнына не келеді? Әлем тағы бөлініп жатыр. Кемінде үш ірі бөлікке бөлінеді. Алдыңғы қатарға үш ойыншы шығады. Бұл соғыс емес, бір-бірінен оқшаулану емес, бұл әлемді жаңаша бөлу болар. Үш түрлі әлем бір-бірімен жаңаша саудаласа бастайды. Ондағы ең басты сауданың бірі – энергия.
Қазіргі адам энергиясыз өмір сүре алмайды. АҚШ-тың өз энергиясы өзіне жетеді. Бірақ ол мұхиттың ар жағында, ол өзінің серіктестеріне сата алмайды, көмектесе алмайды. Ал АҚШ-тың филиалы ретіндегі Еуропаға энергетикалық ресурстар жетіспейді. Сол үшін батыс күн мен жел арқылы өзінің тәуелділігін төмендетуге барын салуда. Қытайға да энергия жетіңкіремейді, ол да жан-жақтан өзін энергия ресурсымен қамтамасыз етуге барын салады. Ал енді Ресей бастаған Еуразия кеңістігінің энергия өндіру мен онымен қалған әлемді қамтитын мол мүмкіндігі бар, сол көзірді қазір Мәскеу тиімді етіп ойнатуға тырысуда. Қазақстан сол энергетикалық кешеннің бір бөлшегі, бірақ қазір тәуелсіз мемлекет болып отыр.
Мұнай Ресей құбырлары мен терминалдары арқылы негізінен, Еуропаға кетеді. Ал Қазақстан арқылы өзбек пен түрікмен газы Қытайға барады. Осы бір көзір болашақ Еуразия әлемінде орталықтандырылуы керек. Қазіргідей-ақ жұмысын істей берсін, қазақтар-ақ атқарсын жұмысты, бірақ Ресейге оның бәрінің орталықтандырылғаны керек. «Газпром» неге еуропалық газ құбырларының барлығын кез келген текетіресте жеңе береді? Өйткені ол мемлекеттік монополия. Оған қарсы бөлек-салақ болып жүрген нарық ойыншылары түк істей алмайды.
Электр энергиясы да маңызды ресурс. Оны Еуразия тым алысқа таси алмайды, бірақ ондай байлық та бізде жетеді. Сол себепті Ресейдің электр энергиялық жүйесі Орталық Азияның жүйесімен біте қайнасып жұмыс істегені міндетті, дәл ортада Қазақстан тұр, ендеше, Қазақстан арқылы ортақ жүйені біріктіру керек. Ресейге ортақ нарық керек, 2025 жылға онсыз да жоспарланып қойған ортақ энергожүйе қажет.
Ауғанстаннан Американың кеткені де зор оқиға. Ол жерде енді үлкен бастық жоқ. Енді Ауғанстан бағытында, әрине, Қытай мен Ресей жұмыс істейді. Ресейге Ауғанстанмен бұрынғы кеңестік елдер арқылы жұмыс істеу керек, ал Өзбекстан, Түрікменстан немесе Тәжікстанмен байланыс та Қазақстан арқылы жүреді. Ресейдің олармен тікелей қатынасы жоқ. Қысқасы, алыс-жақын болашақта Қазақстан лажсыз жаңа үлкен ойынның қатысушысы болады. Қазіргідей көпвекторлық саясат түрінде емес, таза еуразиялық форматта. Лавровтың кешегі мақаласын осылай оқу керек, меніңше, – дейді саясаткер.